Тәуелсіздіктің 30 жылдығының қарсаңында Шымкент қаласындағы орталық саябақта мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің композициялық мүсіні орнатылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына қала әкімі Мұрат Әйтенов пен зиялы қауым өкілдері қатысты.
–Шымкентте күні кеше әйгілі режиссер Жұмат Шаниннің ескерткіші ашылса, бүгін мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің мүсіні орнатылды. Өзбекәлі Жәнібеков ХХ ғасырда қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін қайта түлетіп, ұлтымыздың мәдени-рухани мұрасын сақтау жолында аянбай еңбек еткен тарихи тұлғалардың бірі де бірегейі. Баршаңызды қаламыздың мәдени-рухани өміріндегі осынау елеулі оқиғамен құттықтаймын. Мемлекетіміздің маңызды тарихи белесі – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында ашылған бұл ескерткіш бүгінгі ұрпақтың ұлт азаматына көрсеткен зор құрметі деп білемін, –деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылған. Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген “Арқас” қоғамы құрылған. Ол кісі өзі тікелей араласып жүріп 17 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіштерді түгелдеп, құжаттарын ретке келтіріп, мемлекеттің қарауына қалдырыпты. Сонымен бірге “Шертер”, Адырна”, “Алтынай” және тағы басқа фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырған. Мұның барлығы Жәнібековтың қазақ этнографиясы мен фольклорлық өнеріне, жалпы мәдениетіне сіңірген еңбегінің бір парасы ғана.
Айта кетейік, салтанатты шараға Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Мархабат Байғұт, «Парасат» орденінің иегері Ханбибі Есенқарақызы, қоғам қайраткерінің ұрпақтары мен ғалымдар, тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.
Сондай-ақ, Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдығына орай Шымкент қаласының «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында» қоғам қайраткерінің өмір жолын баяндайтын «Дара» атты деректі фильмнің тұсаукесер рәсімі өтті.
Айдар ҚҰЛЖАНОВ,
Фото Серік ҚОСАЕВ.
Comments