Қ.Р.БАЛАБИЕВ, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы, заң ғылымдарының докторы
Ағымдағы жылғы 20 қараша күні елімізде мемлекетіміз бен халқымыздың болашағын айқындайтын тағдыршешті оқиға – Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өткелі жатыр.
Республика Президентінің кезектен тыс сайлауы қалыптасып отырған геосаяси шиеленіс және жаҺандық сын-қатерлер жағдайында Қазақстанның әлемдік деңгейдегі позициясын шегендеу, мемлекеттік және конституциялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, іргемізді бекемдеп, ішкі тұрақтылықты мызғымастай ету мақсатында қабылданған саяси дәйекті шешім болып табылады.
Сонымен қатар, қарашадағы Президент сайлауын да, алдағы жылы өтетін Парламент, мәслихаттар сайлауын да – Жалпыхалықтық Референдумда қабылданған конституциялық өзгерістердің жемісі әрі логикалық жалғасы деп нақты айта аламыз.
Конституциялық реформаларға сәйкес елімізде саяси плюрализмді қамтамасыз ету мақсатында партияларды тіркеуде бірқатар жеңілдіктер енгізілді. Айта кетер болсам, ілгеріде партияны тіркеу үшін оның қатарында 20 000 мүшесі болуы қажет болса, қазір 5000 мүшесі болса, саяси партия құруға мүмкіндік бар. Бұл ретте, өңірлердегі мүшелерінің саны 600 адамнан 200 адамға дейін қысқарды. Партияларды тіркеудегі осы жеңілдіктер саяси аренаға заман талабына сай жаңа партиялардың келуіне мүмкіндік берді. Бұл халыққа жайлы өмір сүру жағдайларын қалыптастыруға ынталы партиялар қатарын көбейтудің алғышарттары сайлау белгіленбес бұрын алдын ала жасалғандығын көрсетеді. Соның нәтижесінде тіркеуден өткен жаңа партиялар өз кандидаттарын Президенттікке, өкілді органдар депутаттығына ұсына алатын болады. Осы орайда, Президенттен бастап, өкілді органдар депутаттарын, әкімдерді сайлау елімізді саяси трансформациялау жөніндегі негізгі қадамдардың бірі болмақ.
Бұл ретте, әрбір қазақстандық азамат сайлау нәтижесінің Отанымыздың және бүкіл қазақ елінің болашақ тағдырына тигізер ықпалын жақсы түсінсе керек деп пайымдаймын.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша Қазақстан Республикасының Президенттігіне 6 кандидат тіркеуден өткен. Бүгінде республика аумағында, сонымен қатар өңірлерде кандидаттарды қолдау жөніндегі штабтар құрылып, сайлау науқанының қарқын алып отырғандығын айтуымыз қажет.
Бүгінде Қазақстанның түбегейлі жаңғыруға, қоғамдық-саяси трансформациялануға бет түзегені барша қазақстандықтарға мәлім. Еліміздің алдында көршілес мемлекеттердегі геосаяси тұрақсыздық жағдайында қорғаныс қабілетін арттыруды, мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын және ұлттық мүддемізді қорғауды, әлеуметтік-экономикалық дамуды көздейтін стратегиялық реформаларды іске асыру сынды ауқымды міндеттер тұр.
Біз өз болашағымызды өзіміз айқындайтын тарихи, әрі жауапты сәтте тұрмыз. Ол – Жаңа Қазақстанның жаңа Президентін сайлауда дұрыс таңдау жасау. «Кемедегінің жаны бір»,- демекші, әрбіріміздің жеке таңдауымыз бен азаматтық белсенділігіміз ортақ Отанымыздың кемел келешегін белгілейтін негізгі құралдар болып табылады.
Қазақтың ұлы философы, Отырарлық данышпан Әбу Насыр Әл-Фараби мемлекет басшысы қандай болуы керек деген сұраққа: «Әділ патша. Құлқынның құлы болмай, құлқынын тыйып ұстаған патша – ең ізгі патша. Патшалар немқұрайдылық танытпауға тиіс үш нәрсе бар: қалың жұртты қорғау, әділетсіздікке жол бермей, жіті бақылау жасау, істерінің басы-қасына игі жақсыларды жинау»,- деген екен. Содан бері қаншама ғасырлар өтсе де, мұндағы айтылған ой бүгінгі күнге дейін өзінің өзектілігін жоғалтпаған. Себебі, ғасырлар мен жылдар бірін-бірі алмастырып, тарих қойнауына енгенімен, кез-келген дәуір мемлекетінің басты қазынасы – адам және оның өмірі болып қала бермек.
Қадірменді әлеумет!
Осындай тарихи шақта ел тағдырына енжар қарамастан, саяси науқанға белсене қатысу – барлығымыздың азаматтық борышымыз. Өйткені, сайлауда Отанымыздың көшін бастауға лайықты азамат үшін дауыс беру, байыпты, парасатты таңдау жасау – мемлекеттік, жалпыхалықтық маңызы бар міндет!
«Тату елге – тыныштық пен тоқшылық нәсіп», — деп Күлтегін бабамыз айтқандай, осындай игі істе татулығымызды тұмар етіп, сайлауға белсенді қатысайық және Отанымызды бірге өркендетейік, ағайын!
Comments