Кезінде ежелгі Римде азаматтық құқықтан айыру, азаматтық құқықтардың ішінде сайлауға қатысу құқығынан, саяси шешім қабылдауға араласу құқығынан айыру — ең маңызды және ең қауіпті жаза болған екен. Себебі, сайлау арқылы адамдар өз құқығын, өз таңдауын жүзеге асырып қана қоймайды, елдің болашағын айқындауға ықпал етеді. Сайлау құқығы — саяси ерік-жігердің өзегі, саяси билікті айқындаудың белгісі!
Англиядағы, Франциядағы, т.б. буржуазиялық революциялар — саяси шешім қабылдау, мемлекет басқару, азаматтық қоғам құру үшін болған. Бұл реаолюциялардың өзегі — мемлекет тарапынан өктемдік етіп, азаматтарды бағындыру емес, азаматтарды мемлекеттің қалыптасуына, дамуына, болашағына мүдделі, ерікті тұлға ретінде көрсететін сайлау құқығын алу болды.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы үлкен, жауапты белестің алдында тұр.
Жаңа Қазақстан — жаңа қоғам! Ол — сенімді болашақ! Болашақты айқындайтын сайлауға қатысу — миллиондаған азаматтардың сайлауға қатысып, өз ойын жүзеге асыруын қамтамасыз ететін құқық!
Бұл құқықты пайдаланбау жөнсіз әрекет деп білемін, себебі, бұл құқық бостандық үшін төгілген қанмен келген, бұл құқық адамзаттың дамуымен бірге келген. Бұл құқық бізге кепілдік береді. Өзін Қазақстан Республикасының Азаматымын деп санайтын кез келген тұлға сайлауға келіп, өзінің сайлау құқығын жүзеге асыруы тиіс.
Сайлау — жай саяси науқан емес, Сайлау — ел болашағын, елдің тағдырын анықтайтын маңызды тарихи сәт. Сайлауда кімді таңдау, кімге дауыс беру — әркімнің жеке құқығы. Ал сайлауға қатысу — әрқайсымыздың Отан алдындағы қасиетті парызымыз!
Мен сайлауға қатысамын және өз таңдауымды жасаймын!
Баян АДЫРБЕК,
Түркістан қаласындағы «Сабина» балабақшасының меңгерушісі
Comments