2000 -жылдардың алғашқы ондығында балалар мен бастауыш сынып оқушыларына арналған қазақ тілінде түрлі-түсті ертегі кітаптар мен шағын кітапшалар жоқтың қасы еді. Кітап дүкендерінен тек ресейлік баспаханалар шығарған көздің жауын алатын кітаптарды көріп, өзім талай рет таң қалғанмын. Сол кезде «Бізде де осындай ана тілімізде кітаптар шығар ма екен?» дейтінмін іштей. Онан бері де жиырма шақты жыл өтті. Қазіргі таңда «Фолиант» және тағы басқа баспалардың балаларға арналған небір қызықты шығармалары оқырмандарына жол тартты. Міне, енді осы бір қиын да қызықты істі «Orda Generation» баспасы да қолға алыпты. Идея авторы Айбек Қуатбай, жоба жетекшісі Парасат Танен. Олар «Берке аю және кәсіп», «Orda ертегілерінің» толық жинағын, «Мың бояулы Orda» атты аудионұсқа шығарған. Осы үш кітаптың алғашқы тұсаукесері қашан да жақсылықтың жаршысы болып жүретін Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында өтті. Үшінші мегаполис әкімінің бірінші орынбасары Мұқан Шыңғыс сөз сөйлеп, баспагерлерге табыс тіледі.
-Жалпы, кітапсыз — болашағымыз бұлыңғыр.Қазақтың жас жігіттері балаларға арналған кітап щығаруды қолға алған екенсіздер. Осындай жобалардың көп болғаны жақсы. Мәселен, ресейлік «ЭКСМО» атты баспаханасы күніне үш кітап басып шығарады. Көрдіңіздер ме, ресейліктер кітап оқып жатыр. Егер оқымаса бұлай шығармас еді. Елімізге осындай жаңашылдық, заманауи бастамалар керек. Бүлдіршіндерге арнап, олардың танымын арттыратын тамаша кітаптар шығарып отыр екенсіздер. Істеріңізге сәттілік тілеймін,- деп ізгі тілегін жеткізді Шыңғыс Жұмабекұлы. Мұнан соң сөз алған «Алаш» сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері, белгілі жазушы Мархабат Байғұт баспагерлер шығарған үш кітапқа да кеңінен тоқталып, балалардың танымын арттыруға барынша көмек екенін әңгімеледі. Ал Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева Тәуелсіздіктің 30 жылында жастарымыздың шетелдерде білім алып, оны өз елімізде де пайдаланып жатқанын, соның арқасында осындай тамаша кітап шығарып отырғандарын айта келе, алдағы уақытта да елге қажетті іспен айналыса берулеріне тілек білдірді. Белгілі ақын, Константин Симонов атындағы Халықаралық, «Алаш» сыйлықтарының лауреаты Нармахан Бегалыұлы «Сіздердің бұл еңбектеріңіз, біріншіден, қоғамда белең алып кеткен «бала кітап оқымайды» дегенді сызып тастап, балаға кітап оқытуға көшіру. Бұл – бірінші құндылық, екінші құндылық –«балалар әдебиеті осалдап кетті» дегенді жоққа шығарып, бұрынғы ертегілерді қайталамай, жаңа туындыгерлер даярлап отырғандарыңыз. «Электрондық нұсқа да шығарамыз» дейсіздер, бірақ қазір интернеті дамыған елдер кітап оқуға қайтып жатыр. Интернет ағып жатқан су сияқты. Ағып жатқан суды ешкім тоқтата алмайды ғой. Бұл да сондай. Ол балаға іргелі білім бере алмайды. Сондықтан балаларға арналған кітапты көп шығаруларыңызды дұрыс деп есептеймін»,- деді. Ғалым Бегман Ысқақ та өз ойларын ортаға салып, мұның болашақ ұрпақ үшін аса пайдалы іс екенін жеткізді.
Жиынға қатысқан мектеп оқушылары Асылжан Шыңғысхан, Асыл Сайлау, Назерке Абдужаппар, Орынбасар Айдарәлі, Мұхамедәли Мұратұлы оқыған ертегілерін айтып, қызықты тұстарына тоқталды. Жоба жетекшісі Парасат Танен қатысушылардың бәріне алғыс айтып, пікірлердің өздеріне қанат бітіретініне тоқталды. Кітапхана директоры, айтыскер ақын Анар Жаппарқұлова «жастардың кітап оқымайды» дегеннің жаңсақ пікір екенін, оқушылар мен студенттердің жиі келетінін айтты. «Кітап оқудан тиылсақ,ой ойлаудан да тиылар едік» деген екен жазушы Ғабит Мүсірепов. Сол айтқандай, кітап оқу баланың ой-өрісін дамытады» деді ол.
Иә, қазақтың көркем тілі –қазақтың ертегілері мен көркем әдебиетінде. Қазір қоғам үшін басты мәселе – жастарды кітап оқуға баулу. Сондықтан да әр ұлттың әлемнен жоғалмай, өмір сүруі үшін әдебиеті әр ұлттың өзіне қажет. Осыны үлкеніміз де, кішіміз де есте ұстағанымыз ләзім.
Базаркүл ҚАЛБЫР
Comments