ЖаңалықтарҚоғамМәдениет

Корей суретшісінің «Мәңгілік» атты көрмесі ашылды  

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Корея Республикасы Елшілігі Корей мәдени орталығының ұйымдастыруымен корей сия кескіндемесінің шебері Пак Дэ Сонгтың «Мәңгілік» атты көрмесі ашылды.

Мақсаты — Қазақстан мен Корея  арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығы және 2022-2023 жылдарға арналған екі ел арасындағы мәдени байланыс жылын мерекелеу, ұлттық кескіндеме дәстүрін жалғастырушы атақты суретші Пак Дэ Сонгтың корей сиясымен  жасаған пейзаждық туындыларымен таныстыру, суретшілер арасындағы байланысты нығайту, тәжірибе алмасуға ықпал ете отырып, музейге келген жұртшылыққа ерекше озық туындыларды насихаттау.

Көрменің ашылуына арналған салтанатты іс-шараға қатысқан Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ку Хонг Сок екі ел арасындағы достық, татулық қарым-қатынас пен мәдени байланыстың артуына ерекше үлес қосып, айтулы шараға қолдау көрсеткен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен  ҚР Ұлттық музейіне алғыс білдірді.

«Бұл көрме Корея және корей мәдениетімен, сондай-ақ, корей кескіндемесіндегі модернизммен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Автордың орындауындағы «Ыйген» корей пейзаждық кескіндемесі мен натюрморттар оның шеберлігі мен өнерге деген көзқарасын білдіре отырып, корей халқының дәстүрін, сұлу табиғатын да сия арқылы жеткізе алды деп сенемін»,-деді Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ку Хонг Сок мырза.

Сондай-ақ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай көрменің ашылуымен құттықтай отырып, елімізге арнайы келген өнер тарланының шығармашылығына сәттілік тіледі.

«Екі елдің арасын шекара бөліп тұрса да өнер бөлінбейді. Қазақ халқының да өнер құдіреті жазу, сызу, сурет өнерімен біте қайнасып жатыр. Көне түркі, сақ дәуірінен жалғасып бүгінге жеткен асыл қазыналар да ұлы өнердің бірі болса, бүгінгі күні де төл тарихымызды танытып жүрген таланттар аз емес. Сондықтан суретшілік өнердің қазақ халқына жаттығы жоқ.  Корей елінде де тағдыр тауқыметіне мойынсұнбай, жалғыз қолымен әлемге танымал өнер туындыларын жасап шыққан  Сосан Пак Дэ Сонг суретшінің еліміздегі сапары жаңа дүниелердің тууына шабыт береді деп ойлаймын. Екі ел арасындағы достық, мәдени байланысымыз нығая берсін»,-деді Аманжол Дүйсенбайұлы.

Жиын барысында сөз алған көрме авторы Пак Дэ Сонг:

«Мен алдағы уақытта да сіздерді біздің жан-жақты және бай мәдениетімізбен таныстыруға, сондай-ақ, Қазақстанның мәдениетімен жақынырақ танысуыма мүмкіндік туады деп үміттенемін. Осындай мәдени алмасулардың арқасында Қазақстан мен Корея арасындағы байланыс артатынына сенімдімін»,-деді.

Көрмеге суретші Пак Дэ Сонгтың сиямен салынған 23 пейзаждық картинасы мен эскиз дәптерлері қойылды. Қалың және талғампаз қылқаламмен, сондай-ақ сия түстерінің ерекше үйлесімділігімен ерекшеленетін туындыларының бәрі де көпшіліктің айрықша назарын аударды.

Айта кетейік, әйгілі суретші Пак Дэ Сонг 1979 жылы Чунганг өнер көрмесінде «Санрим» картинасы үшін бас жүлдені жеңіп алған соң өнерсүйер қауымның назарына іліккен. Ол сол кезден бастап Корея Республикасының көрнекті суретшісі ретінде өз елімен қатар шетелде де көптеген көрмеге шақырылып, бүкіл әлемге корей пейзаж кескіндемесі арқылы елінің сұлулығын таныстырып келеді.

Сурет салуды 5 жасынан бастаған автор 70 жылдық өнер жолында ерекше кескіндеме стилі арқылы корей өнерін жаңғыртуға ерекше үлес қосып келеді.

Кереғар діни ағымдар мен секталардың идеологияларын алдын алу бойынша семинары өтті. 

Алдыңғы

ЖУРНАЛИСТЕР АРАСЫНДА СПАРТАКИАДА ЖАЛҒАСУДА

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *