«Шардара» су қоймасы 84%-ға толды. Су айдынының бүгінгі жағдайымен танысқан еліміздің Су ресурстары комитетінің басшылығы әзірге қауіптің жоқ екенін мәлім етті. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Су ресурстар комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетов бастаған делегация еліміздегі су қоймаларынан келетін қауіптің мән-жайын бағамдады.
Ал, жергілікті су шаруашылығы саласының мамандары Сырдария өзені арқылы көрші елдерден қоймаға шамадан тыс су келіп жатқанын айтып, алаңдаушылық білдіруде. Оның үстіне күн күрт жылынып, жауын жауған жағдайда судан келетін қауіптің артатынын айтып дабыл қақты. Мамандар артық суды жинайтын қосымша қашыртқының қажеттігін тағы айтты. Апаттың алдын алу үшін Арнасай су торабына кетіп жатқан судың көлемін арттыру ұсынылды. Бұл мәселелерді шешу – комитет құзырында.
– Бүгінгі күнде біздің баланстағы су қоймалардың барлығы көктемгі тасқын суын қабылдауға дайын. «Шардараның» өзінде 1 миллиард текше метрге жуық бос көлем бар. «Көксарайда» да 600 миллион текше метрден артық су жинайтындай бос көлеміміз бар. «Шардара» су қоймасынан төмен қарай су жіберіп жатырмыз. «Шардара» су қоймасынан бастап, әрі қарай төменге Қызылорда облысындағы су арналарының қандай жағдайда екенін зерттеп шықтық. Түркістан облысында ешқандай қауіп жоқ. Мұз жиналған, судың еркін жүруіне кедергі әзірге көзге түспеді. «Шардара» су қоймасы келген суды қабылдауға дайын. Бүгінгі күнде штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Келген суды дұрыстап қабылдап алып, ел игілігіне жұмсау – біздің басты бағытымыз. Қауіпсіздікті ойлау керек. Осындай көлемде 25 күндік суды қабылдап, емін-еркін әрі қарай жіберуге мүмкіншілігіміз бар. Келісімшарттарға сәйкес көрші елдермен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз, – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Су ресурстар комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетов.
«Шардара» су қоймасында 4 млрд. текше метрден астам су жиналған. Яғни, су қоймасы 84%-ға толған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1 млрд. текше метрге артық. Су қоймасының жалпы сыйымдылығы – 5 млрд. 200 мың текше метр. «Көксарай» су реттегішіне 2022 жылмен салыстырғанда 1157 млн. текше метрден артық су жиналған. Сырдария өзені арқылы «Шардара» су қоймасына көрші елдерден орташа есеппен секундына 1389 текше метр су келіп, су қойманың төменгі ағысына 1111 м3/сек су шығарылуда.
– «Шардара» су қоймасының мәселесі өте өзекті. Ауа райы күрт өзгерейін деп тұр. Жауын-шашын болып, күн жылиды, қар ериді. «Шардара» су қоймасының жағдайын айтып келе жатқанымызға талай жыл болды. «Катастрофически сброс» деген болады. Келген тасқын суды алып кететін қашыртқы есебінде. Ол салынбаған. 2 млн. халық тұратын Түркістан облысы мен Қызылорда облысына қауіп төніп тұр. 2019 жылы қанша комиссия құрылып, жобалар қарастырылды. Мәселеден шығу жолдары айтылды. Бірақ ол қаралып жатқан жоқ. Қазір басымыз қатып жатыр. Суды қайда жібереміз? Өзбекстанға тастаймыз ба? Арнасайға не Қызылордаға жібереміз ба? Қызылорда облысындағы өзенде мұз қатқан, ол да суды қазір қабылдай алмайды. Егер келетін су көлемі артса не болады? Мәселе сонда. Егер қашыртқы салынғанда, артық келген су сонда жиналатын еді. Суды өзіміз реттейтін едік, ешкімге зиян келмес еді. Сол мәселені айтып жатырмыз. Комитеттен басшылар келді, айттық. Министрмен кездесіп, осы мәселені қарастырамыз деді. Осы жолы шешілмесе, бұл табиғатқа қарсы тұратын ешкім жоқ. Біздің халықтың өмір бақи қорқатыны осы, осындай жағдайда үрейленіп отырады. Бұл масқараны тоқтатанын кез баяғыда жетті. Сол шешім табылар, деген үміттеміз. Барлық шаралар қолданылып жатыр. Алдын алу шаралары қаралып жатыр. Құдай апаттан сақтасын, – деді инженер-гидротехник Өмірбек Болысбеков.
Сырдария өзенінің бассейні Түркістан және Қызылорда облыстары үшін суарудың негізгі көзі, осы өзеннің суларымен 500 мың гектардан астам жер суарылады. Сырдария өзенінің бойында орналасқан «Шардара» су қоймасы 1967 жылы пайдалануға берілген. «Шардара» су қоймасында апаттық жағдай туындаса, су қойманың төменгі бөлігіндегі 34 мың халқы бар 22 елді мекенді су басу қаупі бар.
Су шаруашылығы мамандары «Сырдария» өзенінің жоғарғы ағысында Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінде орналасқан су қоймалары электр энергиясын өндіру режиміне өтуіне байланысты, су қоймадан тасталған су мөлшері есебінен де көбейіп жатыр», деп дабыл қағуда.
Сонымен қатар «Казгидромет» РМК болжамына сәйкес, Түркістан облысы аумағында 31 қаңтар мен 03 ақпан аралығында қатты жауын-шашын болып, ауа температурасы +12 градусқа көтерілітіндігі көрсетілген. Бұл өз кезегінде облыс аумағының таулы жоталарынан бастау алатын Арыс, Келес, Бадам, Боралдай, Ақсу, Шаян өзендерінде судың деңгейі көтеріліп, Сырдария өзеніне құйылып, жағдайды күрделендіруі күтілуде.
Ауа райының күрт жылуы Сырдария өзенінің жоғарғы ағысынан келген судың көбеюі, «Шардара» су қоймасының мерзімінен бұрын толуына әкеп соғу мүмкін. Бұл жағдай өз кезегінде көктемгі тасқын су апаттық жағдайының орын алу тәуекелділігін арттыруда.
Comments