Түбі бір түркі жұртының рухани астанасы — Түркістан қаласының тарихын, әдет-ғұрпын, қазақ хандығы тұсындағы қоғамдық орнын талқылап, жүргізіліп жатқан зерттеу, зерделеу жұмыстарының нәтижесін талдап, кесене мен оның айналасында жерленген тұлғалардың қоғамдық рөлін кеңінен насихаттап, ғылыми зерттеу жұмыстарын бойынша атқарылған шараларды ортаға салуды мақсат еткен конференцияны «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев ашып берді. Ғылыми-тәжірибелік отырысқа тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар Жамбыл Артықбаев, Берекет Кәрібаев, Мұхтар Қожа, Хазіретәлі Тұрсұн, тарих ғылымдарының докторы, профессор, елбасытанушы Сейдолла Садықов, тарих ғылымдарының кандидаттары Марат Тұяқбаев, Зікірия Жандарбек, Мұрат Тастанбеков, Ләззәт Динашева, Ақмарал Сандыбаева қатысты. Конференцияда Түркістанның Оғыз тайпалары бірлестігінің тарихындағы орны, қазақ хандығы дәуіріндегі Түркістан қаласының маңызы, кесенеде жерленген тарихи тұлғалар, Шәйбәни әулетінің Түркістандық бұтағы, Молда Сейіл жазбаларындағы тарихи деректер, ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Түркістан қаласындағы білім беру жүйесі, Түркістан-генерал губернаторлығы Сырдария облысындағы Орынбор-Тәшкент темір жолының әлеуметтік-экономикалық маңызы және Түркістан қаласы Алаш қозғалыстары орталықтарының бірі болғандығы туралы баяндамалар оқылып, талқыланды. Сонымен қатар, жаңғырған Түркістан және Елбасы тақырыбында ой қозғаған ғалымдар, рухани астананың қайта өркендеген тарихи жолы жайлы пікір алмасты. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған конференцияға ұсынылған ғылыми материалдар жинақ түрінде жарық көріп, ел назарына ұсынылатын болады.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі
Comments