ҚоғамСаясат

Президентті дұрыс таңдайық

Қай бір күні кешкісін телефоннан Гүлмира Ізбасханованың əндерін тыңдап отырғанмын. «Сені сүйем» əнін 34 миллион адам тыңдапты. Пікір жазғандарда да есеп жоқ. Жұрт не деп жазып жатыр екен деп ашып қалмаймын ба, дені шетелдіктер. Ирина Ахметова деген «Казахи, что за вы люди? К чему не прикоснетесь, там талант, там культура, справедливость, доброта. Вы наверное дышите таким воздухом. Оставайтесь такими, вы заслуживаете» депті. Ал Кристина Тимонина : «Продолжаю слушать… этот гимн любви… под бомбами и обстрелами… мы живы» дейді.

Ирина деген кім, оны тіпті білмеймін, ең бастысы адам. Адам болғанда да менің ұлтыма деген көзқарасы керемет. Дəл сипаттама берген. Ал екіншісі шамасы, Украйнадан болар. Осы екі пікірді оқып, шынымды айтсам, қазақ болғаныма, елімде тыныштық болғанына қуандым.

«Қаңтар оқиғасы» есіме түсті. Бұл оқиға сол жерге бармағандардың да есінде мәңгі қалды.

Алматыдағы университеттің бірінің соңғы курсында оқитын қызым 3-қаңтарда практиканы бастаймыз деп 1-қаңтарда пойызға кешкісін мініп кеткен. Екісі күні аман-есен жетті. Дүкенге барып нан мен аздаған азық-түлік сатып алдым деді. Қасындағы қыз 5-қаңтарда келетін болыпты. «Құдай сақтасын, қорықпас, көп қабатты үй ғой» деп ойладым. Сонымен ертесінен бастап оқиға күшейіп кетпесі бар ма, əлеуметтік желі істемей, тек теледидарға телміріп қалдық. Қызымның əлгі пәтерінде телевизор жоқ. Не болып жатқанын мен телефон арқылы хабарлап отырмын. Бірақ оған телефон соққанда ар жағынан мылтық даусы естілгендей болады. «Ешқайда шықпай үйде отыр» деймін қорыққанымнан. «Нан таусылды» дейді ол. «Вермишель жесең де шықпа» деймін жанұшырып. Өйткені теледидардан бəрін естіп отырмыз ғой. Ол маған «аспан тұман, «ешқайда шықпаңыздар, терезе алдына жақындамаңыздар» деп зорайтқышпен айтып жатыр,-«дейді. Бір рет телефон соқсам, қызым көтермейді. Ватсабына жазып жатырмын. Оқымайды. Азғантай шашымның біразы ағарған болар. Өзімді қоярға жер таппадым. Ойыма не келіп, не кетпеді дейсіз… Əлден уақытта барып жауап берді. «Жуындым ваннаға» дейді. Оған білдірмей жылап жібердім.

Иə, біз соғыс көрмеген ұрпақпыз. Соғысты ата-аналарымыз көрді. Лайым еліміз соғыс көрмесін. Айтайын дегенім, басқаларға қарағанда Алматыда митингі деген жиі өтіп жатады ғой. Алғашында соның бірі шығар деп ойлағаным рас. Тек Президент Қасым- Жомарт Тоқаевтың теледидардан «Мен ешқайда кетпеймін, сіздермен біргемін» деген сөзін естігеннен соң ғана шын мәнінде ел басына сын сағат туғанын түйсіндім. Бəріміз де пендеміз ғой, «Неге олай деді?» деген сауалдар сананың бір бұрышында тұрып қалды.

Шынымды айтсам, сол қаңтар оқиғасы санама сілкініс əкелді. Əншейінде «неге олай емес, неге бұлай етпейді, тіл неге əлі күнге шалажансар? Дінде жүрген жат ағымдағыларға көршілес өзбек еліндегідей қашан тиым салынады?» деген сан сауалдарға жауап таппай қиналатынымыз рас. Əрине, мұның бəрі де еліміз, айналамыз, отбасымыз болашақта аман, жақсы болса деген ойдан шығып жатады. Осының бəрі еліміз Тəуелсіз болып тұрғандағы тілек екен. Басты мақсат мəңгі Тəуелсіздік туын жоғары көтеріп, елде əр қазақстандықтың ұйқысының тыныш болуы екеніне көз жеткіздім. Ол үшін қандай жағдайда да көршілес мемлекеттермен тату болуымыз керек екенін, ішкі тұрақтылық аса қажеттігін бағамдадым. Айтпағым, санаулы күндерден соң ел азаматтарын тағы бір саналы сын сағат күтіп тұр. Ол мемлекетті сақтаумен қатар ары қарай дамыта алатын Президентті таңдау. Дəл қазір осыны жүргізе алатын Қасым-Жомарт Тоқаевтан басқа үміткерді көріп тұрғаным жоқ.

Қазіргі таңда əлеуметтік желі халықтың айнасына айналды. Қарсы келіп жатқандар да бар. Жалпы, мемлекетті құрту үшін мынадай үш əдіс бар екен.

1.Қоғамда ананың рөлін жоғалту. Ол үшін оның осы үйдің мен де бір иесімін деп айтуға ұялуына жеткізу.

2. Білім жүйесін бұзу үшін мұғалімнің оқушы алдында беделін төмендету.

3. Елге сөзі өтеді деген беделді адамдардың абыройын құрту үшін олардан кемшілік тауып, жұрт алдында сынап-мінеп, қадірін түсіру. Осы үшеуі іске асқанда қоғамда ешкімді сыйламайтын, тыңдамайтын хаос орын алады. Ал бұл жағдайда ол мемлекет көрінгеннің қуыршағына айналатынына тарих куә.

Кейде қоғамда осы үшеуі де жүріп жатқандай көрінеді…

Иə, кемшілік жоқ емес, жетеді. Əрине, оның бəрі аз уақытта бірден жойылып кете қоймасы анық. Ендеше Президентімізге өзі айтқандай, Әділетті мемлекет, əділетті экономика, əділетті қоғам құруына, бастаған ісін одан əрі жалғастыруына мүмкіндік берейік.

Базаркүл ҚАЛБЫР,

журналист.

ӨЗ ТАҒДЫРЫМЫЗДЫ ӨЗІМІЗ ЖАСАЙЫҚ! 

Алдыңғы

САЛТАНАТ ТҰРСЫНБЕКОВА ПАВЛОДАРДА ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНА БАРДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *