Ия, Ия сіз қате оқыған жоқсыз, халық мұраларының үлкен бір мәуелі бұтағы — атакәсіп иелері оқытылмақшы…. Атакәсіп телегей-теңіз дүние арасында ауқымды орны бар, халық болмысымен ежелден біте қайнасып келе жатқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қазіргі уақытта да тарих сахнасынан түсіп қалмай, жаңа даму кезеңін бастан өткізіп отырған халық шаруашылығының бір санатына жатады. Ата кәсіп дегенде алдымен көз алдымызға Қазақтың ішсе – асы, кисе – киімі, мінсе – көлігі, тұтынса – бұйымы, берсе – сыйы, дауласа – құны болған төрт түлік малы келеді еріксіз..
Бүгін қолға қалам алғызуға себепші болған жайт Қаратал ауданы Бастөбе ауылындағы «Бастөбе сервистік- техникалық колледжі» аудандағы үлкенді кішілі шаруақожалық иелерінің көп жылғы сұранысын ескеріп ықылым заманнан ата – бабамыздан мұра боп келе жатқан малшаруашылығын жанына жастайынан серік еткен жандарды қысқа мерзімді оқытудан өткізіп, бүгінгідей дамыған заманда қолында құжаты бар, заман талабына сай, бәсекеге қабілетті «Ата кәсіп иесі» етіп даярлықтан өткізбекші.
Ғасырлардан — ғасырға өтіп, тарих қойнауларынан өз ата — бабамызбен бізге жеткен ата кәсіпті дәріптеп, осы салада мамандық даярлауды қолға алып жатқан сервистік- техникалық колледжінің бастамасымен бүгін ағымдағы ақпан айының 22 жұлдызы күні Тастөбе ауылы маңындағы «ТастобеАгроФуд»ЖШС — ға арнайы барып кәсіпорын директоры Ахметов Шыңғыс Нұржанұлының, Қаратал ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Кілтбаева Ақжайық Мұратқызының, Жетісу облысы Кәсіпкерлер Палатасының Қаратал ауданы филиалы директоры Құсайынов Фархаттың, Бастөбе сервистік-техникалық колледжі директорының кәсіптік оқу жөніндегі орынбасары Маштакова Райгүл Далиқызының, бөлім меңгерушісі Баймұзамбетов Төлеу Мұзаметқалиұлының, арнайы пән окытушысы Рахимберлинов Абзал Несіпбергенұлының қатысумен еліміздің тарихи беті болған, халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен, тарихымен тығыз астасып жатқан тарихи маңызы бар жаңа мамандықты оқыту жолдары бойынша дөңгелек үстел өтті.
Кездесу барысында колледж директорының кәсіптік оқу жөніндегі орынбасары Райгүл Далиқызы:
— Елдің бәсекеге қабілетті мемлекетке айналуы жолында халық шаруашылығының рөлі қашанда ерекше екендігі белгілі. Ауданымызда бәріміздің жанымызға жақын ата кәсіпен айналысатын шаруалар мен аудандық кәсіпкерлер палатасы басшысының көптен бері айтып жүрген елге ең қажетті маман деген ұсыныстарын ескере отырып колледж басшылығы малшаруашылығы мамандарын оқытуды ұйғардық, — десе.
Арнайы пән окытушысы Абзал Несіпбергенұлы:
— Бүгінгідей дамыған заманда қолында құжаты бар, заман талабына сай, бәсекеге қабілетті, біздің тарихымызбен байланысты жаңа мамандарды оқыту мен үшін үлкен мәртебе және маған артылған ұлкен сенім, — деді.
ТастобеАгроФуд»ЖШС директоры Шыңғыс Нұржанұлы:
— Кәсіпорында 1500 бас мал бар, оның 700 басы сауынды сиырлар, бүгінгі таңы 500 бас сиыр сауында тұр. Біздің сүт фермасының асыл тұқымды сиырлары қарапайым ауыл маладырынан өзгешелеу және күтімде ерекше. Сондықтан бізге кәсіби мамандар өте қажет. Жақсы мамандар қашанда сұранысқа ие болып қала бермек. Егер жақсы білікті мамандар болса біз қуана қабылдаймыз. Жалақысын бәскеге қабілетті етіп төлеуге, тіпті тұрғылықты үйменде қамтамасыз етуге дайынмын. Сіздердің бұл бастамаларыңыз өте жақсы екен, біздің талай мәселені шешері анық жақсы мамандар оқып бітірсе, — деді.
Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ақжайық Мұратқызы:
— ТастобеАгроФуд басшылығымен үнемі байланыстамыз, «Еңбек» электронды жұмыс іздеу порталында шыққан сіздердің мекемедегі бос орындар туралы ақпаратты аудандық жұмыспен қамтудың әлеуметтік желілердегі парақшаларына тұрақты жарялап отырамыз. Дамыған заманда қолында құжаты бар, заман талабына сай мамандарды даярлаймыз деген жақсы жаңалығыңызды естіп қуанып жатырмыз. Бұрынғылар «Бейнетің — қатты болса, татқаның – тəтті болар» демекші ата кәсіпті өзіне серік қылған жандар сіздер арқылы керегін тапсын деген тілегім бар, — деді.
Аудандық кәсіпкерлер палатасы директоры Құсайынов Фархат:
— Көне замандардан келе жаткан халыктың өзіндік дүниетанымының бір көрінісі ретінде танылуға тиіс, рөлі ерекше зор малшаруашылығының қадірі мен қасиетін болашақ ұрпаққа жеткізу бүгінгі сізбен – біздің басты мақсатымыз. Бабаларымыз: «Тай өссе — ат тынығады, ұл өссе – əке тынығады» — деген сөз бар емес пе, сол сияқты Шыңғыс сияқты үлкен кәсіп иелеріне болашақта кәсіптеріне сеп болатын жақсы маман даярлап шықса колледж. Онда бүгінгі жиынымыздың түпкі мақсаты орындалды деуге болады, — деп дөңгелек үстелді қорытындылады.
Comments