Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасына қарасты «Visit Shymkent» ақпараттық орталығының бастамасымен жыл басында «30 туриске – 30 сыйлық» акциясын қолға алынған болатын. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай бастау алған іс-шара аясында қаламызға келген қонақтарға ұлттық кәдесыйлар тарту етілуде.
Шымкент теміржол вокзалы мен әуежайына келіп түскен қонақтарға мегаполистің туристік логотипіне айналған қызғалдақтар мен түрлі пішіндегі магниткалар сыйға берілуде. «Қызғалдақтың отаны – біздің өңіріміз. Сондықтан осы гүлді брендімізге айналдырып, әлем қызғалдақ арқылы Шымқаланы танып-білсе деген мақсатымыз бар. Сондай-ақ, бүкіл әлемнің туристеріне тән дәстүр – өздері саяхаттаған елдімекен бейнесіндегі кәдесыйларды жинау. Еліне қайтқан қонақтар Шымкентке қайта оралатындай әсер қалдыру мақсатында «30 туриске – 30 сыйлық» акциясын қолға алдық. Алдағы уақытта акцияға ұлттық болмысымызды айшықтайтын жергілікті кәсіпорындардың өнімдерін ұсынуды жоспарлап отырмыз, – дейді аталған ақпараттық орталықтың мамандары. «Visit Shymkent» ақпараттық орталығы Шымкенттің оң имиджін тек ел ішінде ғана емес, шетелге танытуға серпін беретін мұндай бастамаларды тұрақты ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Себебі, әр турист біз үшін маңызды деп біледі.
Comments