ҚоғамРуханият

    «ОРДАБАСЫ ОТТАРЫНА» — 85 жыл

«Ордабасы оттарына»  — 85 жыл

             «ӨЗГЕ ЕМЕС, ӨЗІМ АЙТАМ ӨЗ ЖАЙЫМДА» 

Қазақ баспасөзі он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысы мен жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысында қалыптасқаны белгілі. «Ордабасы оттары» (алғашында «Социалистік жол», кейін «Коммунизм таңы», «Бүгінгі Бөген» ) сол жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысында Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» ретінде халыққа қызмет етуді бастаған. Басылымның 85 жылдық тарихында ауданның өткенімен қатар осында еңбек еткен журналистердің де қол таңбасы сайрап жатқаны анық. Ендеше бұл басылымда кімдер еңбек етті, «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деп ақын Қасым Аманжолов айтқандай, бұл газетпен қашаннан бері таныспын, осылар жөнінде аз-кем сыр шертпекпін.

***          ***          ***          ***          ***

«Ордабасы оттары» газетімен («Коммунизм таңы») мектеп оқушысы кезінен таныспын. Қазіргідей емес, әр үйге күн аралатып хат тасушы әкеп тұрады. Бір күні  басылым бетінде оқушылар жазған мектеп жаңалықтарының да жарияланатынын байқадым. Жетінші сыныпты бітірген жазда ауылдағы дәрігерге он күндей укол салдырдым. Сонда учаскелік емхана фельдшері Байсейт Есболовтың жұмысының қиындығын, оның жалғыз өзі науқастың ауруын анықтаушы да, емдеуші де, укол салушы да екенін көріп, бірінші рет аудандық газетке мақала жазып, хатпен жібердім. Көп ұзамай жарқ етіп шыға қалмасы бар ма?! Оқта-текте материал жазып қоямын, шығып жатады. Сонымен тоғызыншы сыныпты бітірген жылы жазда аудан орталығыТемірланға орналасқан редакцияға екі-үш мақала алып бардым. Күн далада қайнап тұр, редакция іші сап-салқын, ашық тұрған есіктерден машинкалардың тақ-тұқ еткен дауыстары ғана естіледі. Ешкім-ешкімге қарамайды. Кіммен сөйлесерімді білмей, ашық тұрған екінші есіктің тұсына келіп едім, «Кімді іздеп жүрсің?» деді жұқалау келген сары жүзді кісі. Есіктің сыртында «Слам Нұрмағанбетов, жауапты хатшы» деп жазулы тұр екен. «Материал әкеп едім» дедім ұяла. «Онда кел, кір ішке. Жазғандарыңды көрейік» деді. Бос тұрған орындыққа отырып, оқушы дәптеріне жазылған шағын мақалаларымды ұсындым. Ұмытпасам, бірі ауылдағы бұзық балалардың рогаткамен құстарды атып түсіретінін, қазір олар балапан шығарып, өсіріп жатқандықтан обал екенін жазғанмын. «Мына материалың шығады, ал қалғандарын тастап кет, сонан соң оқып көрейін» деді. Слам ағай «Жарайсың, сауатты жазады екенсің. Қай тақырыпқа болса да жазып тұр» деп мақтап шығарып салды. «Менің де сіздер секілді журналист болғым келеді» деп неге айтпадым деп іштей ойлап қоямын кетіп бара жатып. Өйткені, ағайдың очерктері де, фельетондары да сондай тартымды жазылып, үздіксіз шығып жататын. Қазақ журналистикасына көп еңбек сіңірген Слам ағай қай тақырыпқа да еркін баратын, арасында қызықты әңгіме де жазатын нағыз шығармашыл жан. Нарық экономикасы қысқанда аға өзінің жеке «Қаржы» газетін шығарып, тағы да өзгелерге үлгі болды. Пәйіз Кәдеев, Оңғар Өмірбеков, Нармахан Бегалыұлы, Бердуәлі Тұрмағанбетов, Роза Дәулетова, Сабыр Әлібеков, Нұрабай Шапатаев, Слам Нұрмағанбетов, Зұлпыхар Жүзбаев, Захардин Қыстаубайұлы, Мәжен Саханов, Сағымбек Жолбарысов, Зүпар Мүсілімов, Сарманбай Исақ, Тұңғышбай Төрегелдиев, Шаһаризада Дәнеева, Нұридін Шәмшиев, Лилия Горбащенко, Ильичбек  Мұртазаев, Өмірзақ Тасболатов, Батырбек Салиев, ағайынды Асқар, Ғалым Омархановтар, Сергей Фролов, Мұхтар Естемесов, Гүлжан Әбілдаева  және тағы басқалары осы газетте еңбек етіп, кейіннен түрлі басылымдарда қызметін жалғастырғандар. Кейін Ғалымжан Мелдешов, Дидар Бегалиев, Нұрман Ақылбеков, Әсет Әссанди, Мұрат Үкібасов та алғашқы шығармашылық жолын осында бастады. Қатегерлер, өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын  Жұбай Мұртазаева, Айгүл Баетова, Гүлайна Өтеева да газеттің қатесіз шығуына көп үлес қосты. Осы жоғарыда аттары аталған журналистердің қай-қайсысы болса да аудан экономикасы мен шаруашылығын зерттеп-зерделеп жазып, талай еңбек адамын мақтап, оларға шабыт та бергендер. Ең бастысы, олар  ешкімнің сойылын соқпай, журналистиканың адамгершілік қағидаларынан аттамай, елге адал қызмет ете білген қаламгерлер. Ол кезде аға буын өкілдерінің жазғандарын оқып, жас журналистер үлгі еттік. Өйткені олар өткір ой, батыл сын айтып, тек шындықты ту етіп жазатын еді. Соның нәтижесінде газетте бүгін сын жазылса, көп ұзамай партия жиналысында сол жіберілген кемшілік қаралып, жауап беріліп жататын.

Иә, «Ордабасы оттарында» қызмет еткен әрбір аты аталған журналистің мұнда шығармашылығы, қалыптасу кезеңі, өмірді танып-түсінуі, біір-бірімен достығы бар. Осы газетте қызмет еткен18 жылда бір топ жалынды жастар басылым  аясында Қосжан Мүсірепов атындағы әдебиет және өнер бірлестігін құрып, талай айтыстар мен мектеп оқушыларымен кездесулер ұйымдастырғанымыз тамаша күндер болып есте қалды. Бірде С.Сейфуллин атындағы орта мектеп түлегінің «Тоғызыншы сыныпта сіздермен, бірлестік мүшелерімен кездесуге қатысып отырып, осы аға-әпкелердей білімді, өнерлі болсам ғой» деп армандап едім» дегенін естіп, «Ойпырмай, біз де кей жастарға үлгі болған екенбіз ғой» деп іштей қуана толқыдым. Сол бірлестік мүшесі Әкім Ысқақ алғашқы шақырылған Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің  депутаты, тұңғыш қазақ тілінде жазылған Халықтың көші-қоны туралы заңының авторы болса, Ғалымжан Зиябек қазір «Ордабасы оттары» газетінің  Директоры- Бас редакторы, Құрманәлі Жылқыбай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, қазір басты дереккөзі ғаламтор болған ақпарат тасқыны алапат кезеңде Әсет Әссанди солардың арасынан жол тауып, өз ісіне маманданған кәсіпқой журналистің біріне айналды. Төртеуі де Ордабасы ауданының Құрметті азаматтары.

«Ордабасы оттары» қашан да өзінде еңбек жолын бастап, мол тәжірибе жинақтап, түлеп ұшқан түлектерімен мақтана алады. Солардың бірі Гауһар Қабылбекова. Әсет ағасындай ғаламторда өз оқырманы бар, нені жазса да өз ойын бүкпесіз жазатын ол Ордабасы ауданының баспасөз жөніндегі хатшылық қызметін қазір «ер түріктің бесігі атанған» облыс орталығы, түлеп жатқанТүркістан қаласында жалғастыруда.

Дәл қазіргі уақытта журналист болу оңай емес. Болған оқиғаны сол заматта әлеуметтік желіде  жариялап, резонанс тудыра алатын кезде кімнің журналист екенін айыру да қиын. Қазір танымалдылық алға шығып барады. Сондықтан қазір әншілердің көбі теледидарды жағалап, журналистің рөлінде ойнап кетті. Бірақ олар журналистер емес. Олар тек қазіргі «танымалдылық – капитал» болып тұрған сәтті  жақсы пайдалануда. Осындай қиындыққа қарамай, «Ордабасы оттары» газеті де аптасына бір рет сегіз бет болып, оқырманын аудан жаңалықтарымен сусындатып отыр. Қазір Нұридін Шәмшиев, Батырбек Салиев, Орынбай Үндемес,  Гүлмира Елбасиева, Нұрсұлтан Капсалямов, беттеуші Бақыт Үсенбаева, есепші Галипа Қайдарова ауызбіршілік таныта, мазмұнды да көркем газет шығаруда. Ғалымжан Зиябек бастаған журналистер бүгінгі күн талабына сай басылымның баспасөз клубында көпшілікке қажетті мамандардан сұхбат та алып отырады. Бұл — олардың бүгінгі заман көшіне ілесе білгенінің көрінісі.

Қиын да қызықты мамандықты таңдаған қадірлі әріптестер! Қоғамның жанашыры бола жүріп, көрген кемшілікті де сын садағына іліп, оның түзелуіне үн қатып жүрген сіздерге қаламдарыңыздан қасиет кетпесін деймін.  Журналистикаға жан қалауымен келген журналистердің қоғамның  дамуына өз үлестерін қоса беретіні айқын. Ауыр да абыройлы қызметте бәріңізге  шығармашылық табыс тілеймін.

Базаркүл ҚАЛБЫР.

КӨШ БАСТАП КЕЛЕДІ

Алдыңғы

БАҚ ӨКІЛДЕРІ АРАСЫНДА КВЕСТ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ.

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *