Астаналық арнайы делегацияны бастап келген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі
Серік Жұманғарин Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге оңтүстіктің жылыжай иелерімен кездесті. Онда тараптар талап — тілектерін ортаға салды.
Диқандар талаптары орындалады. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Алайда мемлекет тарапынан да бірқатар ұсыныс бар.
Ең алдымен, жылыжай иелері өнімдерінің 70 пайызын нарықтық бағамен, ішкі нарықты қамтуы тиіс. Яғни, көкөніс пен жеміс — жидектің басым бөлігі шетел емес, Қазақстан халқына қолжетімді болуы тиіс.
Жылыжай иелеріне мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несие алудың заңды тетіктері қаралып жатыр. Алайда, ол үшін олар өз істерін заңдастыруды керек. Қазіргі жағдайда бұл да бұғау болып тұр. Өйткені жылыжайлардың 90%-дан астамы құжаттандырылмаған.
Гектарлық субсидия беріледі. Ол үшін белгілі стандарттар бекітіледі. Олар сертификатталады. Тиісті заңдарға өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік органдар тарапынан ережелер бекітіледі. Ал, қардан қираған жылыжайлар жеңіл темірден, стандарттарға сәйкес емес салынған.
Келер жылы көмір тапшылығын болдырмау үшін осы бастан іс- әрекетке көшу керек. Алыпсатарлардан арылу үшін шаруалар кооператив құрып, тапсырысты ерте және нақты мөршерде беру керек. Отынды алдын ала сатып алып, сақтау үшін қауіпсіздік шаралары қамтылу міндеттеледі. Яғни, жер асты не қойма болуы міндетті. Жылыжай иелері — кәсіпкер. Соған қарамастан, әлеуметтік салаға бағытталған төмен бағада есептеледі.
Бүгінгі басқосуға көрші Өзбекстаннан ауыл шаруашылығы саласы мамандары келді. Тәжірибе алмасып, өнім сапасын арттыруға күш салу үшін.
— Біз сіздерді тыңдауға келдік. Алдағы уақытта қиындықтарды болдырмау үшін, ерте қамданудың маңыздылығы белгілі.
Жылыжай иелеріне мемлекет тарапынан жан — жақты қолдау беріледі. Алайда олар тек заң аясында жүзеге асуы тиіс, — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары- Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
Жылыжай шаруашылықтарын ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғалған топырақта өсіруді субсидиялау (гектарлық субсидия) бағдарламасы арқылы қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ жылыжай кешендерін қолдау үшін, айналым қаражатын толықтыру мақсатында «Кең-дала» бағдарламасы шеңберінде арнайы жеңілдетілген қаржыландыру механизмін ендіру қажет.
Жалпы жылыжайлардың 94 %-ы фермерлік қолдан жасалған жеңіл конструкциялы жылыжайлар болғандықтан 100-ден астам тауар өндірушілердің 37 гектар жылыжайлары қар салмағын көтере алмай жарамсыз күйге түсті. Сонымен қатар 9 гектарды құрайтын 3 өнеркәсіптік жылыжайлардың өнімдерін үсік шалды.
Зардап шеккен жылыжай көлемі 46 га. Оның 3,7 га өнім егілген. Қалғанына өнім егілмеген.
Жылыжай шаруашылықтарын қарқынды дамытуда Түркістан облысы еліміздегі алдынғы қатарлы бірден-бір өңір болып табылады. Жалпы Республикадағы жылыжайлардың 71 % облыстың үлесінде немесе 1 569 гектарды құрайтын 3 366 бірлік жылыжайлар бар.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
___
Comments