Шымкент қаласының Әл-Фараби алаңында «Айбынды жауынгер» атты 7 мамыр Отан қорғаушылар күніне орай мерекелік іс-шара өтті.
«7 мамыр — біздің Отан қорғаушыларымыздың төл мерекесі. Бұл мереке батырлық пен батылдықтың, Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің мерекесі. Бейбіт елдің тыныштығын әуеде, құрлықта, теңізде қорғап, өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырып жүрген әрбір әскери қызметші үшін ерекше күн» деп атап өтті іс-шараны ұйымдастырушылар .
Алаңға Қазақстан қарулы күштерінің тарихы мен 30 жылдығына арналған танымдық фотокөрме ұйымдастырылды.
Мерекелік іс-шарада қала тұрғындары мен қонақтары Шымкент қалалық мәдениет үйінің әншілері дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.Сондай-ақ әншілермен бірге халықаралық және республикалық би байқауларының лауреаты «Қазына» би-ансамблі өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен бірге, Алматы қаласынан келген «Nomads» және «360 градус» жергілікті қазақ каскадерлер тобының өнері көпшілікті тәнті етті.
Мерекелік концертті механикаландырылған бригаданың барлау ротасының сарбаздары көрсеткен әскери дайындық қимылдары мен жекпе-жек өнері түйіндеді. Осылайша Отан қорғаушыларға арналған мерекелік концерт жиналған жұртқа ұмытылмас сезімдер сыйлады.
«Шымкент келбеті»- Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, фото: Серік ҚОСАЕВ
Comments