Түркістан қаласында «Мәдениеттер диалогы 2026» II халықаралық симпозиумы аясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Конституция аллеясының капсуласын салу рәсімі өтті. Тағылымды шара ел тәуелсіздігінің тарихына құрмет көрсету, конституциялық құндылықтарды дәріптеу және өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру мақсатындағы маңызды бастамалардың бірі болды.
Салтанатты рәсім «Астана» саябағында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер алаңы» жобасын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Шараға Конституциялық Сот Төрағасы Эльвира Азимова, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, шетелдік делегациялар өкілдері және симпозиумды ұйымдастырушылар қатысты. Халықаралық басқосу аясында өткізілген бұл рәсім Қазақстанның мемлекеттілік тарихын, тәуелсіздік мұратын және Ата Заңның қоғам өміріндегі орнын кеңінен танытуға бағытталды.
Капсула салу рәсімі – болашақта бой көтеретін аллеяның идеялық мәнін айқындайтын символдық қадам. Конституция аллеясы азаматтардың ел тарихына, мемлекеттік құрылымға және құқықтық құндылықтарға деген құрметін арттыратын қоғамдық кеңістікке айналуға тиіс. Әсіресе, Түркістан секілді тарихи әрі рухани маңызы зор қалада мұндай нысанның пайда болуы тәуелсіздік идеясын кейінгі буынға жеткізудің өзіндік үлгісі болмақ.
Рәсім барысында сөз сөйлеген Эльвира Азимова Тәуелсіздік пен Егемендік мемлекеттіліктің, халық бірлігінің және елдің дербес дамуының негізін айқындайтын іргелі конституциялық құндылықтар екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттің тұрақты дамуы мен қоғамның бірлігі елдің негізгі құқықтық қағидаттарын құрметтеуге және оларды күнделікті өмірде басшылыққа алуға байланысты.
«Бүгін Конституция аллеясына капсула салу – Тәуелсіздік тарихына деген құрметтің, конституциялық құндылықтарға бейілділіктің және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің белгісі», – деді Конституциялық Сот Төрағасы.
Сонымен қатар ол Түркістан облысының әкіміне және Түркістан қаласының басшылығына бастаманы қолдап, оны іске асыруға ықпал еткені үшін алғыс білдірді. Бұл ретте өңірдегі тарихи-мәдени мұраны сақтау мен қоғамдық маңызы бар жобаларды жүзеге асырудың елдік құндылықтарды дәріптеудегі орнына назар аударылды.
Өз кезегінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуындағы Түркістанның тарихи және рухани маңызын атап өтті. Көне шаһардың тарихы елдің бірлігі, мемлекеттілік дәстүрі және ұлттық руханиятпен тығыз байланысты. Сондықтан мұнда Конституция аллеясын құру бастамасы тарихи мұра мен қазіргі Қазақстанның даму бағытын сабақтастыратын маңызды жобалардың бірі саналады.
«Тәуелсіздік – халқымыздың басты құндылығы және мемлекеттілігіміздің негізі. Оны сақтау, нығайту және келешек ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет», – деді ол Түркістанның тарихи мұрасы мен өңірдің қазіргі дамуы арасындағы сабақтастыққа назар аудара отырып.
Жалпы, Конституция аллеясын құру бастамасы Ата Заңның қоғам өміріндегі маңызын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін айқындайтын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бекітетін және қоғамдық қатынастарды реттейтін басты құжат. Сондықтан оның қағидаттарын құрметтеу, заң талаптарын сақтау және құқықтық мәдениетті қалыптастыру әрбір азамат үшін маңызды.
Еліміздің тарихи және рухани орталықтарының бірінде Конституция аллеясын құру ұрпақтар сабақтастығының, Ата Заңға деген құрметтің және конституциялық құндылықтарға бейілділіктің символына айналуға тиіс. Бұл бастама сондай-ақ азаматтық жауапкершілікті, ұлттық бірлікті, Конституция мен құқық үстемдігі мәдениетін нығайтуға, конституциялық тарихи жадыны сақтауға және құндылықтық бағдарларды болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған.
Түркістанда қолға алынған бұл жоба тәуелсіздік кезеңіндегі маңызды құндылықтарды ұлықтап, қала тұрғындары мен қонақтарына ел тарихы мен мемлекеттілік негіздері туралы ой салатын қоғамдық орын қалыптастыруды көздейді. Ал капсула салу рәсімі осы игі бастаманың жүзеге асуына жасалған алғашқы қадам ретінде есте қалмақ.













Comments