Шырайлы Шымкент — Қазақстанның көз тартатын көрікті шаһарларының бірі. Тамылжыған табиғатының өзіндік ерекшелігі мен сұлулығы бар, тарихы бай, шежіреге толы өңірде туризм саласындағы жұмыстар жанданып, қарқын ала түскен. Сәні мен сәулеті келіскен замануи қонақ үй кешендері көптеп бой көтерген. Қаламызда туризмді дамыту мақсатында бірнеше бағыт- бағдар қолға алынып, жүзеге асып келеді. Соның ішінде мәдени туризмді дамытуға ден қойылған. Шымкент 2020 жылы «ТМД елдерінің мәдени астанасы» болғаны да ел есінде. Экологиялық туризмге де мұнда басымдық беріліп отыр. Бұл күнде «Қошқар-ата» өзені ерекше мәдени-тарихи маңызға ие болып, киелі мекенге айналған. Соңғы жылдары саяхаттаушылар жаратылыстың мұндай ғажап көріністеріне көбірек қызығушылық танытып келіп жатыр. Қала халқы мен қонақтарына демалу үшін таптырмас көрікті орындардың бірі де бірегейі Дендросаябақ. Аумағы 100 гектардан асатын табиғи сәулетті нысан осыдан 40 жыл бұрын ашылды. Ағаштың мұнда 1200 түрі бар.
Шымкент-сан ғасырлы тарихқа бай қала. Жергілікті және шетелдік демалушылар үшін бұл мегаполистің тарихи және түрлі көне сәулет үлгілері тартымды. Шымкент қаласының тамашасына тәнті болғысы келген туристер үшін арзан бағамен қатынаудың жолы жеңілдетілген жолдары қарастырылған. Атап айтқанда «Fly Arystan» әуе компаниясымен Қостанай, Қарағанды, Өскемен және Павлодар секілді қалаларға тікелей әуе рейстері ашылып, ішкі туризмді дамыту мақсатында Шымкент қаласының әкімдігі мен аталған әуе компаниясы арасында ынтымақтастық байланыс орнаған.
Туризм саласы түрленіп келе жатқан Шымкент қаласының туризм басқармасының басшысы Олжас Шинтаев жуырда қонақ үй құрылтайшыларымен кездесу өткізіп, басқосуда маңызды мәселелер талқыланып, қаланың туристік әлеуетін жақсартуға басымдық беру жұмыстарын жандандыру қажет екені айтылды. Карантиндік режимде кәсіпкерлік нысандарының жұмысын жүйелейтін «Ашық» жобасы және ҚР заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Қос тарап өкілдері бүгінгі таңда өзекті болып отырған «Ashyq» жобасына қатысты сауалдарды ортаға салды. Кәсіпкерлерге – тиімді, тұрғындарға – қауіпсіз болып табылатын жобаны жетілдіруге қатысты пікірлерді тыңдады. «Туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы қабылданған. Соның аясында Қазақстанның туристік картасы қалыптастырылып, визасыз режім бойынша елдердің тізімі артуда. Сонымен қатар, шетелдіктерге туристік ақы төлеуді енгізу мәселесіне және туристік жарнаға байланысты енгізілген өзгерістер әлі де қоғамдық талқыны қажет етеді» — деді туризм басқармасының басшысы Олжас Маратұлы. Кездесу соңында алдағы уақытта кәсіпкерлік нысандары мен бизнес өкілдерінің бірлескен арнайы кездесулері ұйымдастырылып, шырайлы шаһардың туристік әлеуетін жақсартуға бағыт алатын жұмыстардың жалғасын таба беретіні айтылды.
Comments