ЖаңалықтарЖастар саясатыҚоғамСаясат

ТҮРКІСТАН: ӨЗБЕКСТАНМЕН ШЕКТЕСЕТІН ШЕКАРА БӨЛІМШЕЛЕРІНІҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҚСАРАДЫ

Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының арасындағы мемлекет шекарасының 913 шақырымы Түркістан облысының аумағы арқылы өтеді. Осы аумақтағы Шекара бөлімшелері нысандарының инфрақұрылымын жетілдіру жөніндегі Жол картасын іске асыру бойынша жұмыстар жанданады. Бұл түйткіл Түркістан облысының шекара мәселелері жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесінің мәжілісінде кеңінен талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте өңір басшысы шекаралық бөлімшелердің инфрақұрылымын жақсарту аса маңызды міндет екенін айтты.

– Түркістан облысында шекара қорғанысын күшейту және мемлекеттік шекараны қорғау бойынша жұмыстар атқарылуда. Шекара қызметі бөлімшелерінің инфрақұрылымдық мәселелерін шешу жөніндегі Жол картасы 2020 жылы қыркүйекте бекітілген. Нақтылауды тапсырамын. Бүгінгі үйлестіру кеңесі отырысының қорытындысымен Шекара қызметі бөлімшелерінің инфрақұрылымдық мәселелерін шешу жөніндегі Жол картасы мұқият зерделеніп, жаңа редакцияда бекітілуі тиіс. ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Түркістан облысындағы 25 шекара бөлімшесінің инфрақұрылымы, газ жүйелері құрылысына 2023 жылы облыстық және республикалық бюджеттерден қаржы бөлінген нысандар құрылысының сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Мақтааралдағы – 3, Жетісайдағы 2 нысанның құрылысы сапалы атқарылуы керек. Келес өзенінің жағалауындағы су бұзып өткен аумақтарды қалпына келтіру, өзен арналарын реттеу, өзен жағалауларын бекіту және нығайту жұмыстарын жүргізуге жұмыстар жедел зерделенгені жөн, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиында Қазақстан Республикасы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы Мадияр Жұмәділов Түркістан облысының шекара мәселелері жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесінің 2023 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту жөнінде ой қозғады. Оның айтуынша, Жол картасының іс-шараларын іске асыру шеңберінде жергілікті атқарушы органдардың балансына Мақтаарал, Сарыағаш және Төлеби аудандары бойынша шекара басқармаларының 25 нысаны беріліп, 42 іс-шара бекітілген. Осы арқылы 16 нысанды газдандыру, 6 нысанды электрмен, 20 нысанды сумен қамтамасыз ету көзделген. Қазіргі таңда 5 іс-шара орындалған. 18 мәселе бойынша жұмыс жүруде.

Голодностеп коллекторының және Келес өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарын жүргізу мәселесі де көтерілді. Келес шекаралық өзенінің жағалауын бекіту бойынша және Голодностеп коллекторының 60 шақырым учаскесіне және оған құятын 36 каналға тазалау жұмыстарын жүргізу қажет екені айтылды. Аталған мәселенің барлығы хаттамаға енгізілді. Шекаралық бөлімшелерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша Жол картасының орындалуын қамтамасыз ету жұмысы қатаң бақылауға алынды. Шекаралық бөлімшелердің инфрақұрылымын жетілдіру мәселесін түпкілікті шешу үшін Үкіметке ұсыныстар енгізілетін болды.
Дархан Сатыбалды үйлестіру кеңесінің отырысында көтерілген мәселелермен тікелей танысу мақсатында «Қайрат» шекарасында болып, әскерилермен кездесті. Мәселелерін тыңдады. Шекарашы сарбаздармен түскі ас ішіп, еркін пікір алмасты.

Шекара бөлімшелерінің инфрақұрылымын жақсарту бағытында биыл облыстық бюджет есебінен 3 нысанның құрылысына 432,3 млн. теңге қарастырылған. Жұмысты биыл аяқтау жоспарлануда. Ал республикалық бюджеттен 2 нысанның құрылысына қаржы бөлінген. 2024 жылға өтпелі.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА БӘЙГЕДЕН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

Алдыңғы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН 500 ОТБАСЫ СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫС АУДАРУҒА НИЕТ БІЛДІРДІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *