АймақӘлеуметҚоғамРуханият

ОТАНДЫ СҮЮ – ИМАННАН

Отанға деген сүйіспеншілік – әр жаратылған жан үшін ерекше бір ыстық сезім. Отан дегеніміз − туып-өскен отбасымыз, ата-анамыз, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, кіндік қанымыз тиген кең-байтақ атамекеніміз. Міне, осы туған ел мен жерге ие болу, амандығын тілеу әрбір адамның азаматтық борышы. Біздің ата-бабаларымыз өз ұрпағына туған жерімізді, елімізді қастерлеуге, құрметтеуге тәрбиелеген. Кең-байтақ даламызды жаудан қорғап, тойтарыс беріп, біздің атамекенімізді сақтап қалды.

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев: «Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады» дегендей Отанды сүю, туған елге деген құрмет сезімі отбасынан бастау алады. Отаншылдықтың бір көрінісі туған елге ие болып қалатын отаншыл, рухы биік иманды ұрпақ тәрбиелеу. Әрбір адам бала кезінен «Қазақстан — менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын» деген ойды бойына сіңіріп өсу керек деп ойлаймын. «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі», «Отан – оттан да ыстық», «Отан үшін отқа түс күймейсің» деген атаулы сөздермен баланы жасынан-ақ отансүйгіштікке баулу керек. Отанды қорғау – мұсылман баласы үшін сауап болары анық. Себебі хадисте: «Бір күн, бір түн шекара күзету, күндіздері ораза ұстап, кештерін құлшылықпен өткізген бір айдан да жақсырақ. Егер шекара күзету барысында қаза болса, жасағысы келген амалының сауабы мен рызқы жалғасып, қабір жаманшылығынан аман болады» делінген.

Ислам дінінде де туған еліңді қадірлеуге, құрметтеуге айырықша мән берген. Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) Отаныңды, өз туған жеріңді сыртқы дұшпаннан қорғаудың қаншалықты сауап екендігі жайында бірнеше хадистер қалдырған. Бір сахаба Пайғамбардан (с.а.с): «Я, Расулаллаһ! Ең абзал амал не?»,-деп сұрағанда, Пайғамбар(с.а.с): Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру бір ай нәпіл ораза ұстап, намаз оқудан қайырлы»,- депті. «Отанды сүю – иманнан» деген қанатты сөздің мағынасы терең. Өйткені, иманды адам өз Отанын сыйлап, қастерлей алады. Имансыз адам өзінің туған елінің қадір-қасиетін түсіне бермейді. «Отан бізге не берді емес, біз Отанға не бердік» деген оймен Отанымыз үшін аянбай еңбек етіп, дамуы үшін ат салысуымыз керек деп ойлаймын. Сол үшін де өскелең ұрпақты бойына отансүйгіштік, патриоттық рухта тәрбиелеу керек. Елдің рухын көтеру, ұлттық мақтаныш сезімін оята білу, ұлтжандылық, елжандылық сынды қасиеттерді қалыптастыру қажет.

Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев: «Отанды қастерлеу – елдігіміздің тірегі. Біз отаншыл болуға, жас ұрпақтың санасына отаншылдық ұғымын берік орнықтыруға тиіспіз. Біле-білсек, Отанды сүю – біздің перзенттік парызымыз, қарыс қадам үшін жанын қиған бабалардың асыл аманатына адалдығымыз!» — дейді өз сөзінде.

Осындай бейбіт күн кешіп, Тәуелсіз Отанымыздың бары ата-бабаларымыздың арқасында. Сондықтан да өскелең ұрпақ бабаларымыздың бізге аманат етіп қалдырған асыл мұра Отанымызды сүйіп, қастерлеп оны сақтау әрқайсымыздың борышымыз.

Қорыта келгенде, отанды сүю – патриотизм, ұлтжандылық, туған елге ізет, туған жерге қызмет,МОтанға деген сүйіспеншілік. Отанға жанашырлықпен қарау, адал қызмет ету, халықты сыйлау, халықтың тілі, діні, салт-дәстүрі, қалыптасқан мәдениеті, мемлекеттік рәміздерін құрметтей білу керек. Өз Отанын сүю, өз ана тілін ардақтау – әрбір азаматтың бірінші міндеті. Ал біздің халқымызда атамекенді ардақтау сезімі өте терең деп ойлаймын. Халқымыздың басынан қандай қиын кезеңдер өткенде де ата-бабаларымыз елімізді сыртқы жаудан қорғай білген. Өз елі үшін жанын да, барын да аямаған. Халқымыздың осы бір қасиеті жанымызға ана сүтімен тарап, ана тілімен даруы тиіс. Өйткені әрбіріміз үшін Отан – оттан да ыстық.

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

дінтанушы маманы

Ж.Байгерей

Ұлттық музейде «Сырлы аспаптардың сиқырлы үні» атты жылжымалы көрме ашылды

Алдыңғы

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕКТЕРДІҢ ӨНІМДІЛІГІ 65% ЖЕТТІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *