ӘдебиетЖаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ СӘКЕН СЫБАНБАЙДЫҢ «ҒАЛАМТОРДАҒЫ МАХАББАТ» АТТЫ КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕР РӘСІМІ ӨТТІ

Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада белгілі журналист, терең ойлы публицист және көрнекті жазушы Сәкен Сыбанбайдың «Ғаламтордағы махабат» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Оған «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Нармахан Бегалиев, ақын Әлібек Шегебай, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты. Салтанатты шараны белгілі журналист Ғалымжан Елшібай ашып, жүргізіп отырды.

– Сәкеннің «Ғаламтордағы махаббат» атты кітабын алдын ала алдырып, әр сөзіне назар аударып оқыдым. Бұл кітап қазақ ұлтына қызмет ететін кітап деп ойладым. Асыра айтылған ештеңесі жоқ. Қоғамға сын айтылса, демек, ол – қазақты жөндеудің, қазаққа тура жолды нұсқап, кемшілігін түзеудің әрекеті. Сәкенде халық ауыз әдебиетінің шұрайлы тілі бар. Жазуында журналистік, публицистік сарын да байқалады. Бірақ, бұл оның кемшілігі емес, керісінше, оны толықтырып, көркемдігін жетілдіріп тұр, – деген Нармахан Бегалыұлы кітап авторына кейбір сөз тіркестерінің қолданылуына байланысты ескертуі мен ағалық ақыл-кеңесін де айтып өтті.

Тұсаукесер рәсімінде өзге де қаламгерлер Сәкен Сыбанбайдың журналистік қызметі мен жазушылық қарым-қабілеті, шығармашылық ізденісі жайлы жылы лебіздерін білдірді.

Айта кетейік, биыл ердің жасы елуге толып отырған қаламгер әр жылдары «Ана тілі», «Жас Алаш», «Алматы ақшамы» газеттерінде және «Ақ желкен», «Жұлдыздар отбасы» журналында еңбек ете жүріп, оқырманға тұшымды әрі терең ойлы мақалалар ұсына білген. Сонымен қатар Сейдахмет Бердіқұлов пен Несіп Жүнісбаев сынды аты аңызға айналған қаламгерлердің жолын жалғап, қазақ спорт журналистикасының дамуына қомақты үлес қосқан. Сәкен Сыбанбай футбол тақырыбына кітап жазып, жастардың осы спорт түріне деген қызығушылығын арттырған.

Мұнан бөлек «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорында әдеби редактор болып қызмет атқарып, «Қазақ тіліндегі гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасын жарыққа шығаруға үлес қосты.

Жазушының «Ғаламтордағы махаббат» атты кітабына «Мұңлық», «Бақытты адам», «Үміт үйі», «Дискриминация», «Сен қандай тәтті едің, өмір!» және «Бір шәугім шай» сынды көркемдік деңгейі жоғары, тағлымды туындылары еніп отыр.

«Шымкент келбеті» – Айдар ҚҰЛЖАНОВ, Фото – Серік ҚОСАЕВ.

ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ҚУЫРШАҚ ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР ТЕАТРЫ — 40 ЖАСТА 

Алдыңғы

ТҮРКІСТАНДА ЭТНОСАРАЛЫҚ БІРЛІКТІ ДӘРІПТЕГЕН «ШАҢЫРАҚ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *