ӘлеуметЖаңалықтарҚоғам

Қарттар күні – құрмет пен тағзым мерекесі

1 қазан – Халықаралық Қарттар күніне орай Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6698 әскери бөлімінде ардагерлерге құрмет көрсетуге бағытталған тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Ардагерлерге құрмет көрсету – әскери ұжымның игі дәстүрлерінің бірі. Себебі олардың ел қауіпсіздігі жолындағы адал қызметі мен өмірлік тәжірибесі бүгінгі әскери қызметшілер үшін қашанда өнеге.

Мереке қарсаңында әскери бөлім командирінің орынбасары подполковник Данияр Нұрғожаев пен әйелдер кеңесінің мүшелері ардагерлердің шаңырағына арнайы барып, оларды мерекемен шын жүректен құттықтады. Кездесу барысында әскери бөлім командирінің атынан арнайы құттықтау хат табысталып, сый-сияпат ұсынылды.

Құттықталған ардагерлердің қатарында 1995 жылы тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік борышын адал атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан старшина Бақбаев Қалмаханның ардақты анасы Бақбаева Ұрқия апа болды. Ұлының Отан алдындағы жанқиярлық ерлігі – кейінгі ұрпаққа мәңгілік үлгі. Ұрқия ананың перзентіне деген сағынышы мен елге деген адалдығы барша әскери қызметшілерге ерекше әсер қалдырып, ерлік ешқашан ұмытылмайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сонымен қатар, әскери бөлімде ұзақ жылдар бойы дене шынықтыру және спорт бастығы қызметін абыроймен атқарған, отставкадағы майор Марат Джакупов та мерекелік құрметке ие болды. Саналы ғұмырын әскери қызметке арнап, жас сарбаздарды тәрбиелеу мен шынықтыру ісіне өлшеусіз үлес қосқан ардагерге ізгі тілектер айтылып, көп жылғы адал еңбегі үшін алғыс білдірілді.

Қарттар күніне арналған іс-шаралар мұнымен шектелген жоқ. 1 қазан күні қарттар күніне арналған жиында әскери бөлім командирі, полковник Бауыржан Нуралиев әскери бөлімнің бірқатар ардагерлерін олардың Ұлттық ұланның қалыптасуы мен дамуына, әскери-патриоттық тәрбие жұмысына және жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан елеулі үлесін жоғары бағалап, арнайы Алғыс хаттармен марапаттады. Командир ардагерлерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбастарына амандық пен бақ-береке тілеп, олардың өмірлік тәжірибесі мен өнегелі жолы қазіргі әскери қызметшілер үшін әрдайым үлгі болып қала беретінін атап өтті.

Ардагерлермен өткен жылы жүздесулер барысында олардың өмір жолы, әскери қызметтегі естеліктері мен тағылымды әңгімелері тыңдалып, жас буынға бағыт-бағдар берер құнды ойларымен бөлісті. Мұндай кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, әскери дәстүрлерді дәріптеуге, Отанға адал қызмет ету рухын қалыптастыруға ерекше ықпал етеді.

Ардагерлерге құрмет көрсету – бұл өткенге тағзым ғана емес, ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек еткен жандарға деген шынайы алғыс пен құрметтің көрінісі. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6698 әскери бөлімі алдағы уақытта да ардагерлерге қамқорлық көрсетіп, олардың өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа насихаттау жұмыстарын жалғастыра береді. Өйткені елге адал қызмет еткен ардагерлердің еңбегі – әрдайым құрметке лайық.

«ҚАРТТАРЫМ – АСЫЛ ҚАЗЫНАМ»: ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ – ҚОҒАМНЫҢ РУХАНИ КАПИТАЛЫ

Алдыңғы

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *