Қоғамдағы бірлік, адамдар арасындағы сыйластық, ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілікті арттыруда аналардың ақыл-кеңесіне жүгіну абзал іс.
Бүгін Түркістан қаласында ақ жаулықты аналардың қатысуымен алқалы жиын өтті.
Түркістан қалалық Оқушылар сарайында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінде кезекті отырысында келешек ұрпақ тәрбиесі туралы орамды ойлар айтылды.
Кездесуге арнайы келген Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Ыдырысқызы Шанаи айтары бар аналармен емен-жарқын сұхбат жүргізді.
Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің бас маманы Мадина Камеденова, Түркістан қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова, Түркістан облыстық ҚХА мен этномәдени бірлестіктер жанындағы Аналар кеңестерінің төрайымдары мен мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысқан отырыста еркін пікір алмасу болды.
Түркістан қалалық өзбек этномәдени бірлестігі жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы М.Ибрагимова, Бәйдібек ауданы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Н.Қырықбаева, Сауран ауданы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Н.Жұманова, Түркістан қалалық Оқушылар сарайының директоры И.Икапова мемлекеттік этносаясатты іске асыруда, бірлік пен ынтымақты насихаттауда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеямен бірлесе атқарып жатқан жұмыстары, «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт» республикалық жобасының жүзеге асырылуы туралы баяндады. Басқосу сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өз ойларымен бөлісті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Н.Шанаи ұрпақ тәрбиесіне байланысты ұтымды ұсыныстар айтты. Отбасындағы зрлық-зомбылықтың алдын алу, мектептердегі әлімжеттік, есірткі қолдану, ерте жүктіліктің алдын алуға байланысты мектеп оқушыларымен және жас отбасылармен, көп балалы аналармен ұдайы байланыста жұмыс жүргізу қажеттігін айтты.
Рухани қала Түркістанда рухты әңгіме болды.
Ұға білген ұрпаққа Аналар кеңесінің бүгінгі отырысында қаралған мәселе, қызу пікірлесу ақылдың көмбесі іспетті. Келешек ұрпақтын болашағы жайы келелі ой, ғибратты сөз айтқан Аналарымыз амандық тілейміз.
Comments