ДенсаулықЖаңалықтар

БАЛАЛАРДЫҢ СКРИНИНГТІК ТЕКСЕРУІ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

«Балалар жылына орай жаңа туған сәбиден 17 жасар жасөспірімдерге дейін қамтитын скринингтік тексерудің ауқымы кеңейді. Биыл Шымкент қалалық №6 емханасында 28 161 баланы скринингтен өткізу жоспарланған болатын. Жарты жылдық қорытындыға сәйкес, скринингтен өткендердің саны 16 946-ға жетіп отыр. Яғни, 60 пайыздан астамы тексеруден өтіп, оның 4224-і денсаулығынан анықталған дертіне байланысты «Д» есепке алынды». Шымкент қалалық №6 емхананың бас дәрігері Айгүл Қылышбаева Ақпараттық-коммуникациялық орталықтың көшпелі брифингінде осылай деді.

Емхана дәрігерлерінің айтуынша, жалпы тәжірибелік дәрігерлер скринингтік тексеруден өткен балалардың талдама қорытындыларын зерделеп, дерті бар балаларды тиісті бейінді дәрігерлердің кеңесіне жолдайды.

— Профилактикалық медициналық қарап-тексеру аяқталғаннан кейін бейінді мамандардың қорытындысы мен зертханалық-диагностикалық зерттеулерді ескере отырып, педиатр, терапевт немесе жалпы тәжірибелік дәрігерлер кешендік бағалау жүргізіп, балалардың «денсаулық тобын» айқындайды. Мәселен, 1топқа дені сау балалар, ал 2 топқа дені сау, бірақ функциялық ауытқулары бар, сондай-ақ жіті және созылмалы ауруларға қарсы тұру қабілеті төмен балалар алынады. Ал, денсаулығына байланысты диспансерлік есепте тұратындар 3, 4, 5 топ тізіміне алынып, тиісті бейіндік дәрігерлер динамикалық бақылау және сауықтыру жұмыстарын жүргізеді, — деді Айгүл Орынбасарқызы.

Емханадағы «Аудиограмма» бөлмесінің жауапты мейіргері Ш.Самбетованың айтуынша, мұнда жаңа туған сәбиден бастап 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің есту қабілеті толығымен тексеруден өтеді.

— 2021 жылдың соңында емханаға отоакустикалық эмиссияны және есту әсерінен туындаған әлеуетті тіркеу әдісімен аудиологиялық скринингке арналған құрылғы алынып, мамыр айында іске қосылды. Мұнда арнайы медициналық нұсқаулыққа сәйкес, 3 айлық сәбилер, 1-2 және 3,6 жасар бүлдіршіндер тексеруден өтіп жатыр. Биыл аудиоскрининг аппаратынан 5360 баланы өткізу жоспарланып, бүгінге дейін 1421 бүлдіршінді қамтылды, — дейді Ш.Самбетова.

Айта кетейік, Шымкент қалалық №6 емханасына 64 899 тұрғын тіркелген. Оның 26022-сі 14 жасқа дейінгі балалар.

«Шымкент келбеті» — Замира АЛДАБЕРГЕНОВА, суретті түсірген Серік ҚОСАЕВ

ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДА ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Алдыңғы

СӘУЛЕ ШАҒЫН АУДАНЫНДА КӨШЕЛЕРГЕ ОРТАША ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *