АймақЖаңалықтарҚоғамСаясат

АССАМБЛЕЯ- ДОСТЫҚТЫҢ АЛТЫН ШАҢЫРАҒЫ

Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстанның қол жеткізген барлық жетістіктері мен жеңістерінің негізінде халықтың ынтымақ-бірлігі жатқаны талассыз. Этносаралық татулық пен конфессияаралық келісім, азаматтардың заң алдындағы теңдігі мен толеранттылық — қазақстандық қоғамның ең қастерлі құндылықтары болып отыр. Осынау құндылықтарды қоғамдық санаға орнықтыра түсіп, елдің ішкі бірлігі мен саяси тұрақтылықты нығайта түсуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызды рөл атқарып келе жатқаны белгілі.
Бүгінде Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамында 17 этномәдени бірлестік белсенді түрде жұмыс істеуде. Бұл мегаполисте барлық этнос өкілдерінің ұлттық ерекшеліктерін, тілі мен мәдениетін сақтауына барынша жағдай жасалғанын көрсетеді.
Соңғы жылдары ҚХА өз қызметінің ауқымын кеңейтіп, мазмұнын байытып келе жатқаны белгілі. Ендігі жерде Ассамблея тек мәдени іс-шаралар өткізумен шектелмей, Қазақстан халқын азаматтық негіздегі біртұтас ұлтқа айналдыру, ұлттық бірлікті бекемдеу, жаңа қазақстандық патриотизмді насихаттау және қайырымдылық іс-шараларды үйлестіру секілді маңызды функцияларды атқарып келеді. Ол үшін Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан түрлі қоғамдық негіздегі құрылымдар, атап айтқанда, Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі және медиация кеңесі, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, ғылыми-сарапшылық топ және журналистер мен блогерлер клубы жұмыс істеуде.
Жақында Ассамблеяның жұмысын жетілдіре түсуге септігін тигізетін тағы да бір жаңалық болды. Нақты айтар болсақ, шаһардағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимараты Түркістан облысынан Шымкент қаласының қарауына өтіп, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне берілді. Айта кетейік, «Қоғамдық келісім» мекемесі – ҚХА-ның жұмысшы органы.
Көпшіліктің есінде болса, бұл ғимаратты 2017 жылғы 27 сәуірде Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Елбасы Н.Назарбаевтың өзі ашқан болатын. Ғимараттың алдындағы «Қазақ еліне мың алғыс!» монументін сонау соғыс және депортация жылдарында тағдырдың айдауымен қазақ жеріне келген өзге этнос өкілдерін жатсынбай бауырына басып, қамқорлық көрсеткен мемлекет құраушы қазақ халқына алғыс ретінде өңірдегі этнос өкілдері орнатқан.
Айта кетейік, төрт қабаттан тұратын ғимараттың жалпы көлемі 4 454 шаршы метрді құрайды. Онда жұмыс кабинеттері, этномәдени бірлестіктердің кеңселері орналасқан. Мұнда Ассамблеяның тиімді қызмет атқаруына қажетті жақсы материалдық-техникалық база бар. 800 орындық концерт залы, заманауи студия, киім бөлмелері, дайындық залдар бар.
Сонымен қатар, қазір ғимараттың төменгі қабатында түрлі этностардың би үйірмелеріне арналған хореография залы және хор үйірмесі, көркемөнерпаздар ұйымы және тіл мектебіне арналған кабинеттер жасақталуда. Бұл өз кезегінде этностардың тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтауына мүмкіндік береді
Бүгінде қаладағы әсем ғимараттардың қатарындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимараты қала тұрғындарының көз-қуанышына айналған деуге болады. Қызығушылық танытқан кез келген азамат Достық үйіне келіп, Ассамблея қызметі, қала этностарының мәдениеті мен салт-дәстүрлері туралы мәлімет алуына болады.
Жалпы, 2021 жылдың 9 айында ҚХА санитарлық талаптарды сақтай отырып 186 іс-шара өткізді. Алдағы уақытта Ассамблея ғимаратында мазмұнды әрі мәнді істер көптеп атқарылып, бұл ғимарат Шымкент қаласындағы түрлі этнос өкілдері арасындағы диалог алаңына және достықтың алтын шаңырағына айналады деп сенеміз.

Ербол БАЙҚОНАҚОВ,
Шымкент қаласының ішкі
саясат және жастар істері
жөніндегі басқармасы
«Қоғамдық келісім»
КММ-нің басшысы.

Ғали Ормановтың 1939 жылғы күнделігі табылды  

Алдыңғы

ШЫМКЕНТТЕ VІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘКЕЛЕР ФОРУМЫ ӨТУДЕ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *