Қазіргі уақытта Қазақстан цифрлық трансформацияда өңірлік көшбасшы ретінде танылып отыр.
Worldfinancialreview.com мәліметінше, ел тек қаржылық технологиялар (fintech) мен ІТ экспорт саласында ғана емес, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, жасанды интеллектіні (AI) дамыту және кең жолақты интернетпен қамту бағытында да айтарлықтай жетістіктерге жетті. Онлайн мемлекеттік қызметтер бойынша әлемдегі үздік ондыққа енген Қазақстан Еуразиядағы цифрлық жаңғырудың үлгісіне айналуда.
Табиғи ресурстан – цифрлық дайындыққа
Бұрын посткеңестік, ресурстарға бай экономика ретінде танылған Қазақстан бүгінде Орталық Азиядағы цифрлық жаңғыртудың алдыңғы шебінде. Елдің стратегиясы қаржылық технологияларды дамытудан кең ауқымды цифрландыруға қарай ойысты. Қазір бұл бағытқа мемлекеттік қызметтерді толық цифрландыру, интернетке тең қолжетімділік, ұлттық жасанды интеллект экожүйесі және халықаралық стартаптармен ынтымақтастық кіреді.
Қазақстанның БҰҰ-ның 2024 жылғы Электрондық үкіметті дамыту индексі бойынша Online Services Index (OSI) тізімінде Оңтүстік Корея, Эстония және Даниямен қатар әлемдік ТОП-10-ға кіруі – маңызды жетістік. Ел жалпы рейтингте төрт сатыға көтеріліп, 24-орынға тұрақтады. Бұл көрсеткішпен Қазақстан Германия, Қытай және Аустралия сияқты ірі экономикаларды басып озды. ТМД елдері арасында Қазақстан электрондық басқару бойынша көш бастап тұр.












Comments