Саясат

Конституциялық реформа: халықтың ел басқару ісіне араласуын кеңейту

Қ.Р.БАЛАБИЕВ, референдумды қолдау жөніндегі облыстық штаб төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы

Конституциялық реформаны бүкілхалықтық референдумға шығарумен байланысты саяси науқан кезеңінде Ата Заңымызға ұсынылатын өзгерістер мен толықтырулар туралы жарияланымдар топтамасын әрі қарай жалғастыра отырып, халықтың ел басқару ісіне араласуын кеңейтуді көздейтін өзгерістерге толығырақ тоқталсақ деймін.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік органдардың қызметі халықтың мұң-мұқтажы мен талап-тілектерін шешуге бағытталуы керектігін ел тізгінін ұстаған сәттен бастап ұдайы айтып келеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да халықтың сұранысын қанағаттандыру арқылы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, билікке деген сенімді арттыру, қоғамды демократияландыру процестерін жылдамдату сынды игі мақсаттарды көздейді.

Президент өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Соңғы кезде қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға ынтасы артып келеді. Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамам және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – осы сұранысқа тікелей жауап. Оны Ордабасыдағы, Күлтөбедегі, Ұлытаудағы ұлы жиындардың заманауи үлгісі деуге болады. Біз қазақтың қанына сіңген қасиет – келелі істі ақылдасып бірге шешу дәстүрін жалғастыра береміз.»,-деген болатын. Осы тұрғыда Мемлекет Басшысы  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ата Заңымызға ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтыруларды халықпен ақылдасып енгізу үшін ағымдағы жылдың                             5 маусымына жалпыұлттық Референдум белгілеп отырғаны қалың көпшілікке мәлім.

Конституцияға енгізілгелі отырған  өзгерістердің бірі – халықтың ел басқару ісіне араласуын кеңейту жөніндегі нормалар болып табылады. Конституциямыздың қолданыстағы редакциясында жерасты және жер үсті игіліктерінің халыққа тиесілі екендігі, халықтың атынан меншік құқығын мемлекеттің жүзеге асыратындығы жөнінде айтылмаған. Ал, қазір Ата Заңымызға ұсынылып отырған өзгерістердің ішінде: «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады.»,- деген маңызы зор норманың бар екендігін ерекше атап өтуіміз қажет. Бұл өз тұсында мемлекеттік игіліктердің меншік иесі – халық екендігін «де-юре», яғни конституциялық тұрғыдан бекемдеуге арқау болары сөзсіз. Келешегінде бұл біріншіден, халыққа  жер және оның қойнауын, су көздерін, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды тиімді пайдалануда өз пікір-талаптарын білдіруге заңды құқықтар беретін болады. Екіншіден, халық атынан меншік құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік билік органдарының, бірінші кезекте, халық алдындағы есептілігін және осы игіліктерді оңтайлы пайдалануын белгілейтін болады.

Конституциялық реформаның арқасында ҚР Парламенті  Мәжіліс депутаттарын, облыстардың депутаттарын сайлау аралас – мажоритарлық-пропорционалдық жүйе негізінде жүзеге асырылатын болады. Пропорционалдық сайлау жүйесіне түсініктеме берер болсақ, бұл депутаттық мандаттарды партиялар арасында әрбір партияның жинаған дауыс санына қарай пропорционалды түрде бөлу арқылы депутаттарды сайлау жүйесі болып табылады. Мәселен, белгілі бір партия дауыстардың 20 пайызын жинаса, әр өңірге белгіленіп берілген депутаттық орынның 20 пайызын иеленетін болған.    Осы уақытқа дейін Мәжіліске депутаттар осындай пропорционалдық жүйемен сайланып келген. Мәслихаттарға депутаттарды соңғы сайлауда осы сайлау жүйесі қолданылды. Бұл партиялардың дамуына кең жол ашқанымен, жеке азаматтардың құқықтарын жүзеге асыруларына шектеу қойды. Өз тұсында ешқандай партияларда мүше емес, бірақ жоғары білікті, тәжірибесі мол азаматтардың өкілді органдарға сайлану мүмкіндіктері қысқарды. Мемлекет Басшысы мұны терең талдай отырып, аралас мажоритарлық-пропорционалдық сайлау жүйесін ұсынды және оны конституциялық тұрғыдан бекітуді мақсат етіп қойып отыр. Яғни алдағы уақытта Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы – пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық жүйе арқылы сайланатын болады. Аралас сайлау жүйесі облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың депутаттық корпусын жасақтау кезінде де қолданылатын болады. Ал аудандар мен қалалардағы депутаттарды сайлау мажоритарлық жүйеге негізделетін болады.  Бұл ретте, мажоритарлық жүйе деп белгілі бір сайлау учаскесі бойынша ұсынылған кандидаттардың өзіне бәсекелес кандидатқа қарағанда артық дауыс жинап, дауыстар санының басымдығымен депутаттықа сайлану жүйесін айтады. Бұл жергілікті жерлерде сол жердің проблемаларына қанық, оны шешудің барабар жолдарын ұсына алатын, жергілікті тұрғындар алдында абырой-беделі бар азаматтың пайдасына халықтың таңдау жасауына кең мүмкіндіктер ашады. Осы орайда ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсарта алатынына сенбейтін болды.  Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі.»,-деген болатын.

Қазіргі таңда партияларды тіркеу рәсімдері жеңілдегелі отыр. Егер ілгеріде партияны тіркеу үшін оның қатарында 20 000 мүшесі болуы қажет болса, қазір 5000 мүшесі болса, саяси партия құруға мүмкіндік бар. Бұл ретте, өңірлердегі мүшелерінің саны 600 адамнан 200 адамға дейін қысқарады. Бұл дегеніміз саяси аренаға заман талабына сай жаңа партиялардың келуіне, халыққа жайлы өмір сүру жағдайларын қалыптастыруға ынталы партиялар қатарын көбейтуге және партиялар арасында салауатты бәсекелестік орта қалыптастыруға жол ашатын болады. Бұл өз тұсында өкілді органдарға алдағы уақыттарда өтетін сайлау кезінде қоғамның саяси өміріне белсенді қатысатын, халықтың түрлі әлеуметтік топтарының мүдделерін көздейтін саяси партиялардың әралуандылығын қамтамасыз ететін болады.

Конституциялық реформа билік институттарын қалыптастырудың, олардың өзара іс-қимылының сапалық тұрғыдан жаңа моделіне және жаңа саяси мәдениетті орнықтыруға көшуге бағытталады. Келешекте мұның өз жемісін берері сөзсіз. Себебі бұл өзгерістер мемлекетті тиімді басқарудың негізі бола отырып, оның саяси-экономикалық дамуына зор ықпалын тигізетін болады.

Сайып келгенде, Ата Заңымызға енгізілгелі отырған осы нормалар  Президенттің Жаңа Қазақстан, Екінші Республика құру идеясын іске асырудың құқықтық тетіктері әрі ұлтымыздың келешегін айқындайтын алғышарттар болып табылады. Сол себептен де, Референдумға қатысу – өз ұлтының болашағына бейжай қарамайтын әрбір қазақстандық үшін азаматтық парыз болып табылады.

 

 

 

«AMANAT»: ТҮРКІСТАНДЫҚТАР РЕФОРМАЛАРДЫ ҚЫЗУ ҚОЛДАП ОТЫР

Алдыңғы

Ата Заңымыздың 3/1 бөлігіне өзгерістертер мен толықтырулар енгізіледі

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *