Елордада алдағы саяси науқанға байланысты өңірлік және республикалық БАҚ өкілдеріне арналған семинар өткізілді.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған іс-шарада сайлауалды үгіт-насихат ¬жұмыстарын жүргізу ережелері бұзылған жағдайдағы құқықтық жауапкершілік және сайлау бойынша ақпараттық қолдау көрсету реті түсіндірілді. «Қазмедиа» орталығында өткен жиынға елордалық журналистермен қатар еліміздің облыстық және аудандық БАҚ өкілдері де ZOOM конференциясы арқылы қатысып, сұрақтарына жауап алды.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов Қазақстандағы сайлау туралы заңдарға енгізілген жаңа өзгерістер туралы айтып берді. 2023 жылғы 19 қаңтардағы ҚР Президентінің Жарлығымен Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы «ҚР сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңына енгізілген түзетулерге сәйкес жаңа форматта өтетін болады.
– Жаңа қағидалар бо¬йынша Мәжіліс депутаттары біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі арқылы, сондай-ақ бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады. Ал облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттары депутаттарының жартысы біртұтас ау¬мақтық сайлау округінің аума¬ғы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі арқылы, екінші жартысы бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады, – деді А.Смағұлов.
Талдау және ақпарат орталығы директорының орынбасары Гүләйім Мұхамбетжанова БАҚ-тың және онлайн-платформаларды пайдаланушылардың міндеттерін, сондай-ақ сайлау науқаны кезінде ақпараттық кеңістікте жүргізілетін мони¬торинг жөнінде баяндады.
– 2022 жылғы 5 қарашада Сайлау туралы заңға өзгерістер енгізілді, енді сайлау алдындағы ақысы төленетін үгітті онлайн-платформалар арқылы өткізуге болады. Былтыр 3 мамырда «Ақпараттандыру туралы» ҚР заңына онлайн-платформалардың қызметіне қатысты бірқатар өзгеріс енгізілді. Осы өзгерістерге сәйкес Facebook, Instagram, Telegram, YouTube секілді әлеуметтік желілерді онлайн-платформалар деп санаймыз. Ресми БАҚ-тың әлеуметтік желідегі аккаунттарын онлайн-платформа пайдаланушылары ретінде де қарастыруға болады. Бұл ретте БАҚ төлем мөлшері, эфир уақыты мен баспа алаңын беру шарттары, ақпарат көлемі туралы ақпаратты жариялауға және ОСК/АСК ұсынуы тиіс. Айта кету керек, онлайн-платформалар пайдаланушылары БАҚ саласындағы уәкілетті органда тіркелмейді, – деді Г.Мұхамбетжанова.
Басталған сайлау науқаны аясында мониторинг 19 рес¬публикалық және 30 облыстық телеарнаны, 30 радиоарнаны, 40-қа жуық республикалық және 300-ге жуық аймақтық мерзімдік басылымдарды, қоғамдық-саяси интернет-ресурстарды (130-ға жуық интернет-ресурстарды), сондай-ақ онлайн-платформаларды қамтиды.
Мониторинг жүргізілетін БАҚ-тың негізгі түрлеріне, біріншіден, электрондық ақпарат құралдары, яғни теледидар және радио жатады. Мониторинг бірлігі – эфирдегі жаңалықтар блогындағы сюжеттер, видео, аудиороликтер, кандидаттар аталған бейнематериалдар. Әр кандидат көрсетілген бейне және аудиоматериалдардың саны, ұзақтығы қаралады, оның ішінде үгіт материалдары қаралып-тыңдалады. Үгіт материалдарында қаржыландыру туралы ақпарат болуы керек. Ақпараттық қамтамасыз ету бойынша мұндай материалдарды эфирге шығару қаржы талап етпейді.
Екіншісі – мерзімді басылымдарды мониторингілеу. Мониторинг бірлігі – басылымдағы жарияланым. Үгіт материалдарын қоса алғанда, кандидаттар туралы баспа басылымында жарияланған барлық материалдар жалпы ауданын анықтау үшін өлшенеді. Материалдарында қаржыландыру туралы ақпараттың бар-жоғы тексеріледі. Барлық үміткерлер үшін бірдей қолжетімділікті анықтау үшін баспа таралымының саны да ескеріледі. Үшіншісі – интернет-ресурстарды мониторингілеу. Интернет-ресурстар материалдарына мақалалар, бейнероликтер, жарнамалық баннерлер жатады.
– Өткен жылдардағы сайлау науқандарының тәжірибесіне сәйкес, сайлау заңнамасын жиі бұзатындар өңірлік БАҚ екенін атап өткім келеді. Көбіне кандидаттар туралы ақпарат бірдей көлемде аталмайды. Бір газетте бір ғана кандидат туралы толық жазатын сәттер жиі кездеседі. Қалғандары фондық режимде қалады. Насихаттау мерзімі аяқталуға жақындаған кезде, жарияланымдар көлемін теңдестіру қажет.
Онлайн-платформа пайдаланушысының парақшасында (YouTube, Facebook, Instagram, Telegram, TikTok) таратылатын материалдар – мақалалар, бейнероликтер, жарнамалық баннерлер қаралады. ОСК/АСК төлемі туралы ақпарат ұсынған онлайн-платформалар пайдаланушылары мони¬торингке алынады. Жалпы, саяси партиялар/кандидаттар бойынша ақпарат көлемінің теңдігі бөлек есептеледі. Қолданыстағы алгоритмге сәйкес, мониторинг нәтижелері бойын¬ша сайлау заңнамасын бұзу белгілері бар материалдарды Талдау және ақпарат орталығы анықтап, министрлікке тиісті ақпаратты жолдайды. Ал министрлік өз кезегінде оларды Бас прокуратураға жібереді. Бас прокуратура нақты құқықтық баға беріп, құзыреті бойынша шаралар қабылдайды.
Тыйым салынады:
Бірінші, мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлау алдындағы үгіт жүргізуге;
Екінші, келісімшарттың талаптары бір немесе басқа үміткерге артықшылықтар тудырмауы керек;
Үшінші, орналастырылған үгіт материалдарында қаржыландыру көзі көрсетілуі тиіс.
Төртінші, БАҚ, онлайн-платформалар сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін жариялаған кезде сауал жүргiзген заңды тұлғаны, сауал жүргізуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген тұлғаларды, сауал жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрақтың нақты тұжырымын, сауал салынғандардың саны мен сауал салу нәтижелерінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.
Бесінші, БАҚ және онлайн платформаларды пайдаланушыларға кандидаттарды/саяси партияларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін, яғни биыл 18 ақпанда сағат 18:00-ге дейін, сайлау күні және соның қарсаңында 18 және 19 наурызда үгіт материалдарын орналас¬тыруға тыйым салынады.
Алтыншы, бір партияға немесе кандидатқа келісім беріп тұрып, басқаларына келісім бермеуге тыйым салынады.
Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау жөніндегі қызметінің басшысы Азамат Серікұлы жоғарыдағы талаптар сақталмаған жағдайда БАҚ қандай жауапкершілікке тартылатынын баяндады.
Comments