Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімдігі мерекелік іс-шара өткізіп, соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетті. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы жеңіс күні мерекелеріне арнап дастархан жайылды, сый-сияпат жасалды. Алдымен майданда және тылда жан қиған марқұмдарға арнап, Құран аяттары оқылды.
– Құрметті ардагерлер! Сіздерді алда келе жатқан мерекелермен шын жүректен құттықтаймын! Халқымыз әрдайым қарияларын қадірлеген. Бүгінде құрылғанына 30 жыл толған Қарулы күштеріміз ел қорғанышына айналған. Ал екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен ата-әжелеріміздің жанқиярлығы тарихта алтын әріптермен жазылды. Енді ел іргесінде соғыс болмасын, аспанымыз ашық болсын! – деді аудан әкімі Рахымберді Мүлкеманов.
Жиында театр әртістері мен әжелер хоры ән салып, студенттер майдан өмірінен сахналық қойылым көрсетті. Соңында ардагерлерге сый-сияпат көрсетілді.
Айта кетейік, Қаратау ауданында бүгінде 1 ҮОС ардагері, 350-ге жуық тыл ардагері тұрады.
«Шымкент келбеті» – Нұрлан Бектаев, Фото – Серік Қосаев
Comments