Ескерткіш – елдіктің белгісі. Алматы қаласында бүгін «Тағзым» мемориалы ашылды. Ол қаңтар оқиғасында опат болған боздақтарымыздың құрметіне арналды. Шараға ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы қатысып, тағзым етті. Мемлекет басшысы қаңтар қасіреті ел тарихындағы үлкен сынақ ретінде халқымыздың жадында сақталатынын атап өтіп, Алматыда «Тағзым» мемориалын орнатуды жөн көргенін жеткізді.
– Шын мәнінде, бұл ескерткіштің мағынасы терең, маңызы өте зор. Мұнда Қазақ елінің мемлекеттігін нығайту жолындағы қилы кезеңдер көрініс тапқан. Тас тұғырларға әйгілі тұлғаларымыздың өлеңдері және өсиеттері жазылған. Ұлтты ұйыстыратын осы сөздер әрқайсымызға ой салады. Бұл мемориалды қаңтарда қаза болған азаматтардың рухына тағзым ретінде тұрғыздық. Сондай-ақ оны кейінгі ұрпаққа тағылым болсын деп орнаттық. Мен осы мемориалдың бой көтеруіне атсалысқан сәулетшілерге және барлық азаматтарға ризашылығымды білдіремін, – деді Президент. Сондай-ақ, Президентіміз қаңтар оқиғасы бәріміз үшін үлкен сабақ болғанын жеткізді.
– Біз құт-берекенің бастауы тұрақтылық екенін ұғындық. Ел тыныштығын сақтай білмесек, дүние бір сәтте астаң-кестең болатынын көрдік. Тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді күн сайын қорғауымыз қажет екенін сезіндік. «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөздің мәнін де жете түсіндік. Ынтымақ пен бірлік болмаса, басқа жетістіктің бәрі бекер екеніне көз жеткіздік. Сондықтан қаңтар қасіреті және сол кезде өмірі қиылған азаматтар біздің жадымызда мәңгі сақталады. Біз ұлт болып ұйыссақ, кез келген қауіп-қатерді еңсере аламыз. Мен Президент ретінде мемлекетіміздің тұтастығын және халқымыздың амандығын сақтау үшін бәрін жасаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Тағзым» мемориалы қаңтар оқиғасы болған жерде салынды. Республика алаңы халқымыз үшін киелі орын саналады. Өйткені, 1986 жылы жастарымыздың Тәуелсіздікке ұмтылған алғашқы қадамы да сонда басталған. Халқымыз «Бақ-береке — бірлікте» дейді. Біз кез келген сынақ пен қиындықты елдігімізбен, ынтымағымызбен жеңе білген халықпыз. Шекарамыздың бүтін, аспанымыздың ашық, ел ішінің тыныш болуы – әрбірімізге байланысты. Отанның өзі отбасыдан, әр азаматтан басталады. Сол Отанның бүтіндігі әр қазақстандықтың мойнында. Демек, әлемдік саясат құбылып, көрші елдер соғысып жатқанда, бейбітшілігіміз баянды болуын қаласақ мызғымас бірлігімізден айырылмайық.
Тельман БЕЙСЕН,
Журналист-тарихшы, «Turkistan Media Holding» холдингінің басқарушы директоры
Comments