ӘдебиетМәдениетРуханият

Құрманхан НҰРЫМБЕТОВ: «ҰМЫТА АЛМАН ӨТКЕНДІ…»

  • Сонау арман қала-Алматыда бес жыл бірге оқыған, небір ішек-сілеңді қатырар әңгімелері еш таусылмайтын Құрманхан НҰРЫМБЕТОВ деген курстасымыз тұрады. Ол бірінші курстан университетте ОКД-да қызмет етіп, кейін соның командирі болды. Атақты ҚазМу-ді бітірген соң, сонда қалып, заң қызметкері болып қызмет етті. Отставкадағы полиция полковнигі атанған ол әлі де елге еңбек етуде. Иә, «алмас қылыш қын түбінде жатпас» деген рас қой. Оның заң саласында қызмет ете жүріп, өзі айтпақшы, бірдеңе «түртіп» кеткенде, өлең жазып тастайтыны бар екен. Біз оны кейін білдік. Бүгін оның мәңгі өлмес — махаббат тақырыбына жазған бір топ өлеңін ұсынып отырмыз.
  • Курстасы Базаркүл ҚАЛБЫР.
  • ***               ***                ***

ҰМЫТА АЛМАН ӨТКЕНДІ…
Алпыстан асқан шағымда,
Бір сезім мені тербейсің,
Шақырсам кейде сабырға,
Көнбейсің, неге көнбейсің?

Есімнен әсте кетпедің,
Кешегі отты күндерім…
Айтатын сырым көп менің,
Айта алмай тағы жүргенім…

Найзағай ойнап сезімде,
Жаңбырдай құйған төпелеп.
Жабырқап жүрген кезімде,
Барасың қайда жетелеп?

Қиылған қара қасың да,
Тұратын көп сыр ұқтырып.
Қалмадың бірақ қасымда,
Жүрмедік бірге жұп құрып.

Жұмбақтың шешкен шешуін,
Сүюдің жолы қатал-ақ,
Кешіргін, мені кешіргін,
Жылатып алған махаббат…
08.02.2022 жыл

САҒЫНЫШ
Сені алғаш көргенімде,
Бір жұмбақ күйге ендім.
От болып өртендім де,
Ес-түзсіз сүйген едім.

Жалт еткен жанарыңнан,
Шоқ-жалын шарпып өтті.
Нұр төгіп ажарыңнан,
Өзіне ғашық етті.

Үздігіп үзілердей,
Көз алмай қарай бердім.
Жүрегім езілердей,
Жүзіңнен арай көрдім.

Көңілім алып-ұшқан,
Кұйылып шапағатың,
Жаралған сағыныштан,
Алғашкы махаббатым!..

08.02.2022 жыл.
Алматы қаласы

КЕЛМЕСЕҢ НЕГЕ АЛДАДЫҢ?..
Келмесең неге алдадың,

Сен әлде өзгердің бе?

Кездессем деп ойладым,

Нұр ойнап көздерімде.

Мен сені көре алмадым,

Көп адам арасынан.

Сол сәтін сезер ме едің,

Жүректің аласұрған?!.

Бекетте қиял қалды,

Шарқ ұрып сені іздеген.

Көңілім қия алмады,

Мен кеттім пойызбенен.

Хош енді, сен елессің,

Кездеспей кеткен бақыт.

Кінәлі сен емессің,

Кінәлі өткен уақыт….

Шымкент темір жол бекеті.

ЗЕЙНЕТКЕ ШЫҚҚАН ҚЫЗДАРҒА…

Қартайдым деп ұқпаңдар,

Зейнетке жаңа шыққандар.

Солқылдап жүрек соғып тұр,

Жастықтын туын жықпаңдар.

Төсектен ерте тұрыңдар,

Қисайған қасты жұлыңдар.

Дақ түскен бетті опалап,

Жарқырап үйден шығыңдар.

Кездесе қалса кұрдасың,

Қалжыңын айтпай тұрмас шын,

Боялған көзді төңкеріп,

Мысын да оның бір басқын.

Самалмен тарап шашыңды,

Көк белдер қайда шақырды?!

Ұмыта алмай жүрсің бе?

Алғашқы махаббатыңды?

Қондырып ұлды ұяға,

Ұшырдың қызды қияға.

«Апа» деп келсе ұрпағың,

Құшағыңа сия ма?

Сырыңды өзге ұғар ма,

Қу уақыт өтпей тұрар ма?

Қызығып сенің бейнеңе,

Күрсініп жүрсін құдаң да…

Теңіздей толқып, тербеліп,

Жадырап, жайнап гүлдендік.

Әттең-ай,тәтті сол бір шақ,

Келмейді-ау,тағы бір келіп.

Ғашық қып көпті кеткендер,

Бір жанды сүйіп өткендер.

Бақытты өмір сүріңдер,

Зейнетке аман жеткендер….

15 қаңтар, 2017 жыл.
Алматы қаласы.

 

БІР КЕЗДЕГІ  СЫНЫПТАС ҚЫЗДАРҒА


Сыры кетіп, сыны кетпей қойғандар,
Махаббатты аялаңдар, қорғандар.
Қыз қылығы қалып қойған бойында,
Әжелер-ау, сендерде не арман бар?!

«Әже»-десе, кемпірмін деп қалмаңдар,
Немереңді «анаңмын» деп алдаңдар.
Жас күніңді ұмыта алмай мұңайып,
Ғашық болып жүрген әлі шалдар бар.

Қас пен көзге бояу жағып қойғаңдар,
Әжім түссе опалаңдар, майландар.
Тек сендерге жарасады сұлулық,
Сұлу етіп жіберген ғой пайғамбар.

Төлегенін таппай мұңлы болғандар,
Ғашық жүрек от боп лаулап жанғандар.
Аяқасты Бекжанға тап болып,
Ойда-жоқта келін болып қалған бар.

Шаңырақта шуақ шашып, таң күліп,
Махаббатты шырқаңдаршы ән қылып.
Жүрекке әжім түспейді екен ешқашан,
Әдемі боп қалыңдаршы мәңгілік.

 

Ғашық боп саған қалғанмын…

Ғашық боп саған қалғанмын,
Биікте жүрсің арманым.
Қанат жоқ ұшып баруға,
Қиялмен ғана самғадым.

Ай жүзің қалды елес боп,
Алдамшы сезім емес тек.
Көк жүзін шарлап таппадым.
Жанымыз бірге емес пе ек?!

Жүрегім менің толған мұң,
Махаббат болған қорғаным.
Мен байғұс зарлап өтермін,
Естайдай сүйген Қорланын.

Құрманхан НҰРЫМБЕТОВ, Алматы қаласы. 

 

ШЫМКЕНТТЕ 30 АДАМНАН КВИ АНЫҚТАЛДЫ

Алдыңғы

ҚАЛА ӘКІМІ АЗАМАТТАРДЫ ОНЛАЙН ҚАБЫЛДАДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *