Ақын Батырхан СӘРСЕНХАННЫҢ «Мәңгілік гүл» кітабына шолу
«Сен жоқта жүрдім мен жолдармен не түрлі,
Аламан жастықтың бағында теңселіп.
Ол күндер паровоз түтіні секілді,
Бәріне сүйініп, бәрін де еңсеріп келемін.
Қызым, сен өзге бол менен де,
Шалдықпай салғырттық аталар індетке.
Еш әуес болмағын жазу мен өлеңге.
Содан соң
Өзіңді сүйгенді құрметте!». «Хадишаға» деп жазылған осы өлең
*» Сен жоқта»* деп аталады. Ақ өлеңмен жазу үлгісін өте жоғары дәрежеде меңгерген ақын Батырханның қай өлеңіне де ұзақ қарап, таңдана отырып оқимын. Қызына айтқан өлеңнің соңғы шумағындағы өсиет ойлар жас жігіттің емес, бейне бір көп жасаған адамның сөзіндей әсер береді.
*» Димаш Құдайберген жайлы ода»* деген өлеңінде:
«Желке тұсы, кірпігі, қарашығы,
Ән салады мейірі, жаны ашуы».
«Ән салады бешпенті, алақаны,
Ой жанары, сана іші, жан отауы,
Күбірлесіп тұнжыр кеш дұға оқиды,
Бір әуенмен қызғылтым таң атады.
Ән салады түйсігі, түймелері,
Көктем бейне *аспанкөз* түрге енеді».
Күмбез дүние әнімен буланады,
Ол тек қана армандай білген еді. Жырда мені қызықтарғаны- жас ақынның соны бағыт алуы. Батырханның оқығанын оқымай, түсіну қиын тұстар көп, әйтсе де, үңіле қарасаңыз, одан тапқыңыз келіп, таба алмай жүрген қымбат нәрселерді көресіз. Таптым деп қуанасың. Сен ол баспалдақпен жүрген жоқсың, ол теңізді кешпедің де. Ол жүрген жалғыз аяқ жолды басқан жоқсың, ол қараған ақылды аймен таныс емессің. Бірақ танитын да сияқтысың. Өлеңнің құдыреті де осы.
*»Мәңгілік гүл»* жинағы бір төбе. Батырхан ақынның *»Мейірім ғаламшарын»* алғаш оқығандағы әсерім тым бөлек болды. Баршаға мәлім, бірақ қоғамда елеусіз қалған тақырыпты осылай өзектілікке көтере жырлаған тұңғыш қазақ ақыны Батырхан деп бағаладым. Бұл тақырып талай айтылған да, жырланған шығар. Ал, ол Батырханда бөлек. «Мейірім» *ғаламшармен* қалай байланысты?! Мейірімге шөлдеген ғалам бейнесі, жас ақынның нәзік жүрегінде өмір сүрген мәңгілік сезім образымен дастанға айналыпты. Әр ақынның да өзіне тән қыры бар. Ал, Батырханның жазу қыры көп екен. *»Мейірім ғаламшарындағы»* зерттеу нысаны жалғыз емес. Өмір мен өзің, талап пен тағдырың, тұғыр мен самғау бір адамның басынан өтіп, бүкіл адамзаттық болмыстай елес береді. Жастық, аңғалдық, сенім мен сенбеу, өзгеру мен өкіну, өткен мен болашақ, жалғыздық пен бүтін әлем, сұрақсыз жауаптар, екшеу мен еріксіздік-осының бәрі жиылып бір поэманың жүгін арқалап тұр десек те, ондағы индивидтік таным мен талғамға оқырман іштей ғана сапар шегіп, өз тұжырымын жасайды.
Батырханның жырлары-ай десеңші!
» *Ымырт*» деп аталатын өлеңінен:
Көз ілерде көрпемді қымтап алып, ойланам ғұмыр жайлы.
Өткен жайлы, болашақ, бүгін жайлы.
Неге күн баяғыдай күлімдемес, неге түн, былтырғыдай құбылмайды?
Әдемі риторикалық сұрақтар анафоралық қайталаумен селт еткізеді. «Ойланам өткен жайлы, болашақ, бүгін жайлы»-деп, шын өмірдің суретін сала қояды. Батырхан ақындағы дараланып тұратын шеберліктің бірі — қайталау әдісінің өзіне тән тәсілмен өрнектелуі.
«Белгілі ай атауы, жыл атауы,
Белгісіз тек тағдырға кінә тағу.
Жол міндеті-дәл бүгін саған бастау,
Қол міндеті- құрметпен гүл апару. *Міндет*, *Атау* сөздерінің қайталанып, *белгілі* сөзінің қарама-қарсы мағынада жұмсалуы кісінің ой назарын еріксіз өзіне аударады. Тақырып ымырт жайында. Ал идея қаншама! Онда сырғыған уақыт та, күйбең тірлік те, жалт еткен сезім де бар. Өмірдің *жауабы күрделі* сұрақтарына ой жіберу де осында. Бүтін бір өмірді бір тақырыпқа жеп-жеңіл қалай сыйғыза салған?!
Батырханның интеллектуалдық байлығын өлшеммен беру қиын. Бір шығармасында он ақынның туындысында келетін кереметтерді кездестіресің де, таң қаласың. Шығармалары несімен бай дегенге бір мысал:
«Айталық қарашаны түні басым,
Кім келіп жұбатты екен жан жүрегін,
Кім келіп бөлісті екен шұғыласын?
Сұрша таң серпісе егер *мола түнді,*
Қалаға күшігіммен баратынмын.
*Айталық* деген анафоралық баяндауыш сөйлемнің басында келіп, тағы да риторикалық сұраумен жалғасады да, *мола түн* деген жаңа сөз жасаумен тиянақталады. Батырхан ақынның бір шеберлігі- шығармаларында ұдайы жаңа сөз жасап отыратындағы.
«Бір әуенмен қызғылтым таң атады.
Ән салады түйсігі, түймелері,
көктем бейне *аспанкөз* түрге енеді. Бұл екінші жаңа сөзі. Автор қиялындағы оқырманға беймәлім кей сөздер оның шексіз білімінен хабар береді. Білім мен дарындылық. Ол жарқыраған қабілетке айналыпты.
Отанды ақын қалай жырлады десеңіз, өзгеше және бөлек.
» Мен сенде өскенмін әзелден жусанның шебінде,
Көргенмін жау шауып қаңсыған даланы.
Көргенмін бұрымы ойнаған аруды белінде, көргенмін қаһарман әйелді қаралы. Міне, бір шумақ. Бүтін бір ұлттың арғы-бергі тарихы мен болмысы тұр. Отан деген ұғымға кірер құндылықтың әрбір деталін қалдырмай, *»Осы менің отаным!»*-деп тұр ғой.
Отаным,
Тулаған үйірдей тұманда кісінеп,
Ішінен атыз бен қорған, бек қамалдың,
Жөңкіліп көкала бұлттардай қасірет,
Міне, сен, ешқашан өлмеуге жаралдың!»-
депті. Ж.Молдағалиев айтқан *»Мың өліп, мың тірілгеннің»* Батырхандық түрленуі осылай. Ақын ұғымындағы *отан*- қазақтың, қазақ болып жаралғаннан бергі болмыс тарихы іспетті.
«Жабырқау, жабырқау күз өтті,
Ағаштар есінер қалжырап.
Күн сайын тәлімді, ізетті болуды қалаймын. Ал бірақ, неліктен? не үшін? не себеп? сан сұрақ басады еңсені». Осыны мен де айтып тұрғандаймын. Көптің көңіліндегіні дөп басып айту бар.
Маңызсыз, дарынсыз дарынды,
Темір ме, тіл ұшы семсер ме?
Мен кеше сүйкімді жарымды, қиялдан жасалған өлшемге сыйдырмақ болыппын. Ол деген әйел ғой, әйел ғой, бауырлар!
Тамағы, қолы бар көлденең, тісі бар кей-кейде ауырған.
Әркімді жөтелі, жүйкесі, жөнімен қабылдау керегін сезінген, сезінген күйде осы, жақсылық барына сенемін!
Біз білетін өмірдің боямасыз, қарапайым қалпын әлемдік қалыпта қалай әдемі көрсете білген!
*»Лирика»* деген өлеңнің ll нұсқасында мына шумақ тартымды.
Бір шәйнек қайнай береді ешкім ішпейді бірақ.
Мен үнсіз ойлай беремін,
Соңына түспеймін жылап.
Бұлыңғыр қараша кеші, өзге етіс адамның жаны.
Сезімге бола сөнбеші,
Сезім ол- зиянсыз дәрі.
Өшеді Неонның шамы,
Көшерміз бұлттармен долы.
Құрмалас адамның жаны, тоғыз қыш, бөз мата соңы.
Неге осы ойлай беремін?..
Соңына түспеймін жылап.
Бір шәйнек қайнай береді, ешкім де ішпейді бірақ. Адамның жаны өзгелік етіс, бірде құрмалас болатыны рас қой. Бірақ соны осылай айту, ол- Батырханның қолтаңбасы. Өлеңдерінде мектепте оқылған пәннің барлығы бар. Оны өлеңдерін оқығанда көресің. Өлең 25-ақ қатар. Бейне бір поэмадай салмақты. Аз сөзбен көп мағына беретініне бір қызықсам, ешкім бермеген ойды ұсына алатындығына тағы тамсанам. Терең білім, тың идея, соны көзқарас, жаңа қайталау, көнені ұмытпау, айта берсең таусылмайтын ресурс.
«Жұлдыздарды көрдің бе аспандағы,
Ол-менің үміттерім.
Сынар болса *ғұмырдың баспалдағы,* *ғарыштың түріп көгін,* айғай салам,
Әй,әй,әй, жұлдыздарым, сөнбеңдерші!
Мен әлі мұнарамды тұрғызбадым, мен әлі күбірлесем ғашық жармен,
Қалжыңдасам қатулы ғасырлармен.
*Байсын маң,*
*Бадамша бел,*
*Буалдыр бақ,*
Телегей сенімімді суалдырмақ,
Жұлдыздар, ел жылар ма ер құласа, жұлдыздар, көрмеңдерші мен жыласам!
Ең әдемі әсерлегіші- *авторлық эпитеттері.* Бір өлеңінде 100 өлеңнің айтары бар ақынның әр жырында біз көрмей, біз талдамай кеткен тұшымды тармақтар қаншама!
*»ҒАПЫЛ»*- тіптен де керемет өлең.
Өтті, -деді өмірден, сол адамды…
Сыры қалды, бөз қалды, сарай қалды,
Сарай іші ақтүтек борай қалды, мен ойландым:
демек, оның күдігі, күлгені өтті, өксігені, өпкені, дүрмегі өтті, ән салғаны, әрнеге тамсанғаны, қуанғаны, қажыған, шаршағаны, *шілде ішінде, қыркүйек, қарашада, көнермеген сезімін еске алғаны,* естелігін өткеннің жастанғаны, жұмыс күні құрбыға кешіккені, дүйсенбіде жоспары басталғаны,
Әдепкіде әлдекім » әй» дегені, әріректе суынған ой дерегі, әмиянын салғаны төс қалтаға, әуезімен әдемі сөйлегені, *өтті бәрі өкпесі өзге адамға,*
Үңілгені сарғайған жазбаларға, үңілгені сарғайған альбомына, *сағыныштың күлтесі маздағанда,* терезеден күмістей қар жауғаны, *алдағаны, өзінен алданғаны,*
Өрілмеген, өрілген қыз бұрымы,
Сыбыр сөзі, көктемгі, күзгі мұңы.
Өтті бәрі, бауырлап көшкен бұлттай,
*Өтпегені- бір уыс ізгілігі…*
Бұдан артық қалай айтарсың?!
Адамзаттың ғапылдығын өте ғажап жеткізіпті. Өзің ойланып қаласың. Шешімге келесің. *Алдағаны, өзінен алданғаны*- деген қандай керемет тармақ!
Шындығында, адам баласы, ең әуелі өзінен көбірек алданып, өзінен көбірек жеңілетінін тіршілікте ұғына бермейтінін Батырхан Сәрсенхан дәл түсіндірген. *»Мәңгілік гүл»* жинағының келесі бетіндегі өлең де сондай ойлы.
Маңында *»Алматының мола тұрар,* ішінде төленбейді жалақылар, ішінен мүлік салық алынбаған, ішінде тыныштықтың сағаты бар». Бір шумақ-мың түйін секілді.
«Оянбас генералдар тілдесуге, оянбас жұбайлары жоқтасуға.
*Егер де бітер болса бір күн* бәрі;
күлкілі талдың көкке ұмтылғаны,
Күлкілі бөтелкелер дүңгіршегі, және де мақтау қағаз цифрлары.
Мұнда да *күлкілі және оянбас»* деген жазудағы тиімді қайталаулар өлеңді өзгеше етуге үлес қосып тұр.
*»Маңында Алматының мола қалды,*
Молада елжіреген бала қалды,
Білмеген сұлулықтан бас алуды,
*Сүймеген күнтізбеге қарағанды…* Дүниенің жалғандығын тұрмыстық сөздер түсіндіре алмаса да, осынау жырдағы шыр-пыр шындық мәжбүр мойындатады. Адам тәрбиелеудің бұдан асқан күшті құралын қайдан табасың?! Сөз құдыретті, егерде қозғау сала білсе. Жатталса, көкейде, жадыда, амал-әрекетте.
«Келеді алыс таң атып,
Алмасып ақырын кезек.
Сеніңше, он бірде жатып, сегізде ояну қажет.
Тосын ба моторсыз волга, сүйкімді бөтен мен бөлек.
Сеніңше, жиналыстарға, үнемі кешікпеу керек.
*»Тек мені, қымбаттым, кешір, соғу бұл өзіңді тасқа.*
Алдымен бөлшекті өшір,
Содан соң бүтінді баста!
Әдеттен тыс, озық бағыттар! Қалыптылықты қабылдай алмау қазақтың әр феноменінде болған. Батырханның *жыры батыл, ойы тәуелсіз, қадамы анық.* Оған қарсы келу де мүмкін емес.
*» Эпитафия»*- ақынның керемет жырларының бірі. Өте жақсы көріп оқимын.
» Сейсенбі,
Сәрсенбі,
Бейсенбі, сенбі
Сен үшін бақырдай бағасыз енді.
*»Біз неге оқыдық жасқану пәнін?*
Біз неге таңдадық аспашам сөзін,
Біз неге санадық халықтың санын?
Ғұмырды кешудің, қонудың ізге,
Шындығын үлкендер айтпады бізге,
Шындығын пейзаждар айтпады қолға, шындығын айтпадық момақан түзге.
Буалдыр уақыттың бүркеген жолын, өкінем өткенге қаймығу пәнін,
Сейсенбі, сәрсенбі,
Бейсенбі, сенбі, *ұстаның қолымен соғылмас енді».* Не түсініп, аңғардыңыз, оқырман?! Нені түсіндірсе де бекер емес.
*» Өткір емес қайшыда сес болады»* Көркем шындық-ау!
«Өмір мәнін білгенде қас өледі.
Естегі мен ойдағы өршеленер,
Жақсы іске орнықса кеңсе берер,
Көрінгеннің
сипатын сүймегендер,
*Сүйе де алмас Тәңірді көрсе де егер!*
Қандай әдемі айтыпты! Пенде біткеннің өзге тұрмақ, өзінен тапқысы келмейтін кемшілігі жырда жақсы жымдасқан. Тағы да ащы шындықты жеңіл жеткізу бар. Бұл жағынан Абай ақынның маржан философиясына ұқсастық көрінеді.
» Қандай ауыр, жолдар бізді, уақыт бізді тез екшейді.
Қандай ауыр, қалған ізді, келген жылдар көзі етпейді.
Қандай ауыр, қабырғаның, кеудесіне тіл бітпейді.
Қандай ауыр, бауырларым, күрсінгенін білдіртпейді.
Қандай ауыр күлетіні, сыңары өлген қарындас та.
*Қандай ауыр шын өкіну, ешқашан да бұрылмасқа.*
Оқисың да тоқисың. Бұдан артық қалай жырлауға болады?! Сәт сайынғы көңіл мен көзден таса қалып, өтіп жатқан кей жағдайлар мен белгілер, бізге неге кешігіп ой салады?- деген «неге?»-лермен өмір өтетінін ойласаң, қамығып қаласың.
Сламова Ажар.
Comments