Бүгін, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Қазыбек би ауылдық округі, Абибулла елді мекенінде орналасқан «Ақ көгершін» балабақшасында «Тіл болашағы — балабақшадан» атты бүлдіршіндердің қуанышын еселей түсетін мерекелік іс-шара болып өтті.
Мерекелік іс-шараға Жетісай аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Р.Басымбекова , Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ басшысы
Қ.Рысмаханов, және «Қоғамдық келісім» КММ Жетісай аудандық филиалының маманы М.Айдарбеков, ата-аналар мен бүлдіршіндер қатысты.
Іс — шараның мақсаты — мемлекеттік тілдің маңызы туралы түсінік беру. Сан ғасырлар бойы халықтың өзімен бірге жасасып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра боп қалып жатқан ауыз әдебиетінің бай саласының бірі қазақ тілін ұрпақтың бойына сіңіре білуге және туған жерін сүюге, қадірлеуге, бағалап мақтан етуге тәрбиелеу.
Мерекелік шара ҚР мемлекеттік әнұранын тыңдаумен бастау алып, балабақшаның бүлдіршіндері ақындардың өлеңдерін оқып,жас ақындар айтысты, концерттік бағдарлама қойып өз өнерлерін ортаға салды.
Шара барысында Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ басшысы
Қ.Рысмаханов: «Қымбатты балалар! Өзінің байлығы, сұлулығы және икемдігі жағына дүние жүзіндегі озық тілдермен теңдесе алатын ана тілің бар екендігін ұмытпаңдар. Ел үмітін ақтар азамат болам десеңдер, сол игілікті жалғастырып, дамытып ілгері апара біліңдер. Ана тілінің көсегесін көгертіп, мәртебесін өсіру, баянды ету ендігі жерде өздеріңе байланысты. Оқу-білім, еңбек жолында ана тіліңнің қамқоры бола біліңдер!» — деп тілегін білдірді.
Және жиын соңында балалардың мерекелік шараға қатысуына ықпал етіп, педагогикалық шеберлігімен танылған балабақшаның тәрбиешілеріне өз атынан алғыс хаттар табыс етті.
Мерекелік жиынға келген балаларға демеушілер есебінен оқуға қажетті құрал-жабдықтар, сыйлықтар мен сусындар тегін үлестірілді.
Comments