Әлемді жайлаған пандемия зардабы адамзаттың денсаулығына ғана емес, елдердің экономикасына да үлкен зиян әкелуде. Өндіріс орындарының жұмыстары бәсеңдеп, тауар айналымы, ішкі және сыртқы сауда саттық істерінде іркілістер орын алды. Түрлі ынтымастастық және іскерлік байланыстарға кері әсерлерін де тигізіп жатқан жағдайы бар. Мұның барлығы әрбір мемлекеттің қазына қоржынына едәуір салмақ салып жатқаны анық. Осындай қиындықтар мен ауыртпалықтарға қарамастан ҚР Президенті жыл сайынғы Жолдауда халықтың әл-ауқатын жақсарту, тұрмыс жағдайын көтеру мақсатында күн көріс деңгейін біршама арттырып, жалақыны өсіру жөнінде батыл қадамдарға барып жүргенін байқаймыз. Биыл да сондай жақсылықтың нышанын аңғардық.
Атап айтқанда, 2022-2025 жылдары бюджеттен қаржыландырылатын сала қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20 пайызға өсетін болды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айрықша атап өтті.
«2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ, бюджеттен қаржыландырылатын өзге сала азаматтары мұнан тыс қалды. Бұлар музей қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілері және басқалары. Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді», деді Мемлекет басшысы.
Демек, басқа санаттағы азаматтардың да бұл қамқорлықтан қағажу қалмайтыны қуантады.
Саттар ҚУАШБАЙ,
Шымкент қаласының Құрметті азаматы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері.
Comments