Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы тарапынан туризмнің салалық бағыттары бойынша жыл басынан бері 12 экскурсия ұйымдастырылды. Оның ішінде, 1018 адам өндірістік, танымдық-іскерлік, сакралды орындар мен балалар туризмі бағыттары бойынша экскурсияға қатысқан. Мемлекет басшысының айтуымен «2022 жыл — балалар жылы» болғандықтан, экскурсиялардың көпшілігі жасөспірімдерге арналды.
Сондықтан да жастар шаһардағы туристік нысандар мен табиғаты тамаша туған өлкенің тарихын кеңінен зерделей түседі. Атап айтқанда, Шымкент зообағы, Дендрологиялық саябақ, “Шым қала” тарихи-мәдени орталығы және Этноауыл сынды орындары мегаполиске спорттық сайыстар мен ғылыми жобалар байқауына жиналған жасөспірімдерге ерекше әсер қалдыруда. Сонымен қатар, орталық әлеуметтік туризм бағыты бойынша көпбалалы отбасылардың бүлдіршіндеріне баса назар аудара отырып, демеушілер есебінен, оларға қала тарихымен таныстыру және көмек көрсету шараларын өткізуді жоспарлауда.
Айта кетейік, туристік-ақпараттық орталық «бір терезе» қағидасы бойынша қаламызға келушілер санын арттыру және туристік әлеуетін жоғарылату мақсатында ақпараттық-консультативтік көмек көрсетеді. Сондай-ақ қаламыздың кез-келген қонағына тегін әрі сапалы қызмет көрсететін кәсіби гид-экскурсовод сұраныс бойынша бірнеше тілде жұмыс жасайды. Демек, орталық тарапынан қаламыздың әсем жерлерін аралаймын деушілер мен туристерге “Visit Shymkent” әзірлеген турмаршруттар тегін экскурсия жүргізеді.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы
Comments