Апсеметов А. доцент, т.ғ.к., Амангелді Т. магистр-оқытушы, Кочерова А. аға оқытушы, «Автоматтандыру, телекоммуникация және басқару» кафедрасы
Ұлы жазушы М.О. Әуезовтің ұлан ғасыр жасап кеткен ғылыми еңбектерінің басым саласы педагогикалық ағарту мәселелеріне арналған. Жалпы ғалым шығармаларын жан жақты зерделеніп зерттеу толығымен жүріп жатыр. Жазушының өткен ғасыр басындағы жарияланған еңбектерінде, атап айтқанда, арнайы педагогика саласына байланысты ғылыми мақалаларында адам тәрбиесі, оның жастық шағының өскен ортаға сәйкес тәрбиеленуі сол мол еңбектердің өзекті мәселесі болып табылады.
Абайға арналған романында, әкесі Құнанбай мен баласының арасындағы тәрбие, қазақ ұлтының тарихи және ұлтымыздың этномәдениетіне, халқымыздың әдет-ғұрпына, дни нанымына негізделген. Аталған тақырыптар, жаңа Қазақстан дамуының, әсіресе оның педагогика саласының өрбуіне бастау тауып, біз пайдаланатын, тиімді қолданатын ғылыми негіз болуы керек.
М. Әуезовтің шығармаларын жазудағы ойлау тәсілі, халықтық педагогиканың қалыптасуының мәдени-тарихи алғы шарттарын, әдебиеттану мен тәрбиенің өзара байланысын, әдеби процестің динамикасын ғылымы тұрғысынан талдау мен зерттеудің қажеттілігін, қазіргі ұлттық ғылымның көкейкесті мәселесі етіп өз саласындағы міндеттерді айқындап береді. Бұл тұжырым бір ғана әдебиет пен философия ғылымдарында ғана емес, гуманитарлық ғылым салаларында, педагогикада ұлттық рухани құндылығы жоғары мол мұрасы әр қырынан қайта қаралып, жаңаша зерттеле бастағанынан сыр береді.
М. Әуезов тырнақ алды шығармаларында педагогика мәселесіне маңызды көңіл бөлді, атап айтқанда, адамның жан-дүниесі айналасымен қатар, шырылдап дүние есігін ашқаннан бастап, үнемі дамып отыратынын, өткен ғасыр бас кезінде жарық көрген “Ғылым ” атты мақаласында тоқталып, тәрбиені бесіктен бастап, өмір бойына біліммен-ғылымды бойына сіңіріп отыруы қажет екендігін баса айтқаны, заманымыздың ұлы тұлғасы әл-Фараби еңбектерімен ұштасып отырады.
Ұлы жазушы ағарту жұмыстарына студенттік кездерінде көңіл бөліп, ұлттың әлем алдында озық болуын, оның әрбір жеке тұлғасына байланысты екені, ол тұлғалардың жас кезінен тәрбиелі және білімді болуының маңыздылығына назар аударды.
Санкт-Петербург қаласында негізін қалап, өткен ғасырдың жиырма бесінші жылы жарық көрген қазақ халқының ауыз әдебиеті оқулығында, халықтық және ұлттық педагогиканың бастауы мен қайнар көзі сол ұлттың ауыз әдебиеті мен фольклоры екенін айқын анықтап, ғылыми дәлелдеді.
Аталған шығармада, бастапқы тарауында ұлттың салт-тұрмыстық қағидаларына сай белгілі жандардың бұл фәни дүниеден, мәңгі бақи дүиге өту процесінде көңіл айту, қоштасу, қайта бұл өмірде болмауын сол еңбегінде жоқтау ретінде келтіре отырып, жан дүниесінің психологиясына терең ғылыми талдай отырып, оның өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбелік мәніне назар аударады.
Діни нанымдар мен сенімдерге арналған өлеңдерді зерттей келе, ұлтымыздың даму барысындағы әлеуметтік жай-күйін, экономикалық өсуіне, ұлт тағылымына және өркениетті мәдени ортасына сай өзгерістерді ескере бағалайды.
“Жар-жар” айтысында жаңа түскен жас келінге қайын жұртын ұлт ерекшеліктеріне сәйкес таныстыру, жұбату мақсаты мақсаты көзделетіні; “Беташар” жырында жат жұртқа келін болып келген жас әйелге жаңа жерде өзін қалай ұстауы, жүріп-тұрысы, мінез-құлқы, іс-әрекеті сөз болатыны, онда көбінесе ақыл-нақыл, өсиет-өнеге айтылатыны педагогикалық тұрғыда талданып баяндалған.
М. Әуезов қазақтың батырлар жырларының мазмұны, шығу тарихы, мұндағы көзделетін мақсат-мүддесі, Отан қорғау, патриоттық сарындар жан-жақты қарастырылған.
Келесі бөлімде тарихи уақиғаларға байланысты туған “Кенесары- Наурызбай”, “Исатай -Махамбет”, “Бекет батыр” жырларының мазмұны мен мәні, шығу тарихына өскелең ұрпақтың тәрбиеленуі патриотизм тұрғысында талдау жасалған.
М.Әуезвтің ғалым-педагог ретінде қарастырған іргелі жұмысының бірегейі – бастауыш мектеп бағдарламасыны сәйкес жазылып, 1930 жылдарында сол кездегі еліміздің астанасы Қызылордада жарық көрген “Жеткіншек” атты ересек балалар мектебіне арналған оқу құралы. “Жеткіншек” — “Жалпы бөлімнен” , “Қазақстан” және “ Кеңес одағы ” деп аталатын тараулардан тұрады.“Жалпы бөлімде” Кеңес үкіметі әкелеген жаңалықтарды қазақ шындығына негіздей отырып, жеңіл тілмен, шағын көлемде баяндайды.
Кітаптың “Қазақстан” атты тарауларында елдегі жер бедері, ауа райы, әкімшілік- территориялық орналасуы, халық шаруашылығы, жол қатынастары, ауыл мен қала арасындағы байланыстар туралы табиғат пен экология проблемаларына қатысты нақтылы деректер келтірілген.
Өз өлкесін танып білу шәкірттерді патриотизмге, туған өлкені қадір тұтып, сүйе білуге бірден-бір айқын анық жол екені түсінікті. М.Әуезов келтірген нақты деректер, оның зерттеуші –социолог ретінде, оқу құралын жазуға көп еңбек сіңірген. “Елу жылда ел жаңа” дегендей, “Жеткіншек” жарық көрген алпыс жылдан астам уақыттан бері елімізде, оның ішінде Қазақстанда да ұлан-ғайыр өзгерістер болды. Бұл өзгерістер халық ағарту саласына да әсер етті. “Жеткіншекте” топталған көп мәселелерді қазіргі оқушылар жеке пән ретінде меңгереді. 1930 жылы Қазақстан Оқу халық комисариаты білім кеңесінің шешімі бойынша, “Қазақ шаруа жастар мектебіне арналған бағдарлама және түсінік хаттар” деген атпен жарық көрді.
Осы кезге дейін бізде пәндерді оқытудың әдістемелік ғылыми жүйесі жасалынбаған. М. Әуезов басқарған ғалым-әдіскерлер шәкірттерге тек нені оқыту керек екенін көрсетіп қана қоймай, оларды қалай оқыту керек деген мәселені де шама-шарқынша сөз етті.
Автор әдебиетті оқытуды тек мектеппен ғана шектелмей, сыныптан тыс, үйде де оқуға көңіл бөлген. Бұл істегі оқытушының ерекше жауапкершілігі, негізгі міндетті былайша тұжырымдалған:
— салт-сана жағынан зиянды болмайтын, пайда келтіретін кітаптардың тізімін жасау керек, әсіресе , мектептегі суретті әдебиеттің ішінде боғауызы бар, жалаңаш құмарлықты айқындап шығаратын кітаптар болмағаны дұрыс;
— онан соң оқитын кітаптарды таңдағанда, балаларға жылда мектепте оқитын әдебиет сабағына байланысты нәрселерді беру лайық. Әдебиеттен сабағына байланысты нәрселерді беру лайық. Әдебиеттен берілген жыл дәуіріне жанасатын кітаптар оқылғаны мақұл. Соңғы уақыттарда шыққан қызықты кітаптарды да керексіз қылуға болмайды.
Бағдарламаның “Түсінік хат” атты бөлімінде қазақ даласында оқытушы кадрлардың әлі әдістеме мәселелерінің көп мән-жайын жетік біле бермейтіні ескеріліп, осыған орай бірнеше ақыл-кеңестер берілген. Олардың ішінде ұдайы жақсы оқитын балаларға ғана сүйеніп, ылғи соларды ғана оқыту арқылы бір-екі баланы ұзатып әкетіп, өзгелерін артта қалдырып алмау; оқушыларды дауыстап, не іштей оқуға ғана машықтандырмай, басқаның оқығанын тыңдап, ұға білу дағдыларына да баулу керектігі ескертілген. Автор, сондай-ақ ескі мен жаңаны салыстыра отырып, түсіне оқу, балалардың ой-өрісін өрбітіп, түсінігін молайтып, ескі оқуда орын алған қиянаттарды болдырмауды ескертеді. Бағдарламада жазу тіліне жаттығудың жолдарын қарастырып, ұғуға қиын сөздерді, сөйлемдерді жазып алу, солардың сөздіктер құрастыру, кітаптан сөз талғап ала білу , оқығанды жоспарлай білу, кеңсе қағаздарының жазу үлгілерін меңгеру, тезистер жасау мен баяндамалар даярлау, әдебиет туындыларына жазбаша сын жазып, баға беру, т.б. осы іспеттес әдістемелік жәйттер аталып өтілген.
М. Әуезовтің ұстаздық еңбегін сөз еткенде, оның ұзақ жылдар бойы қазақ мемлекеттік университетінде қазақ әдебиеті тарихынан лекция оқып, келешек әдебиет зерттеушісі, мұғалімдер мен журналистерді тәрбиелеуге қосқан үлесін де айту қажет.
Соңғы жазған романы «Өскен өркенде» советтік кезеңдегі, яғни жаңа заманның оқыған, интеллектуал қазақ жастарының бейнесін сомдады. Ал ой-өрісі өскен, жан-жақты білімді, жоғары мәдениетті, өз ортасында болып жатқан барлық өзгерістерге немғұрайды қарай алмайтын іс-әрекеті де, түсінік-танымы да жаңаша жаңа заман кейіпкерін-жаңа әлеуметтік қоғамның құрушысы азаматтарды бейнелеу ғұлама ғалымның, кезекті педагогиканың жан жақты саласының шыңы екені анық.
Жазушы «Біз жаңалық табу жолындамыз» деген мақаласында келешек кейіпкерлерінің образын былайша мүсіндеп береді: «…Ол жаңа қоғам құрушысы, бейбітшілік үшін алысушы, болашақ заманға бой ұрған, тек бүгінгі күннің барымен ғана бақыт таптық демейтін, алға қарай даму жолындағы кемшілік, олқылықтарды да терең сезінетін адам. Қай жерде, кім болып, не кәсіппен айналыспаса да, оның жұмысы болмайтын мәселе жоқ. Себебі оның иығына артылған жауаптылық күшті. Ол-тарих арнасында, сол тарихтың тізбегіне өзі де кіретін жан» деп тәрбиелік білімді дәріптейді.
Шынында да ақын еңбектері жазушының Абай өмірі мен психологиясын, оның ішкі жан дүниесін, сезімдік құбылыстарын терең тануына мүмкіндік берді. Сондай-ақ Абай ортасы мен ол өмір сүрген уақыт тынысын оның айналасындағы адамдар тағдырын дәл өмірдегідей нанымды да шынайы бейнелей отырып жанұя педагогикасымен халықтық тағылым арасын ұштастырады.
Сондықтан да шығарма шырайын ендіріп тұрған түрлі құбылыстарды сәтімен қолдану, ғалымға тән ойшылдық, сабырлылық, қарапайымдылық та биік философиялық-психологиялық және педагогикалық тұрғыдан талдана зерттелген.
М. Әуезов ұлттық тәлім-тәрбиені арттырудағы этнопедагогика мен этнопсихологияның теориялық рөлі мен жазушы шығармашылығында алатын орны жоғары. Зерттеулеріндегі балалардың ойын ұштауға, қиялын қанаттандыруға, олардың бойында батылдық, шыдамдылық, талапшылдық секілді жақсы қасиеттер қалыптастыруға игі әсер ететін өлең-жырлардың тәрбиелік мәнін талдайды.
М.Әуезовтің 1929 жылы Д. Ысқақовпен бірге алғаш рет қазақ әдебиеті оқулығын жазып, кейін жеке өзі «Новый аул. 2-я книга для чтения по русскому языку для казахских детей. 1-ступени», «Жеткіншек», «Ересек жастар мектебіне арналған оқу құралы» (1930) атты оқулықтар, 1930 жылы Қазақстан Оқу Комиссариаты білім кеңесінің шешімі бойынша шаруа жастар мектебіне арналған «Программа және түсінік хаттарын» жазғаны жөнінде бұрындары белгісіз болып келген құнды деректер келтіреді. Қазақ тілінде тұңғыш рет жазылып, ұсынылған бұл бағдарламада М.Әуезов «Суретті әдебиет туралы» деп аталатын қазақ әдебиеті пәнін оқытуға арналған бөлімінің авторы болғаны.
Өз елінің өсіп-өркендеуін, өзге өркениетті елдер секілді ұлы мәдениетке қол жетімді болуын ойлайтын ұлт зиялысының жас кезінен ғұмырының соңына дейін тек осы бағытта табанды еңбек еткенін баспасөз беттеріндегі қарапайым мақалаларынан бастап, күрделі көркем туындысы «Абай жолы» роман-эпопеясына дейін жүйелі түрде зерттеп, жазып, насихаттап келгендігі мәлім.
М. Әуезовтің орыс тілін қазақ тілінде қалай оқытудың әдісін ұсынған «Новый аул» деген оқу құралындағы 1-2-ші бөлімдеріндегі мәтіндерге және «Жеткіншек» кітабында берілген 38 әңгіме, өлеңдерге арнайы тоқталып, олардың балалардың талғамы мен ой-өрісін өсірудегі ықпалын, тәрбиелік мәніне көңіл аударады. Осы оқу құралдарындағы ойын түрлеріне, олардың қазақтың көшпенді өмір салтына сай қалыптасқан ептілікке, батырлыққа, мергендікке баулитын ұлттық ойындар түрлерінің қазір ұмытыла бастаған үлгілерін ойнау тәсілдеріне толық әрі жан-жақты сипаттама береді.
Қорыта келгенде ұлтымызға педагогика саласында негізін қалап, асыл құндылық қалдырды, қазақ халқының тарихын, мәдениетін, талантын, ұлттық характерін көрсетті, қазақ педагогикасының туын шыңға көтеріп, шарықтатып жоғары деңгейге көтерді. Халық даналығынан, ұлттық педагогикадан нәр алған, рухани дүниемізді байытқан еңбектері өскелең ұрпаққа таусылмас азық болары хақ. М. Әуезовтің артында қалған педагогика саласындағы мұрасы баға жетпес екені баршаға мәлім.
Comments