Жер бізге ата-бабаларымыздан қалған мұра ғана емес, ол – еліміздің негізгі экономикалық ресурсы және болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыратын қасиетті құндылығымыз. Жер – мемлекеттілігіміздің негізі. Еліміздің бүгінгі тыныштығы мен тұрақтылығы, халқымыздың ынтымағы жарасқан, тату-тәтті жарасымды өмірі де, ертеңгі жарқын болашағымыз да жеріміздің тұтастығына тікелей байланысты десек қателеспейміз.
Қасиетті қазақ жерінің тұтастығын қорғау, оның асты-үстіндегі бар байлығын ысырап етпей ақылмен, тиянақтылықпен, ұқыптылықпен пайдалану, суының ластануына, топырағының құнарсыздануына, жалпы, экологиялық ахуалдың нашарлап кетуіне жол бермеу – биліктің негізгі міндеттерінің бірі.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлерін өз азаматтарымыздың жеке меншігіне беру және шетелдіктерге 25 жылға дейінгі мерзімге жалға беру туралы мәселе қозғалған болатын. Алайда, отандық заңнамаға ондай өзгерістер мен толықтырулар енгізуге Қазақстан қоғамы түбегейлі қарсылығын білдірді. Халық наразылығы ескеріле отырып, бұл мәселе кейінге қалдырылған болатын.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев билікке алғаш келген күннен бастап жер ешкімнің жеке меншігіне берілмейтінін және шетелдіктерге жалға да берілмейтінін кесіп айтты. Мемлекет басшысының бұл сөзі көп ұзамай тиісті заңдарға құқықтық норма ретінде енгізілді. Ал, өткен жылғы конституциялық реформалардың кезінде Ата Заңға «жер – халықтың меншігі» екені тайға таңба басылғандай етіп анықтап жазылды. Ал, халықтың атынан жер ресурстарын басқару өкілеттілігі мемлекетке берілетін болып бекітілді. Осылайша, жерді сату немесе шетелдіктерге жалға беру мәселесі конституциялық норма арқылы біржола шешімін тапты.
Кейбір экономистер жерді шетелдіктерге жалға беру туралы ұсынысты ауыл шаруашылығы саласына тартылатын инвестициялар арқылы ақтап алғысы келеді. Бірақ, жер тағдыры – ел тағдыры. Мемлекеттің болашағына ықпал ететін мұндай мәселелер бойынша қысқа мерзімді, кезеңдік экономикалық мүдделерді басшылыққа ала отырып шешім қабылдауға болмайды. Қасым-Жомарт Кемелұлы осынау ақиқатты тереңнен ұғына отырып, ең дұрыс шешімді қабылдады және өзінің ұзақты болжай білетін нағыз мемлекетшіл тұлға екенін паш етті.
Д.Шерімқұлов, қоғам қайраткері, зейнеткер
Comments