Елімізде 19 наурыз күні өтетін мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауында Түркістан облысы бойынша 941 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Бұл жайында Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әуелхан Тұрғымбеков мәлімдеді.
Науқанның ашықтығы мен заңдылығын бақылау үшін облыс аумағында 318 округтік сайлау комиссиясы құрылды. Жалпы өңірде қазіргі таңда 1 млн 177 мың адам дауыс беру құқығына ие.
— Жыл басынан бері барлық аумақтық сайлау комиссиялары жұмыстарын бастады. Биылғы сайлауда өзгеріс көп. Мәжіліске депутаттар 70 пайыз партиялық тізіммен енсе, 30 пайыз мажоритарлық тәсілмен сайланбақ. Демек, ұйымдар не азаматтар өз-өзін ұсыну арқылы мәжіліс депутаты бола алады. Сондай-ақ, мәслихатқа депутаттар 50 пайыз партиялық тізіммен, 50 пайыз мажоритарлық жолмен енбек. Ал аудан-қала мәслихаттарына 100 пайыз мажоритарлық тәсілмен сайланады, — деді Әуелхан Елтайұлы.
Жалпы, мәжіліс пен мәслихат депутаттығына үміткерлерді ұсыну сайлауды тағайындау туралы Жарлық жарияланған күннен басталады. Сөйтіп, 20 күнге созылады. Осылайша, 20 қаңтардан 18 ақпанға дейін жалғасады. Сайлау алдындағы үгіт-насихат 18 ақпан күні сағат 18:00-де басталып, 18 наурыз сағат 00:00-ге дейін созылады. 18 наурыз – «тыныштық күні».
Сайлау күні, яғни 19 наурызда учаскелерде жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін азаматтар дауыс бере алады.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Comments