Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Отырар және «Айқап Түркістан» шағын аудандарындағы атқарылған жұмыстарды көріп, тұрғындарымен кездесті. 10 мыңға жуық тұрғыны бар аталған шағын аудандар электр, табиғи газ, ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Тек «Айқап Түркістан» шағын ауданындағы кәріз жүйесі 50 пайыздық көрсеткіште. Бұл шағын аудандағы тұрғындардың басым бөлігі жеке секторда тұрады. Көшелерінің 98 пайызы асфальтталған. Биыл Көктас көшесі жарықтандырылатын болса, Жаңағасыр, Көктем, Заман көшелерін жарықтандыруға ұсыныс берілді. Әкіммен кездесуге келген жергілікті тұрғындар кәріз жүйесін толығымен шешіп беруді сұрады.
Ал, Отырар шағын ауданының тұрғындарын аяқжол, тазалық, көп қабатты үйлердің сыртын әрлеу, лифт, жылу жүйесі мәселесі толғандырады. Мұндағы 33 көп қабатты үй толығымен жаңа басқару нысанына өткен. Қала әкімі жай серіктестік пен үй бірлестіктерін құрудың маңыздылығын түсіндіріп, жөндеу жұмыстары, ауладағы және үйдің кіреберіс тазалығын өз жауапкершіліктеріне алу керектігін жеткізді. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына Жәнібеков көшесіне қоғамдық көлік қатынауын және аяқжол салу бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп, ұсыныс енгізуді тапсырды. Өзге де мәселелерді талқылап, қажетті шаралар жасалатынын жеткізді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Comments