Қазақ даласы қай заманда болмасын ақын, жыршы, жырау, абыз ақсақал мен көреген қариядан кенде болмапты. VII ғасырда ислам діні Орта Азияға келген болса одан алдын билік құрған түркі қағандары өз алдына бір төбе. Дін исламның Орта Азияға келуімен ислам діні жаңаша кейіпке еніп түрленді. Сол себепті болар ислам ғалымдары арасында Құран Меккеде түсті, Стамбулда басылды, Мауереннахрда түсіндірілді деген сөз қалғаны.
Дін деген терминнің анықтамасы өте көп. Бірақ дін сөзінің анықтамасын бір сөзбен айтқанда Құдайға деген сенім. Дегенмен қазіргі күнде дін десе болды отыра қалып уағыз тыңдау мен бес уақыт намаз оқып одан арысы ораза ұстап Меккеге қажылыққа барып қайтса болды одан мықты, одан иманды мұсылман жоқ секілді сезінетіндей болып жүргендер бар. Осыларды жасап шықса болды Құдай жұмағын дайындап қойғандай болып тұрады. Бұл айтылғандардың барлығы діннің сыртқы формасы. Яғни қандай да бір адамның сыртына қарап мұсылман екендігін танытады.
Ал діннің ішкі көрінісі адамның моральдық, рухани бай болуын айтамыз. Қазіргі күнде адамдардың бойынан тек сыртқы көріністері ғана көрініп ішкі мазмұн қалып бара жатқандай. Намаз оқиды бірақ, адамдарды алдауда алдына жан салмайды, ораза ұстайды бірақ ұрлық жасайды, қажы болады бірақ аярлықпен, қулықпен халықтың ақшасын тартып алуда. Бұл дегеніміз қасиетті ислам дінінің атына кір келтіру. Сонда қайтпек керек? Әрбір адамның бойында – мейірімділік, арлылық, адалдық, әділдік, уәдеге беріктік, мәрттік, жомарттық, ұят, отансүйгіштік, жауапкершілік, адамдарға деген бауырмалдық, ата-анаға деген құрмет, үлкен мен кішіні бірдей сыйлау секілді адамгершілік қасиеттер бойымыздан табылса онда біздің иманды болғанымыз деп дін сөзін түйіндеуге болады. Өйткені мұның барлығы діннің талабы. Сол үшінде Абай Хәкім:
Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек шын, көңіл
Өзгесі хаққа жол емес, деп бір ғана ауыз сөзбен жеткізгені. Ал бүгінгі мақалаға арқау болған Шәкәрім қажы болса:
Хақ мұсылман кім болар,
Айтқан сөзі шын болар.
Рахым, ұят, ар, ынсап,
Төртеуі болса дін болар, деп мұсылманның сипатын түсіндірді. Ел аузында «Хақтың разылығы халықтың ішінде» деген даналық сөз бар. Қандай да бір адамның дініне, тіліне, түр сипатына қарамастан қол ұшын созып, көмек беруде діннің негізгі талабы десек болады. Ал Шәкәрім қажы:
Адамдық борышың,
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай,
Ар сақта оны біл,…..
Қайтадан қайырылып, қауымға келмейсің.
Барыңды, нәріңді тірлікте бергейсің,
Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң.
Шын бақыт осыны ұқ,
Мәңгілік өлмейсің, дегені жоғарыдағы ойымызды нықтағандай. Алла елшісі Мұхаммед пайғамбардан (с.а.с) бастап дамыған «кәміл адам» түсінігін уақыт өте келе әрбір көкірек көзі ашылған ғұлама түрлендіре келе негізгі ойдан ауытқымай өз халінше дамытты. Мәселен Жүсіп Баласағұн жәуанмәрттілік, құт ілімі десе, Иасауише хал ілімі, Абай жүрек ілімі деген. Ал Шәкәрім қажы «ар ілімі» деп атады.
Ар ілімі – тек қана өз тағдырымның алдында жауаптымын демей, барлық адамзаттың тағдырының алдында жауаптымын деп өмір сүруге шақырады. Адамзатқа ортақ бір-бірін қор қылмауға, адамзатқа ортақ мүддеде өмір сүруге үндейді. Әрбір адам адамзатқа ортақ мүддені қорғауға, «адам» деген ұлы ұғымды қор етпеуге шақырады. Шəкəрім қажы – ұят мəселесін бірінші орынға қояды. Егер адам адамшылығын жоғалтса, оның өлгенімен бірдей. Барлық жазадан ар-ұят жазасы ауыр. Біреуді алдап өтірік айтуға болғанмен, адам өз-өзін алдап, өз ұжданының алдында орынсыз іске аяқ баса алмайды. Сол себепті қажының өлең жолдарының көп жерінде «ар-ұят, рахым, ынсап» сөздері кездеседі және имандылықтың өлшемі ретінде осы қасиеттерді қарастырған. Қорыта келгенде «Ар» адамның өз соты. Өзін-өзі жауапқа алып, таразыға тартқаны. Ынсапты, рахымды болу рухани тұрғыда жетілген мұсылманның сипаты. Ал ондай адам көңілі тоқ, мерейі үстем болмақ. Рухани жетілгісі келген адам Шәкәрім қажыны оқу және түсіну арқылы мақсатына жетпек.
Өмірдің өкінбейтін бар айласы,
Ол айла қиянатсыз ой тазасы,
Мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек,
Таза жүрек, тату дос сол шарасы, — дейді.
Қ.Қосмаханов
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
маманы
Comments