Шынында да жас ұрпақты қалай елі мен жерін, ұлтын, тілін сүйер азамат етіп тәрбиелейміз? Теледидарымыз қаралымы жоғары деп 5-6 сағат бойы «Бір болайық» дей ме, «Қосылайық» дей ме, жастардан бастап үлкендерге дейін санасын сергітетін емес, санасыздыққа алып баратын шоулармен тәрбиелеуде. Ал балаларға арналған мультфильмдер туралы айтудың өзі артық. Ию-қию, атыс-шабыс. .Мұнан олардың нендей тәрбие алатынын соны көрсетіп отырған теледидар ұжымы білмесе, мен түсінбедім. Сол ұжымның ішінен біреуі шығып: «Ағайындар-ау, мыналардан балапандар не үйренеді?» деп айтпайтынын-ай деп таң қаласың…
Күншығыс елі деп аталатын Жапонияға барғандар «Хиросима мен Нагасакидегі әрбір қойылған ескерткішті көргенде сол бір сұмдық сәтті бастан кешкендей күйге енесің. Адам осындай жауыздыққа қалай барған деп жаның түршігіп шығады» дейді. Олар жер асты байлығы жоқ жерде тұрса да, біртұтас жұдырықтай жұмыла білуінің арқасында экономикасының дамуы жағынан алып деген АҚШ-тан кейінгі орында. Адамдардың бір-біріне деген мейірімділігін алға шығарған мемлекет. Жауыздық пен жалқаулық, жан-дүниенің мұздайлығы қайдан шығады? САНАСЫЗДЫҚТАН. ОЙСЫЗДЫҚТАН.
Президентіміз Қ.Ж.Тоқаев айтпақшы, қазір балаларымыз «тик-ток» арқылы тәрбиеленуде. Ал жастарымыздың дені өзге жат діннің жетегінде еріп бара жатқаны соншалық, сонау Сирияға кетіп, талайының денесінің сонда қалғаны, ал әйелдерінің үстеріндегі қара жамылғыдай жан-дүниесі де қара жамылып келгені барша жұртқа аян. Бізде үлгі тұтатын, әр сөзін жастарға жаттатқызатын, сол арқылы елі мен тілін сүйетіндерді тәрбиелейтін тұлғалар, шешендер мен билер, батырлар жетеді. Неге жастар өзгенің жетегіне тез ілесіп, ата-бабамыз ұстанған салт-дәстүр мен ырым-тиымдарға қарсы шығуда? Басты себебі – ТАРИХТЫ ТАНЫТА, ҚАСТЕРЛЕТЕ АЛМАУДА.
Қарап тұрсаңыз, біздің әрбір тасымыз бан тауымыз, төбеміз бен сайымыз тұнып тұрған тарих. Соның бірі сонау бір жылдары ел басына нәубет түскенде — 1726-жылы үш жүздің, Тәуелсіздік алып, қуанышымыз қойнымызға сыймай жүрген 1993-жылы үш мемлекет басшыларының басын қосқан Ордабасы тауы. Сол айтулы оқиғалардың біріншісіне төрт жылдан соң – 300, ал екіншісіне бір жылдан кейін 30 жыл толмақ. 20, 25 жылдықтары үн-түнсіз өтті…
Ащы да болса шындық, айтпаса, сөз атасы өледі. Ең бір жаман әдетіміз бар. Бір істі бастаймыз да, тастаймыз. Киелі де қасиетті мекенді жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Ордабасы – қазақ рухының қағбасы» дегеніндей, облыс әкімі болып тұрған тұста Жансейіт Түймебаев қазақ рухының жоғарылығын көрсететін орынға айналу керек екенін айтып, біраз жоспарлар түзілген. Қорықты қоршау, су шығару, бірнеше нысандар: әкімшілік ғимарат, мұражай, кітапхана, амфитеатр, этноауыл, қонақүй, асхана, дүңгіршектер салыну жоспарланған. Міне, осылардың бәрі іске асса, жыл сайын Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз осында ұйымдастырылса, шаңырақ көтерген жастар батыр бабалар аяғы тиген жерге тәу етіп, отбасының уығын мықтап қадаса, ғажап емес пе?! Жоңғар шапқыншылығына қарсы дала Парламентінің алғашқы отырысы өткен Ордабасы қасиеті онан сайын айшықтана түсері даусыз. Тоғыз жолдың торабына орналасқан бұл тау осылай көріктене түссе, туристерге де ұсынатын киелі де қасиетті орынның бірі болар еді. Әттең, жоспарлардың қағаз жүзінде қалғаны өкінішті. Ең бастысы, ниет болса, қазақтың байлығы оны жүзеге асыруға жетері анық.Тек бұған көңіл бөліп, жастарымыздың бойына ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҰЛЫ РУХЫН сіңірер орынға айналдыра алсақ ләзім.
Базаркүл ҚАЛБЫР.
Түркістан облысы.
Comments