АймақБасты ақпаратЖаңалықтарҚоғамМәдениетРуханиятТарих

МЕГАПОЛИСТІҢ ӨЗ ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ ҚҰРАСТЫРЫЛМАҚ

Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Шымкент қаласының энциклопедиясы» қамтитын мәліметтерді саралау жиыны өтті. Басқосуға Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Б.Нарымбетов, жазушы М.Әбдәкімұлы және зиялы қауым өкілдері қатысты.
— Әрбір республикалық маңызы бар қаланың тарихын, ондағы тұлғалар мен тарихи-танымдық мәліметтерді топтастырып, бүтін бір энциклопедия етіп шығару өте дұрыс бастама. Біз бұл энциклопедияға қаланың тарихын, Шымкентті басқарған және түрлі салада еңбек еткен танымал тұлғаларды, ғалымдарды, өнер адамдарын және өзге де құнды деректерді енгізуді жоспарлап отырмыз, – деді Б.Нарымбетов.
Мәслихат хатшысының айтуынша, энциклопедия қала әкімдігінің қаржыландыруымен мамыр айының соңында жарық көрмек. Ал, кітаптың тұсаукесері қала күніне жоспарланып отыр.
Энциклопедияны құрастырушы редактор, жазушы М. Әбдәкімұлы жиын барысында ұйымдастыру және редакция алқасымен таныстырып өтті. Ақылдастар алқасына Шымкент қаласы әкімі М. Әйтеновтен бастап, қаладағы басқарма, музей, архив және мәдениет ошақтарының басшылары кірген. Ал редакция алқасында осы жұмысты үйлестіріп, топтастыратын журналистер мен ғалымдар бар.
— Баршаға белгілі жыл басында «Шымкент қаласының тарихы» жарық көрген-ді. Енді энциклопедияны құрастыруға кірісіп кеттік. Жоспар бойынша энциклопедия қала тарихынан басталады. Тарихты кезең-кезеңімен берген соң, өзге мәліметтер алфавиттік негізде ұсынылмақ. Қала тарихы, оны басқарған тұлғалардың қысқаша өмірбаяны, ғалымдар, Социалистік еңбек ерлері, өнер адамдары, өндіріс орындары, мәдени ошақтар, барлығын қамтуды көздеп отырмыз. Тіпті, қаланың өркендеуіне үлес қосқан құрметті азаматтардың тізімін енгізетін боламыз, – деді М. Әбдәкімұлы.
Жиын барысында ұйымдастыру алқасының мүшелері өз салаларына қатысты ой-пікірлерін айтып, ұсыныстарын ортаға салды.

Замира Алдабергенова
ФОТО: Серік Қосаев

МЕДИАЦИЯ — МАҢЫЗДЫ ІС

Алдыңғы

«Жартас-Антитеррор-2021»

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *