Шымкент қаласы Қызылжар шағынауданында бір ауысымда 500 науқасты қабылдай алатын үлкен, заманауи емхананың құрылысы жүріп жатыр. «Медикал центр Шұбарсу» компаниясының қаржысына салынып жатқан емхана 2023 жылдың көктем айларында пайдалануға беріледі. Бүгін Шымкент қаласы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов емхананың құрылысымен танысты.
Бүгінде Қызылжар шағынауданында 58 мың тұрғын бар. Мұндағы №9 емхананың әбден тозығы жеткен. Тұрғындар диагностикалық зерттеуден өту үшін қаланың орталығына баруға мәжбүр. Сол себепті денсаулық сақтау басқармасы мәселені шешу үшін «Медикал центр Шұбарсу» ЖШС-ін инвестор ретінде тартқан. Әзірге бұл емхана уақытша ғимаратта жұмыс істеп, тұрғындарға қызмет көрсетіп жатыр. Жаңа емхана шағынаудандағы қараусыз қалған стадионның орнына салынуда.
–Жаңа емханада тұрғындарға қажетті барлық жағдай жасалады. Ол МРТ,КТ, УДЗ секілді барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Өз зертханасы, тіпті, күндізгі стационар бөлімі де болады. Емхана ашылған кезде тұрғындар ем алу үшін басқа жаққа сабылмайды. Кейбір азаматтар жаңа емхананың стадионның орнына салынуына қарсы болғанын білесіздер. Бірақ, ол стадионда адамдардың спортпен айналысуына ешқандай жағдай жоқ болатын. «Медикал центр Шұбарсу» компаниясы өз қаражатының есебінен ескі емхананың орнына заманауи спорт кешенін салып беруді мойнына алып отыр, – деді Б.Позилов. Басқарма басшысы ендігі жерде мемлекет тек қана ірі клиникалар мен ауруханаларды ғана салатынын айтты. Ал, емханалар инвесторлардың есебінен салынып, МӘМС қоры және жан басына қаржыландыру жүйесі арқылы қаржыландырылып отырады. Сол арқылы мемлекет емхана құрылысы мен ондағы құрал-жабдықтарды сатып алуға кететін қаржыны үнемдеп, ол қаржыны медицинаның өзге бағыттарын дамытуға жұмсай алады. Қазірдің өзінде Шымкентте тұрғындарға медициналық қызмет көрсетіп отырған 44 емхананың 34-і жекеменшік емханалар.
«Шымкент келбеті» – Айдар ҚҰЛЖАНОВ.
Comments