БілімҚоғамМәдениетРуханият

ТӘН СҰЛУЛЫҒЫ ЖАН СҰЛУЛЫҒЫМЕН ҮНДЕСКЕН ІСКЕР ӘЙЕЛ

Мәрия Зәйтүнқызы сұрапыл соғыстың отты жылдарында, 1943 жылы Бәйдібек ауданындағы Алмалы ауылында дүниеге келді. 

Әкесі Мұсақ пен  анасының мейірімі Марияның еркін өсуіне ықпал етті. Мәрия жастайынан   әкесінің баулуымен  ат құлағында ойнайтын өжет қыз болып өсті.

Мектепті бітірген соң ауылындағы сегізжылдық мектепте пионервожатый болып еңбек жолын бастады. Балалармен жұмыс Мәрияға қатты ұнады. Ата-анасының қолдауымен, өзінің жүрек қалауымен Шымкент педагогикалық институтының тарих факультетіне түсті.

Бір жылдан кейін әкесі Мұсақ сүп-сүйкімді қызын бір көргеннен ұнатқан Боралдай ауылының тумасы Тұрсын Шалданбайұлының бойындағы жігітке тән жақсы қасиеттеріне сүйсініп, жасаулатып ұзатты.  Еліктің лағындай сүйкімді, сұлу бойжеткен 1963 жылы көрікті Көктөбе ауылына, Отар әулетіне келін болып түсті. Мектепте мұғалім болып істейтін атасы Шалданбай мен енесі Гүлшырын Мәрияның отбасынан алған тәрбиесіне, үлкенге құрмет,  кішіге ізет көрсететін ибалы, кішіпейіл, елгезек, ашық-жарқын мінезіне тәнті болып,   перзенттеріндей мәпеледі. Апасы «Мәкентай» дейтін.

Ұзатарда әке-шешесі:  «Қызым, ата-анаңды, отбасындағы үміт еткен жалғыз ұлдары Тұрсын күйеу баламды сыйла »-деп шығарып салған еді. Мәрия бұл аманат сөзді бір сәт те есінен шығармады. Бір жағынан ата-ененің қамқорлығына риза болған Мәрия олардың көңілдерінен шығу үшін жұмыста да, үйде де тыным таппады.

Отбасында ер кісінің орны ерекше.   Өзінің еңбек жолында басшылық қызметтердің тұтқасын ұстаған Тұрсын Отартегі Алматыдағы қазақ мемлекеттік ауыл шауашылығы институтын агроном мамандығы бойынша тәмәмдаған. Басшылық қызметтер атқарды. Түсінігі мол азамат зайыбының мамандығы бойынша алаңсыз ұстаздық етіп, іс-шаралардың ұйтқысы ретінде үйден ерте шығып, кеш келетін уақыттарына түсінушілікпен қарады. Анасындай алақанына салған енесі Гүлшырын  бес немересінің  бағбаны, шаңырақтың алтын діңгегі болды. Сұлу да сүйкімді, мейірімді келінінің күнұзаққа қызметте жүргеніне қабақ шытпады. Қайта «Үйде де , түзде де тындырымды»-деп көрші-қолаңға мақтап отырды. Отбасындағы осы  әдемі қарым-қатынас Мария Зәйтүнқызының жемісті, жеңісті жылдарын жалғастырды.                                        Психологтардың пайымдауынша: «Ерлі зайыптылардың өмір сүру қағидасы төрт топқа бөлінеді. Соның бірі — бұл өмірде сирек кездесетін қос сұлулардың немесе екі жақсының ерлі зайыптылық одағы. Бұл-Тұрсын  Отартегі шаңырағының отбасылық тату-тәтті өміріне арналып айтылғандай. Өйткені, әйел-отбасына тәуелді…Қанша іскер, қанша жерден қолынан іс келсе де, үйде кедергілерге тап бола берсе, ешқашан іс алға баспайды.  Мария Зәйтүнқызының еңбектегі жеткен жарқыраған жетістіктерінде ата-енесі мен жұбайы Тұрсын Отартегінің сүбелі үлесі бары айтпаса да түсінікті. Мектепте мұғалім болып істейтін атасы Шалданбай келінінің институттағы оқуын бітіруіне қолдау көрсетіп, дипломды қолға алғанша қамқор болды.

1964 жылы 3 наурызда ірге тасын қалаған Бөген , қазіргі  Ордабасы ауданы Темірлан ауылында Мәрия Зәйтүнова оқушылар үйінің директоры, Аманкелді атындағы мектепте мұғалім, директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары болды, сосын сайланбалы жүйемен Шоқан Уалиханов атындағы орта мектеп директорлығына сайланды.

Үнемі ізденіс үстінде жүретін Мәрия мектептің мәртебесін облыс, республика деңгейіне көтеру, жеткіншектерге саналы тәрбие, сапалы білім беру бағытындағы игі істерді жүйелі түрде жолға қойды. Өзіне, ұжымына бек сенімді. Мектептегі ұстаздары да білімді, білікті. Үнемі тың ұсыныстар тастап, оның орындалуына аса мән беретін басшы осы білім ұясының негізінде  зыр жүгіріп жүріп облыста алғаш рет лицей мектебін ашты. «Атына заты сай болсын»-деп білім ордасының алдына Шоқан Уалихановтың алып ескерткішін орнатуға мұрындық болды. Талапшыл, іскер басшының нүсқауымен мектептің жұмысын жандандырған мұғалімдер өзге өңірлердегі әріптестеріне  үлгі-өнеге болумен бірге білім ұясының республикада озық тәжірибе орталығына айналуына сүбелі үлес қосты. Талапшыл басшының ұйымдастырушылық қасиетін құрметтеген ұжым да мектептегі іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне ықпал етті. Басшылықтың қатаң тәртібі үздік оқушылар қатарын көбейітті. Бүгінде облыс, республика көлемінде еңбек етіп жүрген лицей оқушылары өздері білім алған алтын ұясын ұмытпай келіп тұрады.

Желкені желбіреген 70-ке толғанда «Каусар» лицей мектебінің ұжымы 10 жыл бұрын зеәнетке шыққан Мария Зәйтүнқызын білім ордасына арнайы шақырып, мерей тойдың бастауы ретінде  құшақ-құшақ гүлмен, ыстық лебізге толы тілектермен, әнмен шашу шашып қарсы алды. Лицейдің алғашқы директоры ұжымның бірлігі, ынтымағы сақталғанын көріп, қатты толқыды. Еңбегі еленді деген осы!

Зейнетке шыққаннан кейін асқаралы алпысында аудан басшыларының ұйғарымымен аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы болып сайланды. Қоғамдық жұмысқа жастайынын бір табан жақын ұлағатты ұстаз тәрбиелік мәні зор қоғамдық жұмысқа   білек сыбана  кірісіп кетті! Мақсаты әйелдердің отбасындағы өмірін, денсаулығын, бала тәрбиесін назардан тыс қалдырмай, оларға моральдық қолдау көрсету,  қамқорлық жасау. Осы тұрғыда  қаншама игі істерді жүзеге асырды. Жабылып қалған балалар бақшасын қалпына келтіріп, ата-аналардың ыстық ықыласына бөленді. Қаншама іс-шаралардың басы-қасында жүріп, әйел мәртебесін көтеру үшін тынбай еңбек етті.

Әйел-отбсының алтын қазынасы. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай,  Темірлан ауылындағы саябақ ішіне аналарға арнап ескерткіш орнату туралы бастама көтеріп, іске кіріскенде, Алматыдағы лицей түлегі Жанар Ысқақова жақсы жаңалықтан хабардар болып, өз қаржысынан 550 мың қосты. Саябақта 5 метрлік «Ана» ескерткіші  тұрғызылды! Ескерткішке   «Әйел-бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді. М.Әуезов» деп жаздырып қойды.  Бүгінде шаңырақ көтерген жас жұбайлар сәбиін көтеріп тұрған «Ана» ескерткішінің  алдына гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсіп жатқанда, анаға тағзым еткен жастарға риза боласыз.

Төрайымның тікелей басшылығымен, әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен ауданның 50 жылдық мерей тойына орай, көп балалы аналар мен еңбекпен шыңдалған аяулы жандар туралы «Әйел-қоғамның қуатты күші»,  ұлттық тәрбие берудің негізін қалау мақсатында  «Ұлттық тәрбие- мәңгілік елдің негізі»- атты кітаптар  жарық көрді.

2005 жылы Мәрия Зәйтүнқызы –табандылық танытып, Ордабасы ауданының  құрылуына 40 жыл толу мерейлі мерекесі қарсаңында   Ордабасы аудандық тарихи-өлкетану мұражайын халықтың қолдауымен, оқушылардың көмегімен өз қаржысына ашты. Үш жыл ақысыз еңбек етті. 80 шаршы метр музей ғимараты қараусыз қалғаннан тозып кеткендіктен, күрделі жұмыстар жүргізіп,  бөлмелер қостырды, шатырын ауыстырды. Құжаттарын рәсімдеді. Бүгінде 180 шаршы метрге ұлғайтылған музей ішіндегі экспонат 2000-ға жеткізіліп, қиын-қыстау уақытта жұмыссыз 12 адамды жұмысқа қабылдады.

Музей — өткен мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Оның мән-маңызы тереңде жатыр.Негігі бағыт-  бабалардан қалған  тарихи құнды жәдігерлерді жинақтап, жоғын түгендеп, келешек ұрпаққа жеткізу.  Музей директоры Мәрия Зәйтүнова  қаншама құнды жәдігерлерді өз қаржысына сатып алды. Ондағы негізгі мақсаты –  рухани мәдени қасиетті ұлықтап, жастардың  бойына сіңіру. Еткен еңбек еш кетпеді. Бүгінде мұражай  облысқа танымал.

 Шынында да, әйел –ана араласпайтын сала жоқтың қасы. Олармен жүздесіп, әңгімелесу, іс-шараға тартып, белсенділік танытуларына ықпал етумен айналысу- Мария Зәйтүнқызы үшін  күнделікті таныс-тіршілігіне айналып кетті. Көп балалы аналардың мерейін өсіріп, мереке сайын сый-сияпат жасау-кеңестің күн тәртібінен түспеді. Бір сүйсінетін жағдай, отбасымен Шымқалаға көшіп келген соң да қоғамдық жұмыстан қол үзбей,  мегаполис пен Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылынаа күн сайын қатынап, аудандық әйелдер кеңесінің жұмысын жандандырып жүрді. Үнемі тың үрдіспен жұмыс істегенді қалайтын іскер ұстаз 75 жасқа келгенше қоғамдық тірліктен қол үзбеді…Алға қойған мақсаты айқын, арманы асқақ, үнемі жарқырап алда жүруді жаны қалайтын, көпшіліктің назарын өзіне аудара білетін, айтқанынан қайтпайтын, талапшыл, еңбексүйгіш, батыл қадам жасауды ұнататын Мәрия Зәйтүнова тән сұлулығына жан сұлулығы үндескен іскер әйел атанды. 

Биыл  Тұрсын Отартегі мен Мәрия Зәйтүнқызының бір шаңырақ астында, сыйласып ғұмыр кешіп келе жатқанына 60 жыл толды. Мұндай отбасылық ұзақ ғұмыр екінің бірінің маңдайына жазылмағаны өмір тәжірибесінен айқын. Ерлі-зайыптылардың жақұт тойлары  отана- Мәрия Зәйтүнқызының   сексеннің сеңгіріне шыққан мерей тойына ұласқаны қандай жарасымды десеңізші!?  «Жақұт той мен 80 жылдық мерей той»- деп ашып айтпаса да, қуанышқа жиналған ағайын, туған-туыс, дос-жаран, қызметтестері: «Қандай әдемі сәйкестік!» деп  іштей сүйсініп отырғаны анық.

Мария Зәйтүнқызы сегіз қырлы, бір сырлы жан. Мектеп директоры, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, аудандық тарихи өлкетану мұражайының негізін қалаушысы әрі директоры, танымдық, тәрбиелік маңызы зор ғұмырнама-«Өмір өрнегі»  атты кітаптың авторы, қамқорлығын аямайтын аяулы жан. Бауырлары Амантай, Мырзатай, Әзімтайды жетілдіріп, ержеткізді.

Жұбайы Тұрсын Отартегі  мен Мәрия Зәйтүнова -Ауданның құрметті азаматтары. Екеуі де үкіметтен де, халықтан да лайықты бағаларын алған жандар. Мәрия Зәйтүнқызы Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің, Ы.Алтынсарин атындағы төс белгінің иегері. Қаншама медалдар мен Құрмет грамоталарымен марапатталған. Іскер әйел туралы мақалалар Тәуелсіз еліміздегі басылымдарындабірінен соң бірі жарияланып жатты.

Тұрсын Отартегі мен Мария Зәйтүнқызы Нәзипа, Марат,  Өзипа, Қанат, Индира есімді ұл-қыз тәрбиелеп, өсірді. Олардан 18 немере, 18 шөбере сүйіп отыр. Сүйкімді немере, шөберелердің сүйікті ата-анасы-ұл-қыздарына, келіндеріне, күйеу балаларына риза. Бір-біріне ынтымақты. Перзенттері –бір-бір шаңырақ иелері. Алла амандығын берсін! Жақұт той мен мерей той құтты болсын!

Шаһаризада ДӘНЕЕВА.

 

ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ: МОНОПОЛИЯНЫ ЖОЮ – ЖАРҚЫН КЕЛЕШЕГІМІЗДІҢ КЕПІЛІ

Алдыңғы

Атырауда дәстүрлі садақ атудан «Алтын Орда» халықаралық турнирі аяқталды

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *