АймақӘлеуметЖаңалықтарҚоғам

ДЕПУТАТТАР ЖАҢАТАЛАП ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ  

Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшелері Нәзипа Мамықова мен Ноян Төлегенов Жаңаталап елді мекенінің тұрғындарымен кездесіп, жер мәселесі бойынша шағымдарын тыңдап қайтты.

Кездесуге Абай ауданы әкімдігінің өкілдері мен сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Архабаев та қатысты. Халықпен жүздесуге келген Н.Мамықова тұрғындардың талабын жоғары жаққа жеткізетіндерін, жиында қабылданған шешімдердің орындалуын қадағалайтындарын айтты.

— Жаңаталап елді мекенінде алты жарым мың халық тұрады. Солардың ішінде 780 үйдің мемлекеттік актісі жоқ. Осы мәселені шешу үшін арнайы келдік. Аталған учаскелердің құжаттарын түбегейлі ресімдеп бергенше, мәселені назарымызда ұстаймыз, — деді Нәзипа Дарханбайқызы.

Өтінішін арқалап келген азаматтың бірі — ауыл биі, Әбдірашит Пашаев ақсақал.

— 2003 жылы көшіп келдік. Жеріміз 49 жылға жалға берілген. Яғни ауыл шаруашылығына арналған жер. Енді соның нысаналы мақсатын өзгертіп, үйдің құжаттарын жасату керек. Құжат болмаған соң тұрғылықты мекенжайда тіркеуде жоқпыз. Жаңа талап ауылы тұрғындарының көпшілігінің басындағы проблема осы, — деді ауыл қариясы.

Жерге жауапты маман Нұрбол Жүнісбековтің сөзінше, 2019 қалалық прокуратура мен әкімдік арасында меморандум түзілген. Осыған сәйкес Абай ауданында 258 құжаты жоқ үйлер тізімі анықталды. Тиісті жұмыстар нәтижесінде 213 жер учаскесінің құжаты ресімделді.

Н.Жүнісбеков әкімдік әуежай маңынан белгілі бір шартпен үй салуға, бизнес нысандарын тұрғызуға рұқсат бергенін айтады. Дегенмен маманның айтуынша, құрылыс нысанын салуға болмайтын аумаққа түскен үйлердің құжаттары бүгінге дейін қаралмаған. Оларды толық зерделеп, тіпті «қызыл сызыққа» өтіп кеткен үйлерді де жеке-жеке қарауға сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Архабаев уәде берді.

— Түркістан облысының үш ауданынан Шымкентке 40 елді мекен өтті. Бүгінде олардың жерге байланысты құжаттарын түгендеу басты мәселеге айналып отыр. Проблема толық шешілгенше біраз уақыт керек. Басқарма заңдастыру тәртібіне сай барлық азаматтардың құжаттарын жасап беретін болады. Ал жерге ешқандай құжат алмаған кісілердің мәселесі тек сот арқылы қаралады, — деді Н.Архабаев.

Сонымен бірге кездесуде Бадам өзені бойынан шағал тас пен ауылдағы мазарат маңынан құрылысқа топырақ ұрлау деректері бойынша да тұрғындар депутаттарға өз ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ

Қырық мысал — қырық мақал📚 

Алдыңғы

COVID-19 ИНФЕКЦИЯСЫ 28 АДАМНАН АНЫҚТАЛДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *