АймақЖаңалықтарЖастар саясатыМәдениет

ШЫМКЕНТ: КОНГРЕСС-ХОЛЛ МЕН ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Республикалық маңызға ие мегаполис мәртебесін алғалы Шымкенттің құрылыс саласы қарыштап дами бастады. Оның куәсі бүгінде бой көтеріп жатқан көпқабатты үйлер мен басқа да түрлі құрылыс нысандары. Осы ретте аталған сала бойынша баспасөз туры ұйымдастырылып, соның аясында БАҚ өкілдеріне құрылыс бағытында қолға алынған шаһардағы бірнеше жобалар таныстырылды.

Оның алғашқысы Нұрсәт шағынауданындағы болашақ Оқушылар сарайы. Аталмыш жобаның құны 8,3 млрд. теңгені құрайды. Мердігер мекеме BI Group компаниясы. Құрылыс жобасының жетекшісі Ілияс Рүстемнің айтуынша, нысан 2023 жылы пайдалануға берілуі тиіс. Үш қабаттан тұратын, сыйымдылығы 500 оқушыға арналған ғимараттың жалпы ауданы 9800 шаршы метрге тең. Қала үшін Оқушылар сарайының әлеуметтік маңыздылығы жоғары. Өйткені онда балалардың зейінін ашатын түрлі үйірмелер жұмыс істемек. Мәселен, қолөнер, ІТ технологиясы және тағы басқа осы секілді үйірмелерді атауға болады. Сонымен бірге Оқушылар сарайында бассейн де қарастырылған. Бұған қосымша қаншама спорт үйірмелері де ашылады. Жоба жетекшісінің мәлімдеуінше, қазіргі таңда құрылыс алаңында ғимарат түсетін жерді реттеуге байланысты жұмыстар 2 ауысым бойынша жүргізілуде. Ол үшін 15 техника жұмылдырылған. Жоспарға сәйкес нысан құрылысына 600-800 адам жұмысқа тартылмақ. Жұмыскерлердің көпшілігі жергілікті жердің азаматтарынан құралатын болады.

— Үшінші мегаполис аумағы жылдан жылға ұлғайып келеді. Мұндай кезде әрине шаһар ішіндегі қозғалыстың уақыты ұзаратынын белгілі. Ол бір жағынан тұрғындарға да белгілі бір дәрежеде қиындықтар тудыратыны рас. Сондықтан барлық әлеуметтік маңызды нысандар тұрғылықты жердің айналасында болғаны абзал. Осыған байланысты қаланы үш орталыққа бөліп қарастырған жөн. Оның біріншісі Ескі шаһар маңы, екіншісі Нұрсәттегі әкімшілік-іскерлік орталық, үшіншісі Шымсити аумағы. Бұл орайда дәл осындай, бірақ сыйымдылығы аздау екінші жаңа Оқушылар сарайын Тұран шағынауданынан ашу жоспарда бар. Ол үшін бірінші кезекте жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуі керек, — деді қалалық құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаев.

Шымкентте іргетасы қаланып жатқан екінші маңызды нысанның бірі ол Конгресс-холл. Жергілікті және халықаралық деңгейдегі түрлі мәдени іс-шаралардың барлығы келешекте осы жаңа Конгресс-холда өтетін болады. Ғимараттың аумағы да кең — 16100 шаршы метр. Құрылыс нысаны шынымен де ауқымды көрінді. Тек бір ғана екі мың көрерменге арналған концерт залының өзі-ақ Конгресс-холдың болашақ кескін-келбетін аңғартып тұрғандай. Жоспар бойынша мәдени ошақ келер жылдың тамызында халық игіліне тапсырылады деп күтілуде. Нысан құрылысы аяқталса, екі жүзден астам мәдени қызметкерге осы Конгресс-холда тұрақты жұмыс табылады. Өз кезегінде аталған ғимаратты да елімізге белгілі құрылыс компаниясы BI Group салып жатыр. Қаланың бас құрылысшысы Ә.Рабаевтың айтуынша, тиісті қаражат ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей қолдауымен республикалық бюджеттен бөлініп отыр.

«Шымкент келбеті» — Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, Фото: Серік ҚОСАЕВ

ТАССАЙДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАБАДЫ

Алдыңғы

ШЫМКЕНТТЕ ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БАСТЫ НАЗАРДА  

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *