Жаңалықтар

ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМ ӨКІЛДЕРІ ЛАҢКЕСТІК ПЕН БҰЗАҚЫЛЫҚ ӘРЕКЕТТЕРДІ ҚАТАҢ АЙЫПТАЙДЫ  

Шымкент қаласындағы үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер елімізде орын алған лаңкестік іс-әрекеттер мен жаппай бұзақылықты қатаң айыптайды. Олар Қазақстанның 30 жылдағы жетістіктерінің барлығының негізінде халықтың ынтымақ-бірлігі мен елдегі саяси-экономикалық тұрақтылық жатқанын естен шығармауға шақырады.

Содырлардың бассыздығының салдарынан бүлінген насандардың бірі – Бейбітшілік көшесінің бойындағы «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы орналасқан ғимарат. Өткен жылы осы ғимараттың төртінші қабатында үкіметтік емес ұйымдардың жұмыс істеуіне арналған Азаматтық ресурстар орталығы ашылған болатын. Өздері бас қосатын осы орынның қалай қиратылғанын көрген азаматтық қоғам өкілдері өкініштерін жасырмады.

—Дана халқымыздың «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген сөзінің дұрыстығына тағы бір рет көз жеткіздік. Өкінішке қарай, теріс пиғылды лаңкестік топ бейбіт шерушілерді арандатып, жаппай бұзақылыққа бастады. Оның салдары – өртке оранған ғимараттар, қираған автокөліктер мен жараланып, аурухананың төсегіне таңылған адамдар. Шымкент қаласының әйелдер кеңесі, жалпы аналар қауымы халықтың тыныштығын бұзып, азаматтардың өмірін қатерге тіккен бұзақылардың бұл әрекеттерін айыптайды. Бұл халқымызға сабақ болады деп ойлаймын. Біз елдің ынтымағын көздің қарашығындай сақтап, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қорғауға әрбіріміз атсалысуымыз керек, – дейді Шымкент қалалық «Әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Жандосова.

Заң үстемдігі, ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісім – Қазақстанда Тәуелсіздік кезеңінде қалыптасқан негізгі құндылықтар. Бұл құндылықтар еліміздің дамуы мен өсіп-өркендеуіне, азаматтардың ұлттық тегі мен діни наным-сеніміне қарамастан тең мүмкіндіктерге ие болуына жол ашқан. Шымкенттегі этномәдени бірлестіктердің өкілдерінің ойынша, Қазақстан халқының осынау татулығы мен береке-бірлігін бұзғысы келетін топтар, соның ішінде сыртқы күштер кешегі лаңкестік әс-әрекеттерді ұйымдастырған болуы мүмкін.

—Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізген сара саясаттың арқасында Қазақстанда Тәуелсіздік жылдарында 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері татулықта өмір сүріп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та осы саясатты сабақтастық жолымен жалғап, халқымыздың ынтымақ-бірлігін сақтауға баса мән беріп келеді. Бұл ортақ Отанымыз – Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне жол ашқан негізгі факторлардың бірі. Тіпті, тұрақтылық пен тыныштық – біздің басты байлығымыз десек те артық айтқандық емес. Республика аумағында, соның ішінде Шымкент қаласында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған лаңкестік топтар біздің сол байлығымызға нұқсан келтіруге ұмтылды. Бірақ, ол ойлары іске аспады. Алдағы уақытта біз бірлігімізді бекемдей түсіп, бұл қиындықтардың барлығын еңсеретініміз сенемін, – деді республикалық «Достық» қазақ-өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Икрамжан Хашимжанов. Айта кетейік, Шымкенттегі түрлі этнос өкілдері зақымданған ғимараттар мен нысандарды қалпына келтіру жұмыстарына бірлескен түрде қолдау көрсетуге дайын екендіктерін де жеткізді.

МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНДАРЫНА КЕЛТІРІЛГЕН ШЫҒЫН КӨЛЕМІ АНЫҚТАЛУДА

Алдыңғы

ШЫМКЕНТТІ ЕРІКТІ САҚШЫЛАР ЖАСАҒЫ КҮЗЕТУДЕ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *