АймақӘлеуметҚоғамМәдениетРуханият

ҚОҒАМДАҒЫ ДӘСТҮРЛІ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ МАҢЫЗЫ

Адамзат қоғамының алғашқы кезеңінен бастау алып, ғасырлар бойы әртүрлі қоғамдарда түрліше көріністе жалғасып келе жатқан дәстүрлі құндылықтар жүйесі бар. Дәстүрлі құндылықтар дәстүрлі қоғаммен үндестікте – соның аясында қалыптасады, оның ішкі тұрақтылығына қызмет етеді және сол қоғам арқылы сақталады. Дәстүрлі құндылықтарды қалыптастыруға қоғамның бірнеше буыны атсалысып, оларды қолдау және қолдану арқылы тұрақтандырады.

«Құндылық» ұғымының мәнін жинақтай алғанда қоғам өмірінде қалыптасқан жасампаз идеялар мен этикалық категориялар, моральдық-эстетикалық нормалар мен стереотиптер жиынтығы, маңызды мақсат-мұраттар мен оларға жету жолдары, мінез-құлық мәнері туралы жинақталған түсініктер деуге болады. Яғни құндылық дегеніміз тарихи тәжірибе негізінде тұжырымдалған ұлт немесе адамзат мәдениетінің мәні болып табылады.

Құндылықтар қоғамның даму бағдарлары мен өмір сүру мәнерін белгілейді. Құндылықсыз қоғам – бағдарсыз қоғам. Құндылық – қондырма емес, ол қоғамның өзі ішінен қайнап шығады, мемлекеттік билікке тәуелсіз қалыптасады. Оның идеологиядан айырмашылығы да осында. Құндылық – уақыт сынынан өткен және заман озған сайын түлеп отыратын идеялар мен ұстанымдар. Ешбір өркениетті қоғам уақыт сынынан өтіп, өміршеңдігі мен жасампаздығын дәлелдеген дәстүрлі құндылықтарсыз алға басып көрген жоқ. Өйткені дәстүрлі құндылықтар – ішкі тұрақтылықтың тұғыры, рухани қауіпсіздіктің тірегі және ең бастысы – ұрпақтар сабақтастығының негізі.

Әрбір қоғам мәдениетіне тән өзіндік құндылықтар кешені болады. Дәстүрлі қоғам өзгеріске ұшыраған жағдайда да дәстүрлі құндылықтар өз маңызын жоймайды. Оның айқын мысалы – бүгінгі қазақ қоғамы.

Тиісті анықтамаларға сәйкес дәстүрлі қоғам дегеніміз – саяси, әлеуметтік және мәдени дамуы дәстүрлі құндылықтарға, салт-санаға, ата-баба мұраларына негізделетіндігімен ерекшеленетін әлеуметтік орта. Бұл тұрғыдан алғанда қазіргі қазақ қоғамын толық мәнінде дәстүрлі қоғам деп атау қиын. Дәстүрлі мәдениеті, саяси жүйесі, құқықтық санасы тиісті деңгейде қалыптасқан қазақ қоғамы тарихи үдерістер салдарынан елеулі өзгерістерге ұшырады. Қазір ол өз дамуын заман талабы тудырған құндылықтармен көбірек байланыстыруда. Дегенмен ұлттың дәстүрлі құндылықтық жүйесі, соның ішінде рухани құндылықтары жаңа қоғамның бағдарын айқындауда негізгі реттеушілік роль атқарып отыр.

Ұрпақтар сабақтастығы құндылықтар арқылы жалғасады. Ұлт тарихы үшін осы сабақтастықтың маңызы зор. Әр буын өзіне дейінгі ұлт тәжірибесін бойына сіңіріп, ары қарай дамыта білмесе, тарихын екшеп-саралау арқылы болашағына бағдар жасамаса – ол қоғам керітартпа қоғамға айналады. Өткенді мансұқтап, тарихты өзінен бастаған буын мемлекетті рухани дағдарысқа ұшыратады. Оның жекелеген көріністері де, өкінішке орай, қазіргі Қазақстан қоғамында бой көрсетуде.

Яғни қазір елімізде дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртуға деген табиғи құлшыныс пен оны қоғам өмірінен ысырып тастауға деген жасанды талпыныс қатар жүруде. Дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртуға деген құлшыныстың алғашқы серпіні тәуелсіздік алумен тікелей байланысты болды. Үш ғасырлық отарлық және кеңестік саясат қысымында ұлттық мінезінен, санасынан, құндылықтарынан көз жазып қала жаздаған ұлт тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде тілін, тарихын, дәстүрін және дінін жаңғыртуға құлшына ұмтылды. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, тіл төңірегінде атқарылған сан салалы жұмыстар, ұлттық мектептер мен балабақшалар ашу, ұлттық сайыстар ұйымдастыру, «Наурызды» халықтық мерекеге айналдыру, тарихи туындыларды жарыққа шығару, ұлт зиялыларын ақтау үдерісі, мешіттер мен медреселер жұмысын жандандыру, діни басылымдарды көбейту – тағы басқа сан жеткісіз іс-әрекеттер мен нәтижелер ұлттың өз болмысына оралуды аңсаған табиғи құлшынысынан туындап жатты.

Дін мен дәстүрлі құндылықтардың байланысы терең тамырлы. Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, моральдық нормалар, қарым-қатынас әдебі, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Бір сөзбен айтқанда дін – рухани мәдениет феномені, ол қоғамдағы кез келген феноменнен анағұрлым бай, маңызды және ықпалды. Радикалды ағымдар идеологиясының алдын алу жолдары олардың өз әдістемесіне сәйкес қалыптасуы қажет. Кез келген жаңа діни ағым қоғамдағы қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға жол ашады. Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Рухани ізденістердің дәстүрлі арнаға бағытталуы және ұлттық құндылықтар аясында дамуы қоғамның рухани жаңғыруына серпін береді. Ал оның радикалды идеологияға арбалуы тұлға болмысының құлдырауынан бастап, ішкі тұрақтылық пен мемлекет тұтастығының бұзылуына дейін алып келетін қауіпті салдарларға соқтырады. Сондықтан біз үшін уақыт сынынан өтіп, ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау – елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылады. «Уды у қайтарады» ұстанымы бойынша, радикалды ағымдардың ауыз салатыны дәстүрлі құндылықтар болғандықтан, алдын алу жұмыстарының ең белсенді әрі ықпалдысы – дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту болмақ.

Қорыта айтқанда, әрбір ұлттың дәстүрлі рухани құндылықтарының сан ғасырлық уақыт сынынан өтіп, дәстүрлі қоғамды қалыптастырғаны, оның рухани бағдарларын айқындап, идеологиялық тұтастандыру және қоғамдық реттеу қызметін атқарғаны белгілі. Жасампаз дәстүрлі құндылықтардың алдағы уақытта да қазақстандық қоғам тұрақтылығына тірек болып, оның өміршеңдігіне септесері сөзсіз. Дәстүрлі рухани құндылықтарды жаңғырту жалпы жұртшылықтың, әсіресе жастардың теріс пиғылды ағымдардан берік қорғалған, психологиялық өңдеуге берілмейтін, қорғаныс қабілеті мен қарсы тұру иммунитеті мықты болып қалыптасуына ықпал ететін маңызды идеологиялық құрал болып табылатыны сөзсіз. Сонымен қатар бұл тек діни саланы реттеу қажеттілігіне ғана емес, жалпы қоғам өміріне бағдар болатын көнермейтін, мәңгілік адамгершілік-өнегелік құндылықтарды қайта сараптап, жұртшылыққа ұсыну, қолданысқа енгізу қажеттілігіне де қызмет етеді.

М.Салиходжаев

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы

МҰРАТ ӘЙТЕНОВ №5 ЕМХАНА ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Алдыңғы

ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ 348 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *