Қоғам

РЕСПУБЛИКА КҮНІ – ОТАНШЫЛДЫҚ РУХТЫ КӨТЕРЕТІН МЕРЕКЕ

Әр мемлекет үшін оның егемендігі үлкен маңызға ие. Қазақ осындайда «Егеменді ел көрікті, бетегелі бел көрікті» деп бекер айтпаса керек.

Алтай мен Атыраудың, Еділ мен Ертістің, Арқа мен Алатаудың арасындағы ұлаңғайыр алтын бесік атақонысымыз бар. Шекарасы шегендеулі зайырлы мемлекетіміз бар. Әлем танитын, жаһандық саясаттың саңлағы атанған Президентіміз бар. Жұртымыз аман, еліміз тыныш. Ел іші даудан, сырты жаудан аман. Ендігі міндет – ел ішіндегі ымыралы ынтымақ пен ауызбіршілікті сақтап, Жаңа әрі әділетті Қазақстанды құру жолындағы Президентіміздің бастамаларына қолдау білдіру. Осы ретте Түркістан облысының зиялы қауым өкілдері де ел-жұртпен кездесулер мен жүздесулерде жиналғандарға тәуелсіздіктің теңдесі жоқ сый екенін, егемен елдің ғана еңсесі биік, болашағы баянды болатынын үзбей насихаттап келеді.

Биыл 16 маусымда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық Құрылтайда «Республика күні» мерекесінің мәртебесін қайтаруды ұсынды. Міне, содан бері тиісті нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізіліп, 25 қазан — Республика күні болып қайта жарияланды. Бұл мерекенің тарихи маңызы зор. Өйткені дәл осы күні еліміздің егемен ел болып, бөлініп шығуы үшін нақты әрі батыл қадам жасалған болатын. Сондықтан әрбіріміз үшін бұл мерекенің құны қымбат болуы тиіс.

Ендеше, еліміздің басты мерекесі құтты болсын! Елдің ымыралы ынтымағы мен берекесі ажырамасын! Көк туымыз қашан да желбіреп, егемен еліміздің мәртебесі өсе берсін! Тыныштығымыз бен татулығымыз артып, Жаңа Қазақстанның өсіп, өркендеуіне, тәуелсіздігіміздің тұғырлы, мемлекетіміздің ғұмырлы болуы жолында аянбай еңбек ете берейік!

Айдар СЕЙДӘЗІМ,

ақын, ҚР Жазушылар Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ  

Алдыңғы

ЕГЕМЕНДІК ТІЛЕГІ – ЕЛДІҢ ҚАЙТА ТҮЛЕУІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *