Шымкентегі медициналық мекемелер мен қан орталығы бірнеше тәуліктен бері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қаңтардың 4-5 күндері орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде 100-ден астам азамат жарақат алған. Олардың басым бөлігі әскерилер мен құқық қорғау саласының қызметкерлері. Ұлттық ұланның бөлімше командирі Самандар Бақтиярұлы тәртіпсіздіктің алғашқы күнінде ауыр жараланған. Орталық алаңды күзетіп тұрған кезінде оң иығына оқ тиіп, қолы сынған. Сондай-ақ, ауыр соққыдан жамбас сүйегі зақымданған. Оған дер кезінде жедел медициналық көмек көрсетіліп, операция жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, қазір науқастың жағдайы жақсарып келеді. 21 жастағы бозбаланың әскери қызметке алынғанына әлі жыл да толмаған. Ол Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінде бөлімше командирі болып қызмет етеді.
— Әскери бөлімге түскен дабылға байланысты шұғыл алаңға бардық. Сол жерде қызмет атқару барысында жарақаттандым. Түнгі сағат 2 шамасында трамватикалық оқ тиген соң, ауруханаға жеткізді. Дала қалың тұман болатын, — дейді С.Бақтиярұлы.
Жаппай тәртіпсіздік кезінде 48 азамат ауруханаға жеткізілген. Жарақаттанғандардың дені 18 бен 30 жас аралығындағы азаматтар. Одан өзге 45 полиция қызметкері медициналық көмекке жүгінген. Тәртіпсіздік кезінде жарақат алған 7 науқас қаладаға ауруханалардың жан сақтау бөлімінде ем алуда.
— Науқастардың басым бөлігі ауруханаға пышақ, оқтан алған дене жарақаттарымен түскен. Түрлі ұрып-соғу салдарынан зардап шеккендер де бар, — дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов. Қақтығыс кезінде медицина қызметкерлері де соққыға жығылған. Жедел медициналық жәрдем қызметінің 7 көлігіне шабуыл жасалып, екі дәрігер жарақат алған. Олар бүгінде тиісті ем алып, үйлеріне қайтарылған.
Comments