Кітап – адамзаттың ең жақын досы және ақылшысы, даналық пен білімнің қайнар көзі. Кітап – білім қазынасының кілті һәм ойдың бұлағы болғандықтан, халқымыз оныкиелі, қадірлі санаған. Кітап арабтың «жазу» деген сөзінен шығып, тарих шежіресі, оқу тәрбие құралы болып табылады. «Оқымасаң – ой тоқырайды»,- деген сөз кітап оқымағанның ойы таяз, өмірі қараңғы болатындығын дәлелдейді. Сондықтан да, кітапты бағалау, оқуға деген құштарлық, оны сүю халқымыздың қанына сіңген. Алайда, заманауи техникалар даму үдерісі жоғарылаған сайын жастарымыздың кітаптың бетін парақтап, онда жазылған дүниелерді ақ параққа түртіп алу деңгейі төмендеуде. Білім алуға талпыныс жасап, кітап оқудың орнына алтыннан да қымбат уақыттарын бос әурешілікке жұмсап, сана-сезімінің, дүниеге деген көзқарасының бір беткейлі болуына әкеліп соғуда. Бір ескере кетерлігі, кез келген әлеуметтік желі, бұқаралық ақпарат құралдары, бейнетаспалар да кітап секілді туындыны алмастыра алмайды. Әсіресе, көркем әдебиет кітаптары әр адамның бойындағы адами қасиеттерді шыңдайды. Мәселен, жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» атты кітабындағы оқиғаларды баяндайтын фильмді қаншалықты шеберлікпен түсірсе де, кітаптан алған әсерді бере алмайды. Адам өзінің ойлау қабілетімен, рухани дүниесімен өмір сүргендіктен, отбасында кітап оқуға көңіл бөлу бала тәрбиесіне де оң әсер етеді әрі «рухани нәр» болады. «Кітапсыз өтілген бір күн, орны толмай бос кеткен күн»,- демекші, кітап атаулымен дос бола білу сәби шақтан басталуы керек. Себебі, оны оқу – баланың ой-өрісін кеңейтіп, ойлау, сөйлеуге үйретеді және есте сақтау қабілетін дамытып, танымдық қызметін анықтайды.
Темірді тат басқаны секілді азғындық та адамды құрдымға кетіреді. Ал оған қарсы иммунитет болып саналатын руханият кітап оқу арқылы беріледі. Тіпті, адамның психикалық әлеуетін дамытудағы рөлі орасан зор. Кез келген жаңалықтар уақыты келіп ескірсе, адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған жауһарларын өзінде қамтыған кітаптар ешқашан ескірмейді. Ел болашағы саналатын жастарды ұлттық құндылықтар жолында тәрбиелеуде кітаптан асқан қуатты құрал жоқ. Түрлі тақырыптар мен мәселелерді өзінде қамтыған құнды еңбектерді оқу арқылы дүниеге деген көзқарасымыз өзгеріп, оған ой жүгірту үшін берілген санамыз арта түспек. Қаншама ғұлама ғалымдар кітапқа ғашық болу арқылы жетістіктер мен кемел адам дәрежесіне жеткен. Бір ғана мысал, Қазақстан халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, әңгіме жанрының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов кітап оқу жайлы: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік»,- деген пікірі сөзімізге дәлел болмақ. Расымен де, кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Оны таңдап-талғап оқи білу, түсіну мен сезіну, алған әсеріңді өмірлік қажеттілікке жарата білу – әрбір жанның біліктілігі мен білімін арттыра түседі.
Тарихта аты қалған нар тұлғалар кітапқа соншалықты назар салғандығы – түнімен шамның жарығында онда жазылған мәселелерді талқылап, шешімін тапқан. «Кітап – көзі жұмыққа арзан, көзі ашыққа маржан»,-дегендей, заманындақазіргі таңдағыдай мүмкіндіктердің бір бөлігі болмаса да, алты мыңнан астам хадисті жаттап, биік дәрежеге қол жеткізген имам Бухаридың аты шартарапқа жайылғаны баршамызға мәлім. Ол да болса, кітапқа деген махаббаттың себепкерлігінен.
Қорытындылай келе, адам баласына дүниеде кітаптан асқан дос, сырлас жоқ. Себебі, Мұхтар Әуезов айтқандай: «Кітап атаулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін «интеллигент бола бастадым»,- деп санауына болады»,- деген. Жас ұрпақтың санасына ойдың қазынасы болып табылатын кітапты ең қымбат сый ретінде ұқтыра білсек, сонда ғана балаларымыз біз армандағандай рухани кемел, терең ойлы, Отанына және асыл дініне адал текті ұрпақ болып өседі деп есептейміз.
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Жетісай ауданындағы маманы
Б.Шаймерден
Comments