БілімЖастар саясатыҚоғам

Мұғалім рефлексиясынан туындаған бір үзік сыр

Жанысбек Ләззат Қасымқызы

«Өрлеу БАҰО» АҚ «Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша КДИ» филиалы «Мектепке дейінгі тәрбиелеу және бастауыш білім беру» кафедрасының аға оқытушысы

 

2023 жылғы алғашқы іссапарым сәуір айында Шардара қаласынан басталды. Қ.Аманжолов атындағы айтулы мектеп базасына табан тіредік. Кіре берісте дәлізге аяқ басқанымыз сол екен, күнделікті көз үйреніп қалғандары болмаса, еденнің әр жеріне сары түспен боялған, бейне бір жамау жамағандай төрт бұрышты етіп еденге қағылған қаңылтыр көзіме қораштау көрінбесі  бар ма? Жамау ма, әлде сәндеу ме? Байқамасам, сүрініп кететіндей көрінді де тұрды. Алайда, мектеп мұғалімдері, курс қатысушылары сырт көзге қарапайым көрінгенімен, ішкі мәдениеті жетілген, тұңғиық сырын іштеріне бұғып жайбарақат қана ағып жатқан өзендердей көрінді.

Ә дегеннен ашыла қоймағанымен, қалыпты шабыстағы жүйріктік танытып,  істеріне мығым екені байқалып жатты. Әр топ тыңдаушылары әртүрлі болып кездеседі. Бұл топтың бір ерекшелігі күнделікті сабақтың соңында ауызша кері байланыс беруге қарағанда қысқаша рефлексия іспетті сабақта қандай тақырыптар қарастырылды? Не үйренгені жөнінде қысқаша ойтүйін жазып отырады екен.  Сол тыңдаушылардың  жазбаларының  бір-екеуін сіздерге ұсынуды жөн санадым.

Роза :           

Құзіреттілік – өз бетінше жүзеге асатын қабілеттілік. Бұл алынған білімдер мен қалыптасқан біліктіліктерді іс жүзінде, күнделікті өмірде қолдана білу дағдысы. Мұғалім құзіреттілігі қай уақытта, қай қоғамда болсын  маңызды мәселе болып тұр. Мұғалім құзіреттілігі – ұрпақтың жарқын болашағының кепілі.

Мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқыту барысында мұғалімнің өз пәнін терең ұғынып, оқушы санасына сәуле түсіретіндей білім беруі маңызды дер едім. Білім беру мазмұны бойынша сабақ мақсатына жету үшін бізде кездесетін кедергі мақсатқа сай тапсырма құрастырып, сабақ үстінде мақсатқа нәтижелі бағытталған оқушы әрекетін тиімді ұйымдастыру болып табылады.

Мен бүгінгі сабақтан  мақсат пен іс-әрекет бір-бірінен алшақтамай, бір-бірін толықтырғанда ғана сабақ мақсатына жететініне көзім жетті. Көркем әдебиет бала бойында адами қасиеттерді тәрбиелейді десек, қазақ әдебиеті сабағының да көтерер жүгі ауыр, салмағы басым екенін бағамдай отырып, аталмыш пәннің алдына қойған мақсаты ұлтын сүйетін, салт-дәстүрді қастерлейтін, жаңашыл, білімді ұрпақ тәрбиелеу. Көркем әдебиеттегі автордың айтайын деген ойы, идеясы, позициясы да осыған бағытталған. Автор бейнесі мен кейіпкерлер қарым-қатынасының тілдік көрнісінде автор бейнесін шығарманың өн бойынан іздейміз, диалог, монологты беру үлгілерінен, тіпті табиғатты суреттеген тұстарда  автор бейнесі тікелей көрінеді екен. Автор кімге іш тартып тұр, кімді жақтап, кімді ақтап тұр…

Қорыта келе, бүгінгі сабақ мен үшін татымды да тың мағлұматтарға толы болды. Ой қорытындысына салып екшей келе, қазіргі заман кәсіби құзіреттілігі жоғары мұғалімді талап етеді. Жас буынды көркем әдебиетке қызықтырып, сол құнды мұрадан адамгершілік дәнін егіп, олардың бойында ізгі қасиеттерді дамыту үшін мұғалім құзіреттілігі бірінші орында тұруы керек.

Айгүл:

«Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәні педагогтерінің базалық және пәндік құзіреттілігін дамыту (5-9 сынып)» тақырыбында  екі апталық курс өтіп жатыр. Әр сабақта қазіргі таңда қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша өзекті тақырыптар талқылануда. Соның ішінде, оқу мақсаттарының әр сынып бойынша жүзеге асуы туралы тақырып  мен үшін маңызды. Шыны керек, кейбір оқу мақсаттарын түсінбеген екенмін. Мәселен, БЖБ тапсырмаларының ішінде «мәтіннің тілдік ерекшелігін анықта» деген тапсырма кездесті. Оны мен былай түсінуші едім, мысалы,  публицистикалық  стильде берілген мәтіннен автор көзқарасын білдіретін сөздерді, үндеу сөздер, қоғамдық саяси сөздерді сол стильдің тілдік ерекшелігі  деп санап келдім. Ауыз екі сөйлеу стилінің тілдік ерекшелігі:  диалог, оқшау сөздер, диалект, ауыспалы мағынадағы сөздер деп жалпылама ойлап келдім.  Курс барысында стильдің тілдік ерекшеліктеріне лексикалық, морфологиялық, синтаксистік белгілері жататынын білдім және осы тақырыпқа байланысты орындаған тәжірибелік жұмысымыз мен үшін өте құнды болды.

Екінші аптада күн күрт суып, таң рауандана қар жаумаса да аяздай бетті қарып шыңылтырланып тұрып алады,  бейне-бір томсырайып өкпелеген баладай, ал сәске таяу күн қабағы жадырап сала береді.  Бұл  сірә, «Қара жерге келсем, қар әкелемін (боранды, жауын-шашынды қолайсыз ауа райы), қарға келсем қар әкетемін» дейтін, «Отамалы ойылған қыс» сөз тіркесін еске түсірді. Сірә, мұны кім күткен? Бірі — «Құралайдың салқыны» десе, екіншісі  оған әлі ерте, бұл — «Бесқонақ» десті жұрт. Тәжірибелі Гүлсара есімді мұғаліміміздің амал айында бірде ерте, бірде кеш түсетін «Тасбақаның дауылы» екен – деген сөзіне иландық. Айналаға көз тоқтата қарасаң, алыстан қызыл-жасыл төселген кілемдей көрінеді. Жақындай түссең, жері сортаң, тұзы сыртына шығып жатыр. Сексеуіл, қоянсүйек, жүзген, жусан дейсіз бе, мұнда бәрін кездестіресіз.

Баладан дана тәрбиелеп шығаратын, күллі алып атаулының алпауыты саналатын да – ұстаз. Жаратылысында айнала-маңайына шуағын дәйім молынан төгіп, сәулесін мәңгі қисапсыз түсіріп тұратын да ұстазыңыз. Пенде біткенге парасат падишасының нәрлі сусынын сіміртіп, білім қуатын бұла күшіңіз де, ұстазыңыз. Сондықтан заманалар өтіп, сан ұрпақ алмассын мейлі ұстаз есімі байырғы, әдеттегі қалпындай қашан да қадірлі болып қала бермек. Ұстаздың кесек бітімді тұлғасы тасаланып не көмескіленіп қалмайды, қайта мейлінше алыс сағымдардың өзінен  мұнарта, асқақ бейнесі тұлғалана түспек.

Ассамблея народов Казахстана г. Шымкента верна своей традиции — перед Днём победы встречаться с ветеранами ВОВ

Алдыңғы

ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ: БАҚ ӨКІЛДЕРІ ЕЛДІК ПЕН МЕМЛЕКЕТТІЛІКТІ НЫҒАЙТУҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУІ ТИІС

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *