Шымкент – Қазақстанның жетекші өнеркәсіптік және экономикалық орталықтарының бірі. Мегаполис орталығында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қолайлы болмаса да, қала аумағында еттік-сүттік мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының тұрақты дамуына мүмкіндік берілген.
Ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстарды жүргізу мен мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өскен. Мәселен, 7 айда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3 пайызға артқан. Өсім негізінен мал шаруашылығындағы өндіріс көлемі 3,2% — ға, оның ішінде тірі салмақтағы ет 3,2% — ға және сүт 2,6% — ға арту есебінен болған.
Ет өнімдеріне деген сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігін қалыптастыру мақсатында қалада 7 мал бордақылау алаңы ашылды. Мұнда жалпы 3400 бас ірі қара мал бордақыланады. Бұл жобаларға 2,3 млрд. теңге инвестиция тартылып, 30 жаңа жұмыс орны құрылды. Инвестициялық жобалардың ішінде — «Наурыз» ЖШС, «Байзаков Е» ЖК, «Абдукаримов» ЖК, «Наркулов» ЖК, «Лапиев» ЖК-да мал бордақылау алаңдары жаңадан құрылған болса, «Алтынсай» мен «Асыл-жұлдыз» шаруа қожалықтары мал бордақылау алаңдарын кеңейткен. Осы жылдың жеті айында 9,8 мың тонна ет өндірілсе, жыл соңына дейін 14,6 мың тонна ет өндіру көзделуде. Есепті кезеңдері қара мал саны 80,4 мың басты, қой мен ешкі саны 92,6 мың басты, жылқы –14,1 мың бас, құс 934,7 мың басты құрады. Өткен жылғымен салыстырғанда өсім байқалады. Бұған мал өсірушілерге деген мемлекеттік қолдау шараларының артуы ықпал етті. Айта кетейік, ет бағасының өсуі өндірістің немесе мал басының жетіспеушілігіне байланысты емес. Нарықтық экономика жағдайында ауыл шаруашылығы өніміне және тауарлардың басқа түрлеріне бағаны кәсіпкерлер өндіріс, сақтау, тасымалдау кезінде жұмсаған шығындарды ескере отырып, сұраныс пен ұсыныс негізінде дербес белгілейтінін атап өту қажет. Сонымен қатар, бағаға сыртқы фактор – көрші елдер мен халықаралық нарықтардағы ұқсас өнімдер бағасының өзгеруі де әсер етеді.
Comments